• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қоғам 26 Тамыз, 2021

Орман дәрігері

545 рет
көрсетілді

Жас ғалым Екатерина Вибе «Қазақстанның 100 жаңа есімі» байқауына «Экология» аталымы бойынша өтінім беріп, соңғы кезде бар ынта-ықыласымен жүзе­ге асырған жобалары туралы әңгімелеген болатын. Қазы­лар алқасы, әсіресе, Арал теңізінің тағдыры туралы айт­қан кесімді пікірлерін ескерген. Нәтижесінде, ол жүзден жүйрік атанып, байқауда бағы жанды.

Көзін ашқалы көргені – көгілжім мұнар жабылған жасыл орман. Мәңгі жасыл қарағайлар мен қолдың саласындай ақ қайыңдар. Ұйыса біткен тал-терек. Жанына соншалықты жақын, өзгеше сүйкімді әлем. Байыбына бармай, сырттай қарап сұқтанған жанға бақыттың құшағына бөленіп, балбырап тұрғандай әсер етер еді. Ал тынысын жаза баспай аңғарып, түйсігіңмен таразылайтын болсаң, оның да өз сыры, өз мұңы жетерлік. Діңіне жабысқан дерттен аза бойы қаза болып, талмаусырайтын тұсы да аз емес. Жас ғалымның түн ұйқысын төрт бөліп, тылсым ойдың құшағына бөлейтін жайт та осы.

Екатерина Солтүстік Қазақстан облысында дүниеге келгенімен, алты жасынан Бурабай баурайындағы жасыл желекке бөленген Щучинск қаласында тұрады.

–Табиғат менің өмірімнің бір бөл­шегі, – дейді жас ғалым. – Әр күн са­йын тілдесіп, жағдайын жан-дүниемдегі сүзгіден өткізбесем, бой жазып серпіле алмаймын. Алысқа шықсам аңсарым да, сағынарым да осы топырақ, көрген жанның көзін сүйсінтетін көркем табиғат. Бала жасымнан жанымды баураған мамандықты игеру үшін еліміздегі ең көне оқу орындарының бірі – Экология және орман шаруашылығы колледжіне оқуға түстім. Жүздеген, бәлкім, мыңдаған табиғат жанашырларын баулыған білім ошағы бүгінгі күні Экология және туризм, орман шаруашылығы жоғары колледжі деп аталады. Колледжді үздік тәмамдаған соң Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінде экология мамандығы бойынша білім алдым. Жоғары оқу орнында сырттай оқыдым да, Көкшетау орман селекция­сы орталығында жұмыс істедім.

Екатерина бакалавр атанған соң Ә.Н.Бөкейхан атындағы қазақ орман шаруашылығы және агроорманмелио­рация ғылыми-зерттеу институтында білімін толықтыра түсті. Алдағы болашақтың берік байламы да осы жерде жасалды.

– Ғылыми-зерттеу институтының ұжымымен бірден тіл табысып кеттім, – дейді жас ғалым. – Білікті адамдармен бірлесе жұмыс істеудің сәті түсті. Үйренгенім аз болған жоқ. Орман ғылымының бастауында тұрған, оны қорғауға, өсіріп-өркендетуге өлшеусіз үлес қосқан марқұм Владимир Каверин тәрізді кесек тұлғаларды көзім көрді.

Екатерина өзінің ғылыми жетекшісі Ольга Телегинаны да ерекше ілтипатпен еске алады. Екі ғалым бірлесе отырып, Қазақ­станның солтүстік өңіріндегі қара­ғайлы және қайыңды ормандар­ды зиянкестерден арылту ісімен шұғыл­данған.

Орман – тірі организм. Ағзасына зиян келтіретін зиянкестер аз емес. Егер дер кезінде алдын алмаса, ондаған жыл бойы сыптығырдай сұлу діңі күнге ұмтылып, күлім қаққан қарағай да, жасыл желегі самал желмен тербелген ақ қайың да аз уақыттың ішінде қурап қалары сөзсіз. Жұқпалы ауру орман шетіне іліксе, тұтас алқап аз уақыттың ішінде құлазыған қу далаға айналады. Міне, зиянкестермен күрестің керек жері осы. Ал ол күресті ғылыми негіздеп, ағаштарды сырқатынан арылту – кәдімгі дәрігердің еңбегі тәрізді алапат төзімділікті, асқан біліктілікті қажет ететін қызмет. «Орман дәрігері» десек, жарасар.

Жұмыстан қол үзбей, білім айдынына құлаш ұрған жас ғалым Омбы мемлекеттік педагогикалық универ­сите­тінің магистратурасын, Орал мем­лекеттік университетінің аспирантурасын аяқтады. 2018 жылдың мамыр айын­­да ауыл шаруашылығы ғылы­мының кандидаттығын қорғаса, арада бір жыл өткеннен кейін «Орман ресурс­тары және орманшылық» мамандығы бойынша ғылым докторы атанды.

Үстіміздегі жылы ғылыми-зерттеу инс­ти­туты орман шаруашылығы меке­мелері мамандарының білімін же­тіл­діру бағытында тақырыптық оқу әдістемелері мен білім бағдарламасын түзді. Бағдарламада орманды қорғау, оның өзіндік ерекшеліктері, орманды ой­сы­ратып түсіретін зиянкестердің не­гізгі түрлері мен оларды жою қамтыл­ған. Бұл тиімділігі зор бағдарла­маны жас ғалым түзіп шықты.

Өміріндегі ең бір сәтімен сабақталған кезеңді орман зиянкестерімен кешенді күреске арналған халықаралық семи­нарға қатысуы деп есептейді. Осы ал­­қалы жиыннан кейін жас ғалымға шет­ел­дегі әріптестері де назар аудара бастады. Қияндағы Кореядан шақыру келді.

– Орманның ішіне кіріп барғанда қай ағаштың сау, қай ағаштың ауырып тұрғанын жаза баспай танимын. Орман ғылымы – шет-шегі жоқ дүние. Мен осы салада өзімнің бар қабілетімді сарқа жұмсап, қызмет еткім келеді, – дейді Екатерина.

Өмірлік мақсат-мұраты – ел экологиясын жақсарту болып отырған ел­гезек қыздың алдына қойған жос­пары асқаралы. Жас ғалымның айтуын­ша, алаң­дайтын тұс аз емес. Арал мен Бал­қаш, Каспий тәрізді көк айдындар жыл са­йын тартылып барады. Таяуда ғана Қызыл­ордадан оралыпты. Осы өлкедегі өсім­дік әлемін зерттеген. Табиғаттың төл бей­несін сақтау үшін, ең алдымен, сек­сеуіл алқаптарын көбейткен жөн деп есепт­ейді. Ал сол сек­сеуілді зиянкестерден қорғаудың өзі ке­шенді шара­лар­ды қажет етеді екен. Ға­лымдар зиян­кес­терден сау қалған сек­сеуіл алқап­тарын зерттеп, алдағы уақыт­та оларды барынша көбейтуге назар аударуда. Жас ғалымның пікірінше, бұл жер­гі­лікті жердегі экология мәсе­лесін ай­тар­­лықтай жақсартуға септігін тигізбек.

Екатеринаның ғылым жолындағы табандылығы тәнті етеді. «Тау басынан құдық қазғанмен бірдей» деп сипатталатын ғылым жолындағы еңбегі жастарға әбден үлгі боларлық. Он бір жыл ішінде қарапайым зертхана қыз­меткерінен бөлім меңгерушісіне дейін көтерілген, алпыстан астам ғылы­ми мақала жазып, халықаралық және рес­публикалық жобаларды жүзеге асы­рып келе жатқан талпынысы кімді болсын тәнті етерліктей.

Ол өз замандастары тәрізді өтпелі ке­зең­нің өкпек желі ұйытқып тұрған уа­­қыт­та бой түзеген. Білім ошағы, әр­түр­­­лі үйір­мелер. Ғылым жолына бас­тар ал­­дын­дағы соны соқпақ. Осы бір ұзақ та азап­ты жолда қолтығынан де­мей­тін, көз­­ге көрінбейтін демеушісі бар­дай сезі­­неді өзін. Әуелгі бетте аңғар­маған. Ке­­йін түйсінді. Туған жер­дің табиға­ты­на деген перзенттік сүйіс­пеншілік екен ғой.

 

Ақмола облысы