Алматыда Алаш арысы Ілияс Жансүгіровтың ұлы Саят Жансүгіров 91 жасында дүниеден өтті. Бұл туралы әлеуметтік желіде алаштанушы Елдос Тоқтарбай жазды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Техника ғылымдарының кандидаты Саят Жансүгіров 1930 жылы 21 ақпанда дүниеге келген. Мәскеуде білім алып, зейнеткерлікке шыққанша тау-кен инженері болып жұмыс істеді. Қазақ ССР Ғылымдар академиясының тау-кен ісі институтында біраз уақыт еңбек етті.
Ілияс Жансүгіровтың тұңғышы 8 жасында әкесінен айырылған, анасы Фатима да көп ұзамай көз жұмады.
«Жастайымнан ағайын-туыс, үйге келетін адамдардың бәрі әкеңе ұқсайсың деп айтатын. Мектепте, кейін Мәскеудегі Тау-кен университетінде орысша оқыдым. Жұмыста да өңшең орыстардың арасында болдым. Алайда, тілімді сақтадым. Қазір әкем туралы мақала жазып тұрамын. Әкемнің өз кіндігінен тараған ұрпақтарына келетін болсақ, үшінші әйелі Фатима Төребаевадан мен және кішкентай кезінде шетінеп кеткен Сайра есімді қарындасым екеуміз. Ал, төртінші әйелі Фатима Ғабитовадан Үміт, Ильфа есімді екі қыз, Болат есімді бір ұлы бар. Ильфа мен Болат бұл күнде бақилық болды. Өзіме келсем, Жамал, Ризеда есімді екі қызым бар. Жамал Мәскеуде, Ризеда Хорватияда тұрады», деген ол сұхбаттарының бірінде.