• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Медицина 20 Тамыз, 2021

Спондилодез – қымбат та қолжетімді операция

402 рет
көрсетілді

Алматыдағы Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының онколог-нейрохирургтері жоғары медициналық технологиялар арқылы атқарған бұл операцияның да жөні бөлек.

Оңтүстік шаһардағы Онкология институтына 41 жастағы науқас арқасы қатты ауырып жүргенін айтып, қаралуға келген. Жон арқасындағы ісіктің кесірінен нау­қас­т­ың жүріп-тұруы, жатуы қиындай түскен.

Бұған дейін де ол Алматыдағы түрлі ауруханаларға жүгінген, бірақ оған операцияны тек ҚазОжРҒЗИ-да ғана жасатуға болатын еді. Өйткені мұндағы медициналық технологиялар арқылы осынау күрделі операцияны жасауға мүмкіндік бар.

«Біздің көмегімізге жүгінген 1980 жылғы науқастың үшінші бел омыртқасы ісікпен зақымданып, ол компрессиялық сынуға ұласып, дерті асқынған. Ісік процесі жұлынның тамырларын қысып тастаған, бұл пациенттің жүрген кезінде қатты ауыртқан. Сол себепті науқас ақсап жүрген, кесел жанына батып, ұйық­тай алмағандықтан үнемі ауырсынуды басатын дәрі ішуге мәжбүр болған. Компьютерлік томографияда біз омыртқаның толық зардап шеккенін көрдік. Ісікті алып тастау және зақымдалған омыртқаны арнайы металл конструкцияларының көмегімен қалпына келтіру үшін хирургиялық араласу – спондилодез жасау туралы шешім қабылданды. Ісіктің өзі қатер­лі немесе қатерсіз екенін анықтау үшін гис­тологияға жіберілді», деді ҚазОжРҒЗИ нейроонкология орталығының нейро­онколог-хирургі Айдар Ысқақов.

Спондилодез – өте жоғары дәре­желі ар­найы құралдарды қолданатын жоғары тех­нологиялық операция. Хи­рургиялық ара­ласу рентген сәулесінің едәуір дозасын қолдану арқылы жүзеге асырылады. Сон­дық­тан хирургтер арнайы қорғаныс қорға­сын жабдықтарын киіп, жұмыс істейді.

«Бірінші кезеңде пациенттің осін қалпына келтіру және омыртқаның қысы­луын жою үшін транспедикулярлық бекіту жасалады. Содан кейін омырт­қа­лар­ға арнайы бұрандалар орнаты­лады, олардың арасына титан құрылы­мы бекітіледі. Мұның бәрі рентген бақы­лауы­мен, портативті рентген қондырғы­сының көмегімен жүзеге асырылады. Опе­ра­цияның ұзақтығы үш сағатқа жуық», дейді ҚазОжРҒЗИ нейроонкология ор­талығының меңгерушісі Берік Исатаев.

Қазіргі уақытта дәрігерлер науқастың жағдайы жақсы болғандықтан үйіне шығаруға дайындап жатыр екен.

Жаңалықтың жақсысы – жоғары технологиялық және қымбат тұратын спондилодез отасы Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтында осыған мұқтаж барлық пациенттер үшін қолжетімді екенін атап өткен жөн. Ол үшін емдеуге жатқызу порталы арқылы жолдама алу қажет.

 

АЛМАТЫ