Ертең, яғни, 21 қаңтар күні Астанада сағат 12.00-де Азамат Теңізбаевтың Қазақстанға оралуына байланысты баспасөз мәслихаты өткізіледі. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады.
2013 жылдың шілде айында Азамат Теңізбаевты таэквондодан Мексикада өткен әлем чемпионатынан қайтар жолда Лондон құқық қорғау органдары қамауға алған болатын. Оған қазақстандық таэквондошының атына Ұлыбритания азаматшасының жазған арызы себеп болған еді. Жақында 8 қаңтар күні Азамат Теңізбаев алқа билер сотымен ақталып шықты.
Ертең осы оқиғаға байланысты Қазақстан таэквондо федерациясы баспасөз мәслихаты өткізіп, журналистердің барлық сұрақтарына жауап беруді жоспарлап отыр.
Кездесуге Спорт және дене шынықтыру істері агенттігі төрағасының орынбасары Елсияр Қанағатов, Қазақстан Таэквондо (WTF) федерациясының президенті Вячеслав Ким, Азамат Теңізбаевтың өзі мен анасы Жазира Тілешова қатысады.
Баспасөз мәслихаты мына жерде өтеді. Сарыарқа даңғылы 8А, «Park inn» қонақ үйі, 2-қабат, №1 конференц-зал.
Дастан Кенжалин.
Дереккөз: Қазақстан Таэквондо федерациясының баспасөз хатшысы
Назерке Сұлтанбек.