Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойы аясында Алматы облысында «Жас ғалым» ғылыми-инновациялық жобалар байқауы өтіп, оған қатысқан отыздан аса жас түрлі саладағы ғылыми еңбектерін ұсынды.
Жас ғалымдар жасыл энергетиканы дамыту, білім саласына инновация енгізу, мүмкіндігі шектеулі жандардың қоғамға бейімделуін жеңілдету және басқа да бағыттарда еңбектенген. Жеңімпаздарды облыс әкімінің орынбасары Арслан Дәндібаев марапаттады. Алматы облысының жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасының мәліметіне қарағанда, «Жас ғалым» ғылыми инновациялық байқауы өңірдегі жастардың бастамаларын қолдау мен олардың ғылыми әлеуетін арттыруды мақсат етеді. Байқауда 8 үміткер дара шығып, олар 300 мыңнан 1 млн теңгеге дейін ақшалай сыйлықтармен марапатталған. Мәселен, Тимур Рақысбаев «Мектеп жасына дейінгі балаларға арналған Zerdeli bala оқыту мобильді қосымшасы» жобасын ұсынып, бас жүлдеге ие болса, Сүлеймен Демирел атындағы университеттің компьютер ғылымдары мамандығы бойынша PhD докторлығы бойынша білім алушы Аймөлдір Алдабергеннің жобасы инклюзивті білім беру ұйымдарының жұмысын жеңілдетуге арналған. Идея иесі дислекциясы бар балаларға арналған жасанды интеллектке негізделген анимациялық генератор алгоритмін құру туралы жобаға кірісу жайындағы ой алғаш докторантурада оқи бастағанда келгенін айтады.
– Қазақстанда дислекциясы бар балаларды тәрбиелейтін 19 мектеп бар. Мен жобаға кірісер алдында сол мектептермен байланысып, сала мамандарының ой-пікірлерін тыңдадым. Олар мұндай жобаның қажет екенін айтты. Қазір педагогтер балаларға мәтіндерді сурет арқылы ұғындыру үшін оны пластилиннен жасап көрсетеді. Бұл едәуір уақытты алады және шығынды дейді мамандар. Ал менің жобамда мәтін бойынша суреттерді анимация арқылы жылдам көрсетуге мүмкіндік бар, – дейді жас ғалым А.Алдаберген.
Сондай-ақ бұл байқауда «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпазы Дамир Нұркежанов Future-IT роботтехника мектебі», Талдықорған жоғары политехникалық колледжінің студенті Жігер Берліғожа Eko Green, С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің студенті Гүлім Серғалы «Мүмкіндік», С. Демирел атындағы университеттен Қамар Бегайым «Қазақстанның ЖОО-да оқуға арналған гранттарды талдау», І.Жансүгіров университетінің жанындағы колледж студенті Сапар Сұлтан «Энергия өндіретін инновациялық тақтайша», Юлия Лим «Жастар мен мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған «Потенциал» уақыт клубы» жобаларымен үздіктер қатарынан көрінді.
Алматы облысы