Коронавирустың қайдан пайда болғаны туралы дау талайдан бері талқыланып келеді. Бұған дейін ғалымдар вирус табиғи жолмен жарқанаттан адамдарға өткен десе, кейінгі кезде ол Уханьдағы зертханадан таралған деген болжам айтылады.
Таяуда осы мәселеге біржола нүкте қоймақ үшін АҚШ-тың бір топ ғалымы Қытайға аттанған. Алайда бұл сапар да өз жемісін берген жоқ. Бұған басты кінәлі – Бейжің билігі. АҚШ президенті Джо Байденнің айтуынша, Қытай вирусқа қатысты құнды деректерді көрсетпей отыр.
«Бұл пандемияның қалай тарағанына қатысты маңызды деректер Қытайда бар. Дегенмен Бейжің билігі халықаралық тергеушілер мен денсаулық сақтау саласындағы жаһандық қоғамдастық мүшелеріне кедергі жасап, ақпаратты бөліспей отыр. Бүгінге дейін Қытай пандемияның зардабы артып бара жатқанына қарамастан, ашықтыққа шақырып, мәліметпен бөлісу жөніндегі өтінішті жерге тастады», деді Ақ үй басшысы.
Расында да, Қытай коронавирустың қалай тарағаны туралы ақпаратты бөлісуге құлықты емес сияқты. Алғашқыда Бейжің билігі вирус тарады деп дабыл көтерген дәрігерді жазаға тартқан-ды. Кейінірек дәрігер қаза тапқан соң, кешірім сұрады.
Сондай-ақ вирус табиғи жолмен адамға жұқты дегенді алға тартса, енді бірде оны АҚШ-тың зертханаларында жасалды деп мәлімдеді. Қытайдың мұндай түлкібұлаңға салуы халықаралық қоғамдастықтың күдігін үдете түсті.
Қазіргі таңда коронавирустың пайда болуы туралы екі нұсқа бар. Біріншісі, вирус табиғи жолмен жарқанаттан адамға жұққан. Екіншісі, вирус Уханьдағы зертханадан «қашып шыққан». Яғни байқаусызда биологиялық орталықтың қызметкеріне жұққан.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы бірінші нұсқаны алға тартқанымен, кейінгі кезде бұған күмәнмен қарайтындар көбейе бастады. Бұған себеп жетерлік. Бастапқыда вирус Ухань қаласындағы ет базарынан таралғаны айтылған. Былтыр The Lancet журналында қауіпті дерттің тырнағына ілінгендерді зерттеген ғалымдардың мақаласы жарияланды. Онда бастапқыда ауырған 41 науқастың 13-і Уханьдағы теңіз жәндіктерін саудалайтын базарға мүлдем бармағаны анықталды. Мұны бір деңіз.
Оңтүстік Қытай технология университетінің профессоры Ботао Сяо елең-алаң тұста мақала жариялаған еді. Бірақ көп ұзамай ғалым мақаласын өшіріп тастады. Қытай билігі вирус тарады деп дабыл қаққан дәрігерді жазаға тартқанын ескерсек, Сяо мырзаға қысым жасалуы әбден мүмкін. Бұл – екінші.
Үшіншіден, вирус табиғи жолмен тарады дегенді жарнамалап жүргендердің басы-қасында EcoHealth Alliance-тың президенті Питер Дашек тұр. Бір қызығы, АҚШ қаржыландыратын аталған ұйым Уханьда жарқанаттардағы коронавирусты зерттеумен айналысады.
Дашек мырза жарқанаттар коронавирусының қаупі туралы пандемияға дейін талай мәрте айтқан-тұғын. Мәселен, оның «Жарқанат коронавирусының қаупін түсіну» атты жобасында келесі індет Қытайдың жабайы аңдар етін сататын базарда таралуы мүмкін екенін алға тартады. Бір қызығы, П.Дашектің айтқаны «айдай келді».
Әйтсе де, жаңа коронавирус зертханадан таралуы мүмкін екені туралы әңгіме енді шыға бастағанда Дашек мырза байыз таппай, 27 ғалымды ұйымдастырып, арнайы хат жаздырған еді. Сөйтіп, The Lancet те, Nature Medicine секілді мүйізі қарағайдай журналдар коронавирус табиғи жолмен таралған деп жариялады. Ал бұл пікірмен келіспегендерді Дашек бастаған ғалымдар конспирологқа теңеді. «Сезікті бірінші секіредінің» кері ме екен, кім білсін?!
Covid-19-дың зертханада жасалғаны жөніндегі әңгіменің академиялық ортада талқылануына мына жайт та әсер етіп отыр. Бастапқыда вирус жарқанаттан адамға жұққаны айтылды. Кейінірек ғалымдар ортада бір жануардың болғанын алға тарты. Мәселен, жылан немесе панголин тасымалдағыш атануы мүмкін десті. Тіпті сусар, борсық деген де болжамдар айтылды.
Бірақ әлі күнге дейін ауру тасымалдағыш жануар нақты анықталған жоқ. Салыстырмалы түрде қарасақ, 2002 жылғы SARS эпидемиясы кезінде коронавирустың жарқанаттан циветаға жұққаны, одан адамға өткені 4 ай ішінде белгілі болды. 2012 жылғы MERS эпидемиясында да ауру тасымалдағыш жануар түйе екені 9 айда анықталды. Ал Covid-19 індетінің басталғанына екі жылға жуықтаса да әлі күнге дейін ауру тасымалдаушы аң табылар емес.
Вирустың қайдан шыққанына «бас қатырған» Қытай ғалымдары бір қызықтың бетін ашты. Юньнань провинциясында жарқанаттардың генін зерттеп жүріп, үңгірлердің бірінен шыққан құста RpYN06 вирусы бар екенін анықтапты. Сөйтсе, аталған вирустың генетикалық құрылымы Covid-19-ға 94,5 пайыз сәйкес көрінеді.
Картаға көз жүгіртсек, Юньнань провинциясы мен Ухань қаласының арасы әжептеуір алшақ жатқанын аңғарамыз. Қазіргі коронавирустың «арғы атасы» RpYN06 вирусы болса, әрі оны Юньнаньнан тапса, ол қалайша тып-тыныш қалпында 1500 шақырымды басып өткен деген заңды сұрақ туындайды. Алда-жалда вирус табиғи жолмен жұқса, эпидемия Уханьда емес, Юньнаньда басталуы керек еді ғой.
Рас, қазір нақты болжам айту қиын. Бірақ Қытайдың құнды деректермен бөлісуден қашқақтап отырғанын ескерсек, күндердің күнінде вирустың зертханадан «қашып шыққаны» анықталатын секілді. Қысқасы, коронавирустың шыққан тегі туралы дау-дамай тоқтар емес. Есесіне, індет шартарапты шеңгелінде ұстап тұр.
Қазіргі таңда індет жұқтырғандар саны 217 миллионға жетті. Бүгінге дейін 4,5 миллион адам қайтыс болды. «Дельта» штамы таралғалы бері науқастар саны қайта ұлғайды. Мәселен, Ұлыбританияда ауруханаға жатқандар саны екі есеге көбейген. Вирустың бұл штамын жұқтырған пациенттердің реанимацияға түсу қаупі 1,5 есе жоғары. Ғалымдардың айтуынша, бұдан құтылу үшін халықты толық вакциналау қажет.
АҚШ ауыл шаруашылығы министрлігі бұғыға коронавирус жұққанын хабарлады. Вирус Огайо штатындағы ақ құйрықты бұғыда расталды. Сарапшылар ауру жұқтырған бұғыларда клиникалық белгілер байқалмағанын айтады.
Тбилиси коронавирус жұқтырған науқастар саны төмендемей тұрғанын хабарлады. Елде тәулігіне 4 мыңнан астам SARS-CoV-2 тасымалдаушысы анықталуда. Пандемия басталғаннан бері Грузияда барлығы 540 449 адам вирус жұқтырды. 7 175 науқас қайтыс болды. Ұлттық ауруларды бақылау орталығының ақпараты бойынша екпенің алғашқы дозасы 703 945 адамға салынды. Бұл елдегі ересек тұрғындардың 24,6 пайызын құрайды.
Вьетнамда бір тәулікте 13 мың адамға вирус жұққаны анықталды. Бұған дейінгі ең жоғары көрсеткіш 25 тамызда тіркелген еді. Пациенттердің барлығы дерлік ел ішінде індет жұқтырған. Елдің оңтүстігінде науқастанғандар көп. Мәселен, Хошиминде 5 383 жағдай, Биньзонг провинциясында 4 187, Донгнай провинциясында 996 жағдай анықталды. Осылайша, Вьетнамдағы сырқаттанғандардың жалпы саны 410 366 адамға дейін өсті, 10 053 адам қайтыс болды.
Косово ұлттық денсаулық сақтау институтының мәліметіне сүйенсек, тәуліктегі коронавирус жұқтырғандар саны 2 мыңнан асқан. Олардың көпшілігі «Дельта» штамын жұқтырған. Косово Үкіметінің өкілі Бесник Бислими елге коронавирус вакцинасының 650 000 дозасы келетінін айтады. Германия 150 000 доза жөнелтсе, қалған жарты миллион дозаны АҚШ бермек.
Еуропалық одақ АҚШ-тан келушілердің кіруіне тыйым салуды жоспарлап отыр. Сондай-ақ Израиль, Черногория, Ливан, Солтүстік Македония және Косоводан келушілердің де кіруіне шектеу енгізуі мүмкін. Егер ЕО елдерінің ешқайсысы қарсылық білдірмесе, бұл жаңа қарар 30 тамызда қабылданады.
Ресейдегі Кубаньда тұрғындардың бәрі коронавирус инфекциясына қарсы толық вакцина алды. «Аймақта коронавирусқа қарсы вакциналау 276 егу пунктінде жүргізіледі. Оның ішінде 72 көшпелі бригада жұмыс істейді. Бүгінгі таңда облыста эпидемиялық көрсеткіш бойынша 406 мың адам екпе қабылдаған», дейді Краснодар өлкесіндегі Роспотребнадзордың жетекші маманы Виолетта Троеглазова.