• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Экономика 20 Тамыз, 2021

Тарифті тежеу – тұтынушыларды демеу

273 рет
көрсетілді

Жыл басында 106 табиғи монополия субъектісі тұтынушыларға арналған тарифтерді 63 пайызға көтеруді жоспарлаған еді. Алайда бұл іске Табиғи монополияларды реттеу комитеті араласып, тарифтердің өсуі айтарлықтай тежелді.

Комитет төрағасының міндетін атқарушы Асхат Жапсарбайдың айтуынша, ведомство осы жыл­дың бірінші тоқсанының соңына дейін тарифтерді тежеу үшін бірқатар шараны қол­ға алған. Атап айтқанда, уақыт­ша өтемдік тарифтерді енгізу, табиғи монополия субъекті­лерінің инвестициялық бағдарла­ма­ларының маңызды емес іс-шараларын қысқарту, тарифті саралау арқылы халыққа салынатын жүктемені төмендету жұмыстары жүргізілген. Осылайша, 2021 жылы тарифтердің өсуі орташа есеппен 0,4 пайызға тежелген.

– Жоғарыда аталған шаралар 2020 жылдан 2021 жылға көшу кезінде халық үшін тарифтердің көтерілмей, сол күйі сақталуын қам­та­масыз етуге, сондай-ақ 2021 жыл­ғы бірінші тоқсанның соңына дейін халыққа арналған тариф­тердің бір деңгейін сақтау­ға мүмкіндік берді, – деді А.Жап­сар­бай.

2019 жылы ел Президенті тариф белгілдеудің ашықтығын, тұрғын үй-ком- муналдық шаруашылық сала­сындағы табиғи монополия субъектілерінің тұтынушылардың қаражатын мақсатты пайдалануын бақылауды, сондай-ақ ком­муналдық қызметтердің тиім­ділігін арттыруды тапсырған бо­латын. Соған сәйкес арнайы шаралар кешені қабылданды.

– Табиғи монополия субъек­ті­лерінің қызметіне бақылауды күшейту мақсатында мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдармен 21 меморандум жасалды. Олардың сатып алу жұмыстарына талдау жүргізілді. «Табиғи монополиялар туралы» заңға сатып алуды жүзеге асыру рәсімдерін толығымен электронды форматқа көшіруді көздейтін түзетулер әзірленді. Тариф белгілеудің ашықтығын және халықпен кері байланысты қамтамасыз ету мақсатында табиғи монополия салаларында тарифтік реттеу мәселелері жөніндегі өңірлік комиссиялар құрылды. Коммуналдық қыз­мет­терге негізделген тариф­тер енгізілді. Нәтижесінде, тұрғындардың 27 млрд теңгесі үнемделді, – дейді Табиғи монополияларды реттеу комитеті төрағасының міндетін атқарушы.

Тұрғын үй-коммуналдық шаруа­­шылық саласының субъек­тілері 2021-2025 жылдары 966,6 млрд теңге көлеміндегі ин­вес­тициялық бағдарламаларды жү­зе­ге асырмақ. Салаға салына­тын инвестиция апаттар санын 11 пайызға төмендетуге мүм­кіндік бермек. Сондай-ақ негізгі жабдықтардың тозу көр­сет­кішін орташа есеппен 6 па­йыз­ға дейін азайтпақ. Бұдан бөлек нормативтік-техникалық шығындар 1,5 пайызға кемісе, әкімшілік-басқару және өндірістік персоналдың жалақысы 20 па­йызға дейін өседі деп күтілуде.

– Комитет табиғи моно­полия­­лар саласындағы заңна­маны бұзғаны үшін 2020 жылы 1,006 млрд теңге мөлшер­ін­де әкімшілік айыппұл сала отырып, әкім­­шілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша 412 қаулы шығарды. Оның ішінде мемлекет пайдасына 631,2 млн теңге өндірілді. 2021 жылдың бірінші жартыжылдығында 332,8 млн теңге әкімшілік айыппұл салынып, мемлекет бюджетіне 173,7 млн теңге түсті. Сондай-ақ мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру шеңберінде былтыр заң­на­мадағы бұзушылықтарды жою туралы 390 ұйғарым енгізілді. Оның 244-і орындалды. Ал осы жылдың бірінші жартыжылдығында 270 ұйғарым енгізілді, – деді А.Жапсарбай.

Осы жылдың 1 сәуірінен бастап Энер­гетика министрлігі орташа 15 пайыз­дық өсіммен 37 энергия өндіруші ұйым­ның тарифін бекіткенін білеміз. Бұл түп­кілікті тұтынушыға арналған электр­мен жабдықтау бағасына, жылумен және сумен жабдықтау тарифтеріне мульти­пликативтік әсер етті. Атап айтқанда, рес­публика бойынша электрмен жабдықтау бағасы орташа есеппен 12,5 пайызға өсті. Ал халыққа арналған бағаның өсуі орташа есеппен 10 пайызды құрады.

Сондай-ақ осы жылдың 1 шілдесінен бастап Энергетика министрлігі жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды қолдауға үстемеақы енгізді. Осыны ескере отырып, энергия өндіруші ұйымдар тарифтерін орташа есеппен 7,2 пайызға өсірді. Бұл түпкілікті тұтынушыға баратын электр энергиясының бағасын 3,5 пайызға қымбаттатуы мүмкін.