Жаңа оқу жылы жақындап келеді. Өткен жылдың біраз бөлігі қазіргі жағдайға байланысты қашықтан оқытумен өтті. Бүгінде білім күніне орай, барлық жерде дайындық қызу. Ал Жамбыл облысында санаулы күндерден соң басталатын жаңа оқу жылына дайындық қалай?
Облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Жәмилә Бекбатырованың айтуынша, жаңа оқу жылында өңірдегі 442 мектепке 240 мыңнан аса оқушы барады. Бірінші сыныпқа болжаммен 22 мың 327 оқушы келеді деп күтілуде. Мектеп мұғалімдерінің 98,6 пайызы коронавирусқа қарсы екпе салдырған. Сонымен қатар білім басқармасының өкілі жаңа оқу жылына оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендерді және қосымша оқу құралдарын сатып алу үшін 3,1 млрд теңге бөлінгенін де айтты.
«Жаңа оқу жылында оқушылар оқулықтармен 100 пайыз қамтамасыз етіледі деп жоспарлануда. Бүгінде оқулықтарды баспадан тасымалдау жұмыстары жүргізілуде. Ал облыс мектептері оқу үдерісінде пайдаланатын жұмыс қалпындағы 52 мың 797 дана компьютермен жабдықталған», дейді Ж.Бекбатырова.
Бұл ақпаратқа қарап өңірдегі білім ошақтарының жаңа оқу жылына дайындығы жақсы екенін көруге болады. Алайда аймақта апатты және үш ауысымды мектептердің мәселесі әлі күнге дейін өзекті болып отыр. Жыл сайын жұмыс жүргізілгенімен, өңірдегі бұл мәселе толық шешілген жоқ.
Жалпы, облыста қазіргі кезде 3 апатты, 6 үш ауысымды және 6 орын тапшылығы бар мектептер бар. Аталған мектептер Тараз қаласы мен Қордай, Шу аудандарында орналасқан. Дегенмен биыл өңірде 10 жаңа білім ошағы пайдалануға беріледі деп жоспарланыпты. Oның ішінде құрылыс есебінен 8, жекеменшік мектептер ашу есебінен 2 мектеп бар. Алайда өңірде мектеп салу, мектептерді күрделі жөндеуден өткізу мәселесіне келгенде жауапты мекемелер сынның астында қалып отыр. Бірқатар білім ошағында жұмыс баяу. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев та жуырда облыстық білім басқармасының басшылығын сынға алған болатын. Мәселен, Қордай ауданы, Күнбатыс ауылындағы апатты мектептің орнына салынып жатқан 150 орындық мектептің құрылысына қатысты мәселе көтерілген. Жұмысты баяу жүргізіп келе жатқан мердігер компанияның аталған нысанды жаңа оқу жылына дейін тапсыра алмауы мүмкін екені айтылған. Дегенмен олар қыркүйек айына дейін тапсыратынын айтып, сендіруде. Мұндай мәселе Тараз қаласында да бар.
«Бүгінгі таңда 2 мектептің күрделі жөндеу жұмыстары толық аяқталды. 1 қыркүйекке дейін 9 мектептің күрделі жөндеу жұмыстары аяқталады. Ал 4 мектептегі күрделі жөндеу жұмыстары осы жылдың соңына дейін аяқталады деп күтілуде. Бұл жұмыс мектептерде оқу процесі оқушыларды жақын орналасқан мектептерде немесе әкімшілік ғимараттарында оқыту арқылы ұйымдастырылады», дейді Ж.Бекбатырова.
Ал Жамбыл облысы бойынша білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы Дәмеш Өскембаева биылғы маусым-шілде айларында еліміздің Білім және ғылым министрінің тапсырмасына сәйкес, мемлекеттік жалпы білім беретін мектептерде кешенді мониторинг жүргізілгенін, оған облыстағы барлық 442 мектеп қамтылғанын жеткізді.
«Мониторинг қорытындысы бойынша бірқатар мәселе анықталған. Атап айтқанда, мектептердегі асханалардың, спорт залдарының, пән кабинеттері мен лабораториялардың жетіспеуі сияқты мәселелер бар. Бұл бойынша Білім және ғылым министрлігіне, облыс әкімдігі мен білім басқармасына талдамалық ақпараттар жолданды. Сондай-ақ анықталған мәселелер бойынша білім бөлімдеріне нақты тапсырмалар берілді», дейді ол.
Сонымен қатар бүгінде облыс бойынша 9 мектепте құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Оның ішінде Тараз қаласындағы №2, №16, №22 және «Шалғай Қарасу» алабында орналасқан орта мектептер, Байзақ ауданындағы Бурыл және Үлгілі орта мектептері, Қордай ауданындағы Масаншы, Күнбатыс және Қалғұты орта мектептері бар. Ал 4 мектептің құрылысы жаңа оқу жылына дейін аяқталып, пайдалануға беріледі деп жоспарланған.
Жамбыл облысы