• RUB:
    5.52
  • USD:
    475.62
  • EUR:
    519.23
Басты сайтқа өту
Қоғам 27 Тамыз, 2021

Журналистік ерлік

260 рет
көрсетілді

Жақында бас басылым – «Егеменде» белгілі ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Серік Ақсұңқардың «Ер есімі неге ұмытылып барады?» мақаласы жарияланды (23.06.21). Үлкен журналист, қайраткер азамат Нұрмахан Оразбек туралы. Бұл мақала оқырмандардың бәріне де ой салған шығар-ау, ал сол ерекше тұлғамен жақын араласқан біздерге айрықша әсер етті.

Серік ақын КСРО дейтін тас­қа­малдай алып державаның қабырғасы сөгіліп, ертең егемендік дейтін асыл арманымызға қолымыз жетер-ау деген үмітпен жүрген кезде, 1991 жыл­дың тамызындағы бүлік басталғанда Нұрмахан ағасының қандай ерлік жасағанын баяндап, өз ұсынысын ортаға салған.

Биыл Тәуелсіздігімізге 30 жыл толады. Ол бізге оңай келген жоқ. Талай қиындықты бастан кештік. Осы жолда талайлар бастарын бәй­геге тікті. Басқалар жасай алмай­тын қадамдарға барды. Соны баға­лауымыз керек. Бұл ұрпаққа да өнеге болар еді.

«Ол сол кезде қазақ өз алдына, аузы дуалы орыс журналистикасы да айта алмаған сөзді айтқан! Бірақ оны өзінің қазағы да, ойы озық демократияшыл орыс көршісі де түсінген жоқ... Ол кезде ақылымыз алтау, ойымыз жетеу болған шығар? Содан бері 30 жыл өтті. Есімізді әлі жиған жоқпыз ба?» деп жазады Серік ақын.

Тағдыр шығар, біз үш азамат: Нұрмахан Оразбек, ақын Сәкен Има­насов және мен жиі араластық. Нұрекеңнің бізден жарты жылдай үлкендігі болды. Содан да оны аға тұттық. Оны «батыр қазақ» дейтінбіз.

Әңгімемізге көбіне сол тамыз бү­лігіне қатысты оқиға арқау болатын. Өзі де көп жайды айтып берді ғой, сөйтсе де ақырында: «Осы­ны сұрайтындар көп, бір мақала жаз­ғаным жөн-ау» дегенге тоқтаған. Сол «Алмағайып заманда адаспасақ деп едік» деген мақала «Егемен Қа­зақстанда» жарияланған.

«Орталық Қазақстанның» редакторы Нұрмахан Оразбек – тәртіп­тің адамы. Газет материалдарын таңер­тең сағат 11-12-ге дейін оқитын. Ол кезде редакция қызметкерлері аса бір қажеттілік туып жатпаса, өзін мазаламайды. Тәртіп солай. Сол күні, яғни 1991 жылдың 19 тамызы күні сол тәртіпті газеттің бөлім меңгерушісі Марал Хасенов бұзды. Бастығының ұнатпағанын аңғарып, «Мәскеуде бірдеңе болып жатқан сияқты» дегенді айтты. Радионы қосқан. Сайрап тұр. КСРО Жоғарғы Кеңесінің төрағасы Лукьяновтың мәлімдемесін, КСРО вице-президенті Г.Янаевтың жар­лығын, елдің Төтенше жағдай жө­ніндегі мемлекеттік комитетінің үндеуін диктофонға жазып алды.

«Заматта аласапыран ойлар қап­тады, «бұл соңғы жылдардағы өзге­рістерге қарсы жасалған төңкеріс» деген байлам бірден келді», дей­ді Нұрекең. Ол орыс әріптесі, «Ин­дустриальная Караганда» газе­тінің бас редакторы Эдуард Широко­бо­ро­довқа кіріп, «мынаған бірдеңе деу керек-ау» дегенді айтты. Ал ол: «Біз не айтамыз?» дейді шарасыздық білдіріп, қорғалақтап. Обкомға айта алмайсың. Оларда пікір жоқ. Жоғарыға қарайды. Енді бар әңгіме өзіне тіреліп тұр.

Сағат 12-де қызметкерлер лезде­меге жиналды. Редактор өзі ғана қыс­қа сөйледі: «Сұмдық оқиғалар болып жатыр, халыққа оның ақ-қарасын түсіндіру – бізге міндет. Лукьяновтың мәлімдемесін, Төтен­ше комитеттің үндеуін нөмірге бер­мейміз. Янаевтың жарлығын ғана жариялаймыз, басқасы өзіміздің материал болады, бірінші беттен орын қалдырыңдар», деді редактор. Сөйтті де, қызметкерлер шығып кет­кен соң, есікті іштен бекітіп, үс­телге отырды. Біраз ойдан кейін «Жек­сенбіден дүйсенбіге қараған түні Кеңес Одағында төңкеріс жасалды» деген сөйлем жазылды. Бұл га­зетшілер тілінде «шәпкі», жалпы та­қырып. Сонан соң «Иә, бұл – төң­керіс» деген тақырып. Одан әрі, Нұрекеңнің өзі айтқандай «қаламның қуаты біледі».

Осылайша, Қазақстанда ғана емес-ау, бүкіл КСРО дейтін елде еш­кім айта алмаған ойларға құрылған ма­қала дүниеге келді. «Иә, бұл – төң­керіс» деп аталды. Ертеңінде «Орталық Қазақстан» газетінде жа­­­рық көрді. Оны қазір толық қай­­­­талап көшіріп жазудың реті жоқ, кейбір үзінділерін келтірумен шектелейік: «...Иә, көреген сарапшылар әлдеқашан айтқан диктатура қатері іс жүзіне айналды. Заңды сайланған президенттің денсаулығы кенеттен нашарлап, елді басқара алмайтын жағдайға жетті деген қып-қызыл өтірікке сене қоятын ақымақ бүгінде... табыла қоймас.

Иә, бұл қып-қызыл төңкеріс. Оған кеңес басшылары атынан жа­рия­ланған мәлімдемелерге кімдердің қол қойғанын байқасаңыз да көз же­теді (тізім келтірілген).

Иә, бұл төңкеріс. Және ол, ең алды­мен, «Егемен мемлекеттер Одағы туралы шартқа» қарсы бағытталған...төңкеріс қалыптаса басталған демо­кратияға қарсы жасалған...

Төңкеріс жасаушылар «Консти­туцияны сақтауға» сілтеме жасайды. Бірақ олардың өздері Конституцияны тәрк етіп отыр... Олардың күні ертең тарихтың «қара тақтасына» жазылатынына ешқандай күмән болмаса керек. Жоғарыдағы хабарлар беріліп болған соң, радио мен теледидардан әдеттегі хабарлар, көңілді музыка беріліп жатты. Жоқ, бұл күні қаралы, азалы музы­ка берілуі керек еді. Өйткені бұл – біз­дің елде демократия жерленген күн».

Алғашында мақаланы осылай аяқ­тап, теруге жіберген. Оны қай­та оқып отырып, ойға келді. Сол төңкерісшілер біржола билікке ке­лер болса, ешкімді аямайтыны анық. Өзін қойшы, мынау газеттегі қыз­меткерлеріне зияны тиіп кетпей ме деген ой редакторды қажай берген. Материалды қайта алдырып, оған мынадай мәтін қосты: «Соңғы айтарым: бұл – асығыс жазба қайғылы хабардан туған алғашқы әсер. Жеке пікірім. Ертең төтенше жағдай деген желеумен қара түнек күндер туа қалса, редакция коллективінің басқа бірде-бір мүшесін айыптамауды өтінемін».

Бұл – нағыз басын бәйгеге тігу еді. Мұны редактордың өзі де, бас­қалар да ұқты. Олар редакторды райы­нан қайтаруға біраз әрекет жа­сады, бірақ Нұрмахан райынан қайтқан жоқ. Сол тамыз бүлігіне қатысты «Орта­лық Қазақстан» тағы да төрт мақала жариялады. Бүлікті айыптап. Елдегі барлық билік орындары не істерін білмей, басқаларға жөн-жосық та айта алмай қалған кезде, әліптің аяғын бағып, ресми материалдармен шек­телген көп газет кейін бүлік басылған соң, оны ғайбаттап көп шулады. Сонда сол тамыз бүлігін алдын ала айыптаған бір басылым не бір журналист Ресейде де болған жоқ. Сондай біреулер табылғанда оны қазір пайғамбарға теңеп, қалай марапаттар еді! Ондай адам тек Қазақстаннан шықты. Ол облыстық газеттің редакторы Нұрмахан Оразбек еді...

Кейін бұл тақырып талай рет әңгі­мемізге арқау болды.

– Бұл қадамға қалай бардыңыз? – дейміз ғой. – Аналар билікке келсе, бас кететін жайт ғой.

– Әй, Сәкен, басқаны қайдам, мұндай қадамға сен барар едің ғой... «Ар алдында мен өзімді әрдайым, Дар ал­дында тұрғандай-ақ сезінем» де­ген сөзді айтқан сенсің. Редактор бол­ға­ныңда, барар едің. Ал мына Ма­ма­дияр «Жетісуда» редактор ке­зінде Желтоқсан оқиғасына қатыс­қан­дардың қасқайып тұрған су­ретін ба­сып, жазаға ұшырады: партия­дан қуы­лып, облыстық газет редак­тор­лы­ғынан аудандық газеттің коррек­торлығына дейін домалады. Шынын айтсам, сол мақаланы жазып отырып, Желтоқсан оқиғасына байланысты мы­на Мамадиярмен бірге өзімнің кере­мет сыйлайтын ру­хани ағам, бас­тығым, КазТАГ-тың директоры болған Жұмағали Ысмағұловтың Орталық Комитеттің бюросында жұмыстан қуыл­ғанын да есіме алғам. Солардан менің жаным артық па дегенмін.

– Енді, Нұреке, біз ондай қадамға аяғы солай боларын білмей бардық, ал сіз біліп бардыңыз, – деп мен сөзге араластым. – Екеуі екі басқа...

– Әй, осы мені мақтай берген­деріңді қойыңдаршы, – деді Нұр­махан ағамыз қабақ шытып.

Осы жерде айтатын бір жайт: ол жалпы өзі туралы мақтаңқырап айтқанға әжептәуір қысылып, әңгі­мені әзілге бұрып, «мұны менің орнымда басқа да жасар еді ғой» дегенге тірейтін. Ал басқа ешкім жасай алмаған тамыз бүлігіне қатысты әрекеті сияқты жайлар Нұрмахан ағамыздың басынан көп өткен. Сон­дай тағы бір жайт еске оралып отыр.

Бұл да оның «Орталық Қазақ­станда» бас редактор болып тұрған кезінде болған. Ол өз газетінде әлі коммунистердің дегені болып тұрған кезде «Барлық елдердің пролетарлары, бірігіңдер!» деген ұранды алып тастап, оның қазақтың «Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ!» деген ма­қа­лымен алмастырды. Бұл да бас бәйгеге тігілетін жайт. Тігілгенде, жұ­мыстан алады да тастайды. Бұл ұран­ның құдіреті соншалық, сол заман­да онсыз күн жоқтай еді. Ол сонау «Правдадан» бастап, КСРО-да шығатын барлық газеттердің, тіпті мектептердегі қабырға газеттерінің маңдайына жазылатын. Партияның Орталық Комитеті ғана емес, барлық облыстық, аудандық комитеттерінің ісқағаздарында да осы ұран жазылар еді. Ал редактор Н.Оразбек облыстық партия комитетінің органы саналатын газеттен оны алған да тастаған. Көп адамның оған бармақ түгіл, бұл жайында ойлауға жүрегі шайлығатын заман еді ғой.

Бұл жаңалықты естіп, газеттен көзімен көріп, обкомның идеология жөніндегі хатшысы байбалам салды. Редактор абдырамай қорықпай жа­уап берді. Біз тек пролетариаттың ғана емес, жалпы халықтың мүддесін ойлай­мыз. Уақыт өзгерді, заман өз­герді, ұран да өзгереді, дегенді айт­қан редактор. Обком хатшысы көп дау­ласпады. Бұл адамды уәж­бен оңай жеңе алмайтынын білді. Қорқытқанға да көнбей­ді. Оның бұрынғы әрекеттерінен де хабардар. Бірде обкомның бюросында соған мүшелікке канди­дат КГБ-ның облыстық коми­теті­нің бас­тығы Давыдов деген об­лыстық «Ин­дустриальная Кара­ган­да» газе­тінің ре­дакторы Э.Широко­боро­дов­қа орынсыз тиісіп, қатты-қат­ты сөз айтқанда, оның қазақ әріптесі Нұрмахан орнынан тұрған. «Сіз осы кімсіз? – деген ол әлгі бастыққа қарап. – Бұл болса жүз мыңнан астам данамен тарайтын облыстық газеттің бас редакторы, оған айқайлайтын, жәбірлейтін қандай қақыңыз бар? Әлде КГБ-ге сондай құқық беріліп пе еді?». Сонда Давыдов та, обкомның бірінші хатшысы Локотунин де үндей алмаған. Ал басқалар қазақ газетінің редакторы­на енді басқаша қарайтын болды. Идеология жөніндегі хатшы да оны ұмытпаған. Содан да ұзаққа бармай тоқтады. Нұрмаханның өзі сол ұранды ауыстыру әрекетін кейінгі тамыз бүлі­гіне қарсы тұрудың алдындағы жат­тығудай көретінін айтқаны бар.

Содан бері 30 жыл өтсе де, тек жур­налистері ғана емес, жалпы Ор­та­лық Қазақстан халқы жалынды журна­лист Нұрмахан Оразбекті ұмыт­пай­ды. Әркез естеріне алып, құр­мет­терін білдіріп тұрады. Ақын Серік Ақсұң­қардың әңгімесі де со­ның бір көрінісі.

Тек қарағандылықтар ғана емес, Нұрмахан Оразбектей азаматты өзі­міздің зиялы қауым, әсіресе, қа­лам ұстаған қауым жақсы біледі. Ол жа­йындағы сөздер кең-байтақ еліміз­дің тұс-тұсынан-ақ естілетіні жанымызды жадыратады. Солардың қай-қайсысы да оны батыр журналист деп бағалайды.

Сол 1991 жылдың 19 қазанында Қазақстан Журналистер одағының съезі өтті. Сонда ардагер журналист Сапабек Әсіпов тебіреніп сөй­леп, жұрттың назарын аударды: «Құ­дайға шүкір, бізде ақылды да білім­ді, таяқтан тайсалмай, семсерден сес­кенбей, шындықты айта білетін ба­тыл қаламгерлер баршылық. Со­лар­дың бірі ғана емес, бірегейі Қара­ғанды облыстық газетінің редак­торы Нұрмахан Оразбековтің азаматтық ерлігі кешегі ГКЧП бүлігі кезінде айқын көрінді. Ол газетке арнайы ма­қала жазып, бүлікшілерге бағынбауға, олармен ашық айқасқа шақырды. Осы жолы да қандай жазаны қабылдауға әзір екенін мәлімдеді. Азаттық үшін, демократия үшін жасалған ерлік деп осындайды айтсақ керек. Айналайын Нұрмахан, сол ерлігің үшін мен сенің алдыңда ақ шашты басымды иемін».

Бұл сөздерді Нұрмаханның өзі де естіген. «Ағадан алған алғыс бәрінен қымбат» дегені бар.

Нұрмахан дүниеден озған соң ол жайында бірнеше кітап шықты, газет-журналдарда талай мақалалар жарық көрді. Үлкен қайраткер тұлғаның аты өшпейтініне қуанамыз. Біздің бүгінгі айтқанымыз да, құрметіміз де оған қажет емес, ұрпаққа қажет. Солар өне­ге алу үшін.

Тәуелсіздігіміздің 30 жылды­ғын­да, сол жолда қасқайып күрескен тұл­ға­ларымызды еске алып, олардың қайрат­керлігін бағалау – бүгінгілерге парыз.

Мамадияр ЖАҚЫП,

Қазақстанның құрметті журналисі