• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
01 Мамыр, 2010

СЫР ЕЛІНДЕ САН ҰЛТТЫҢ СӘНІ БАР

790 рет
көрсетілді

1 Мамыр – Қазақстан халқының бірлігі мен достығын паш ететін айтулы мереке. Содан да бүгінгі тәуелсіз елімізде саяси тұрақтылық пен ұлттық келісім және ынтымақтастық берік орныққан. Ашығын айтсақ, біздің еліміздің осынау басты байлығына Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың сарабдал саясаты арқасында қол жеткізіп отырмыз. Еліміздегі ұлттар мен ұлыстардың достығы мен бірлігі, татулығы мен ынтымағы өзге елдерге өнеге боларлықтай. Заманында қазақтың дархан даласы қоғамнан теперіш көрген көптеген ұлттарға пана, қамқор болды. Соның нәтижесінде қазақ жері бауырластар мекені, достықтың құтты ұясы атанды. Жүректері жомарт, алақандары ашық қазақтар өзге ұлт өкілдерімен бір ананың баласындай ғұмыр кешуде. Оған Сыр өңіріндегі ондаған ұлт өкілдерінің жүректері “Қазақстан – менің Отаным” деп соғып жүргені айқын айғақ болса керек. Сыр аймағындағы ұлттар мен ұлыстардың тілін, әдет-ғұрып, салт-дәстүрлерін жаңғырту, этносаралық қарым-қатынасты нығайту бағытында айшықты шаралар өткізу күн тәртібінен түскен емес. “Бірлік бар жерде – тірлік бар”, “Ырыс алды – ынтымақ” дейді халық даналығы. Тілі басқа – тілегі бір, жүзі басқа – жүрегі бір сырбойылықтармен Қазақстан халқының бірлік мерекесі қарсаңында ашық-жарқын әңгімелескеніміз бар. Ендігі сөз кезегін соларға берелік. Марк ПОДОЛЬСКИЙ, ардагер-ұстаз, Қазақстанның еңбек сіңірген мұғалімі: –Туған жерім – Украинаның Смела қаласы. Мен 1947 жылдан бері Қызылордада тұрамын. Содан да қазақ халқының тұрмысы мен болмысы маған етене таныс. Өзге ұлттардан бөлек қасиеттерін ауызға алсақ, алды­мен ешкімді жатсынбайтын бауыр­малдығы, қонақжайлығы еске түседі. Жасыратыны жоқ, кезінде Украинада қуаңшылық болып, ашаршылыққа ұшыраған жұрт жан-жаққа көше бастады. Алла сәтін салып, біз Қызылордаға қоныс аудардық. Сөйтіп, Сыр өңірінің өз баласы болып шыға келдім. Бір мен емес, қазақ халқы тағдырдың айдауы­мен пана іздеген қаншама ұлтқа қамқор қолдарын созды десеңізші. Тәуелсіз елімізде де өзге этностарға деген қамқор­лық кеміген емес. Бүгінде өзге этнос балаларының білім алуына, қызмет жасауына, болмаса кәсіппен айналысуларына ешқандай кедергі жоқ. Бір ғана Қызылорданың өзінде ондаған этнос өкілдері бар. Солардың мәдениеті мен тілінің, салт-дәстүрлерінің ұмытылмауы үшін, яғни өздерінің ұрпақтарына ата дәстүрлерін насихаттап отыру үшін этномәдени бірлестіктер жоспарлы жұмыс жасауда. Сөз соңында елдің елдігі бірлікте дегім келеді. Бұл орайда біздің күн шұғылалы тәуелсіз Қазақ­станымыз өзге елдерге үлгі-өнеге бола алады. Александр АБАНИН, облыстық балалардың құқықтарын қорғау департаменті директорының орынбасары: – Мақтағаным емес, қазақ – шешен халық, дара халық. Қазағым­ның әрбір сөзінде даналық бар. “Ел іші – алтын бесік”, “Туған жерің – тірегің” дейді халық даналығы. Демек, ел ішінде болсаң, жау алмайтыны, өз бесігіңде заман талабына сай тербеті­летінің анық. Кең байтақ Қазақ­станның Сыр өңірінде дүниеге келіп, осындағы оқу орын­дарының бірінде білім алған орыс ұлты­ның өкілі, туған жерімнің перз­енті ретін­де мен де өз елімнің жетістік­теріне, толағай табыстарына шын ниетіммен қуанамын. Міне, туған жерімнен табан аудармай мемлекеттік қызметтің түрлі салаларында қызмет атқарып келе жатқаныма отыз жылдан асып барады. Өзімнің қолымнан келге­нін­ше көпұлтты мемлекетіміздің өсіп-өркендеуіне, дамуына өз үлесімді қосып келемін. Шынымды айтсам, өзімнің ұлан-ғайыр қазақ жерінде өмірге келіп, кеңпейіл халық арасында ғұмыр кешіп жатқаныма шүкірлік етемін. Дарқан мінезді, қонақжай қазақ жігіттерінен дос­тарым да жетерлік. Қысылғанда, қуанғанда бірге бола­тын, үнемі қасымнан табылатын жолдастарымды әр кезде мақтан тұтамын. Айтқандай, қазақ отбасымен құдандалы болып, келін түсіріп отырған жайымыз бар. Демек, енді біз құдай қосқан туыспыз, ұрпағымыздың бойында орыс пен қазақтың қаны қатар ағатын бауыр­лармыз. Жалғыз мен емес, осында тұратын сан түрлі ұлттар татулық пен достықтың куәгерлері екені күмәнсіз. Лев КИМ, дербес зейнеткер: – Қай кезеңде де татулық пен достықты адамзат баласының алтын қазынасы деп бағалаймыз. Бұл – барша ұлт пен ұлыстың қаперіндегі қағида. Кезінде қазақ жеріне тағдырдың жазуымен сан түрлі ұлттар қадам басты. Дарқан пейілді қазақ бауыр­ларымыз ешқайсысын жатырқаған жоқ. Төрінен орын, дастарқанынан дәм ұсынды. Сол кездегі солақай сая­сат­тың салдарынан Қиыр Шығыс­ты мекен еткен корей ұлты Қазақстанның Жетісу және Сыр өлкелеріне келді. Менің ата-анам Шиелі ауданындағы “Авангард” ұжымшарына қоныстанды. Жергілікті жұртпен қоян-қолтық сіңісіп, бірге туған бауырындай аралас-құралас болды. Еңбектен зейнет тауып, жұмысқа белсене араласты. Ұрпақ өсірді. Олардың бойына татулықтың дәнін егіп, атадан қалған дәстүрді бойына сіңірді. Мен Қазақстанда дүниеге келдім. Осы жерде өстім, білім алдым, есейдім. 1969 жылы Ресейдің Пермь қала­сындағы Ауыл шаруашылығы институтын инженер-механик мамандығы бойынша тәмамдағаннан кейін туған жерге қайта оралдым. Алдымен 1971-1973 жыл­дар аралығында құрылыс материалдары комбинатында түрлі қызметтерде болдым. Ал 1973 жылдан он екі жыл бойы облыстық комсомол, кәсіподақ ұйымдарында жұмыс жасадым. Ал одан кейін жеті жыл көлемінде Сырдария аудандық партия комитетінде екінші хатшы қызметін атқардым. Қызылорда аймақтық мәшине-сынау стан­сасында, облыстық әкімдікте еңбек жолым­ды жалғас­тырдым. Өткен жылы облыстық жолау­шылар көлігі, автомобиль жолдары басқарма­сының бөлім бастығы қызметінен еңбек демалысына шықтым. Қай қызметте жүрсем де туған елдің көркеюіне, халықтың тұрмыс-тіршілігінің жақсаруына өз үлесімді қостым деп білемін. Азия құрлығын мекен еткен қазақ пен корей халық­тарының тұрмыс-тіршілігінде көптеген ұқсастық­тар бар. Алғашқысы – жасы егде кісілерге құрмет көрсететініміз. Корей ұлтында да үлкеннің алдынан кесе-көлденең өтпеу, олардың ақылына құлақ асу секілді асыл қасиеттер кездеседі. Оны адамгершіліктің баға жетпес байлығы санасақ, артық емес. Одан кейінгі ұқсастығымыз – салт-дәстүрімізде. Біздің халықта да келген қонағына төрден орын беретін қонақжайлық қасиет бар. Тіпті, жергілікті ұлт өкілдерімен қыз беріп, келін алып, құдандалы болып жатқан жайымыз бар. Сөз соңында айтарым, дүние жүзіндегі адамзат баласы татулық пен достықты бағалай білсе деймін. Бұл – бейбітшіліктің, тыныштықтың және жайма-шуақ өмірдің басты кепілі. Осы орайда, Қазақстанның ұлттар достығы бағытында атқарып жатқан ізгілікті істерін өзгелерге үлгі етіп көрсетуге болады. Еркін ӘБІЛ, ҚЫЗЫЛОРДА.