Интернет кеңістігі арқылы терроризм, діни экстремизм, деструктивті діни ағымдар идеологиясы кең етек жайып тұрғаны белгілі. Әсіресе, жастардың арасында жат ағымға жармаса кететіндер бары көңілге кірбің ұялатады. Осындай келеңсіздіктің алдын алу мақсатында Алматы облысында ықпалды істер атқарылу үстінде.
Бүгінде Жетісу өңірінде бұл жұмыс 3 бағыт бойынша жүргізілуде. Бірінші бағыт – әлеуметтік желідегі парақшалар мен YouTube каналында қарсы насихат, ақпараттық түсіндіру жұмыстарын жүргізу болса, келесісі – деструктивті сипаттағы контент қолданушыларымен байланыс. Ал үшінші бағыт – «Киберқадағалау» жүйесі арқылы заңға қайшы, деструктивті сипаты бар контенттерді бұғаттау.
Бұл бағытта облыстың Дін істері басқармасының және оған қарасты құрылымдық орталықтардың Facebook, Vkontakte, Instagram, әлеуметтік желілеріндегі «Дін істері орталығы», dinisteri_almobl және 17 аудан, 3 қаладағы мамандардың ресми парақшаларында Үou tube каналдарында жыл басынан 8800 материал жарияланған. Оның 495-і мақала, 855-і бейнебаян, 183-і демотиватор, 7265-і ақпараттық материал.
Облыстық Дін істері басқармасының басшысы Бауыржан Ниеттің айтуынша, жыл басынан облыстық «Жетісу» телеарнасы алаңында «Нұр-Мүбәрак» университеті жанындағы «Экстремизмге қарсы іс-қимыл орталығының» директоры Тимур Нүсіпханұлының жүргізуімен «Бүгінгі дін» авторлық рухани-танымдық бағдарламасы түсіріліп, көрсетілуде. Бүгінге дейін аталған бағдарламаға сұхбатқа «Нұр-Мүбәрак» университетінің проректоры Қ.Құрманбаев, Әбу Ханифа ғылыми-зерттеу орталығының зертеуші-ғалымы А.Әділбаев, Философия ғылымдарының кандидаты, доцент Ж.Сандыбаев, Нұр-Мүбарак ЕИМУ-нің оқытушысы, Исламтану ғылымынан PhD Асқар Әкімханов, бұрынғы Бас мүфти Рәтбек қажы Нысанбайұлы сынды дін саласының қайраткерлері шақырылған.
Сондай-ақ құрылымдық орталықтың жеке студиясында бекітілген жоспарға сәйкес «Нұр-Мүбәрак» университетінің ұстаздарын, профессорлық құрамын, РАТТ мүшелерін «Дінсақшы» бағдарламасына тарта отырып түрлі тақырыптарды қамтыған 26 түсірілім жүргізіліп, әлеуметтік желілердегі парақшаларға жүктелген. Үш жыл қатарынан өңірге белгілі журналист Жұмахмет Жайлаубайдың жеке авторлық жұмысы аясында «Ғибрат» бағдарламасы тұрақты жұмыс істеп келеді. Аталған бағдарламаға сәйкес 11 тақырыптық түсірілім жасалып, барлық ресми парақшалар арқылы тұрғындар назарына ұсынылуда.
Басқарма тарапынан өз меншігіндегі 2416 кітап қоры бар жеке кітапхананы Bookscan модулі арқылы онлайн форматта оқырманға ұсыну жұмыстары жүргізілуде.
Жүргізілген мониторинг жұмыстарының нәтижесінде Instagram әлеуметтік желісінде теріс діни ағымдардың идеологиясына қызығушылық танытқан 38 581 ғаламтор тіркелушісі анықталды. Ал «ВКонтакте» әлеуметтік желісінде дәл осындай топтарға тіркелген 32 217 адам 2020 жылдың басында анықталған болса, жүргізілген жұмыс нәтижесінде бүгінгі күні олардың саны 15 416 адамға, яғни 52,3% дейін азайды.
– «ВКонтакте» әлеуметтік желісіндегі жеке парақшаларда деструктивті діни ағым идеологиясын белсенді түрде насихаттағаны үшін облыстың 4 азаматына Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 453 бабы, 2 тармағын бұзу фактілері бойынша 20 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде жалпы соммасы 232 000 тенге айыпұл салынды. Бұдан бөлек, басқарма тарапынан тағы 7 азаматтың жеке парақшасы бақылауға алынып, тиісті сараптама қорытындысын алу мақсатында Дін істері комитетіне құжаттар жолданды. Сараптама қорытындысына сай әкімшілік іс қозғау көзделуде, – дейді Бауыржан Ниет.
Бүгінгі күнге дейін, «Киберқадағалау» жүйесі арқылы мамандар тарапынан әлеуметтік желілердегі теріс идеологияны насихаттаушы 7869 материал мен сілтеме анықталып, сараптамаға жіберілген. «Киберқадағалау» жүйесіне сілтеме жүктеу қарқыны бойынша Алматы облысы Дін істері басқармасы республика бойынша жақсы көрсеткішке қол жеткізіп отыр.