Өкінішке қарай, Жетісуда мал ұрлығы тыйылмай тұр. Тыйылмақ түгілі, жұрт шаруаға айналған жиын-терін уақытында барымтаның бұл түрі асқынып кетті деуге әбден болады. Тәртіп сақшылары қылмыстың ізін кесіп, суық қолды ұрыларды жедел ұстауға тырысқанымен, одан шығатын нәтиже аз.
Мысалы, жақында Ақсу ауданының полиция бөліміне 55 жастағы Егінсу ауылының тұрғыны құны 300 мың теңге тұратын 5 бас ұсақ малын белгісіз біреулердің ұрлап кеткендігі туралы арызданған. Жедел уәкілдер жүргізген іздестіру шаралары барысында сол ауылдың 50 жастағы тұрғыны қылмысты жасады деген күдікке ілінген. Тергеу барысында ұры кінәсін мойындаған.
– Аталған дерек бойынша Қылмыстық кодекстің 188-1-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Бұлтартпас айғақтардан кейін күдікті қылмысын толығымен мойындады. Күдіктінің осыған ұқсас өзге де қылмыстарға қатысы бары тексерілуде, – дейді Ақсу аудандық полиция басқармасының басшысы, полиция подполковнигі Дәурен Сакенов.
Сондай-ақ Алакөл ауданы полиция басқармасының кезекші бөліміне Қабанбай батыр ауылының тұрғыны бір бас ұсақ малын жайылымнан белгісіз біреулердің ұрлап кеткендігі туралы жазбаша арыз түсірген екен.
– Жедел-іздестіру шараларын жүргізіп, соның нәтижесінде аталған қылмысты жасады деген күдікпен жәбірленушінің 40 жастағы ауылдасы анықталып, ұсталды. Аталған дерек бойынша Қылмыстық кодекстің 188-1-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Күдіктінің осыған ұқсас өзге де қылмыстарға қатыстылығы тексерілуде, – дейді Алакөл ауданының бас полицейі, подполковник Қуат Оспанов.
Айтпақшы, жыл басынан бері Жамбыл ауданында да мал ұрлығы бойынша 49 дерек тіркелген екен. Жүргізілген жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде ұрланған 243 бас малдың 43 басы заңды иелеріне қайтарылған. Ал мал ұрлығына қатысты бұрын жасалған тағы 9 қылмыс ашылыпты.