• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 29 Тамыз, 2021

Күніне 1,5 мың алматылықтан індет анықталады

296 рет
көрсетілді

Алматы билігі індетті тоқтату үшін түрлі қадамға барып, орасан шығынға батып жатқанымен, эпидемиялық ахуал тұрақтала қойған жоқ. Қаланың бас санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшиннің мәліметінше, індет жұқтырғандар саны жаңа оқу жылы басталғанша өспесе, кемімейді. Өйткені демалушылардың негізгі бөлігі жұмысқа шығар алдында ПТР тапсырады.

Індет ошақтары

«25 маусымнан бері эпидемиялық ахуал «дельта» штамына байланысты шиеленісіп тұр. Төртінші толқынның шарықтау шегі 12 тамызға тура келді, ал эпидемияның өршуі 29 шілдеден қазіргі дейін жалғасып келеді және күніне шамамен 1,5-1,6 мың жағдай тіркеледі», деді ол.

Алматыда шілде айының бірінші аптасында – 2 843, екінші аптада – 5 324, үшінші аптада – 6 397, төртінші аптада 9 852 жағдай тіркелді. Тамыздың бірінші аптасында Алматыда 10 728 адам инфекция жұқтырса, екінші аптада КВИ жұқтырғандар саны 10 529-ға жетіп, үшінші аптада 10 786 адамнан індет табылды. Ж.Бекшин 18-19 тамызда ПТР нәтижелері неліктен бірден шарықтағанын түсіндірді. Оның пікірінше, бұл жұрттың демалыстан кейін жұмысқа шығуына орай профилактикалық шараларды қатаңдатуға байланысты болған. Симптомсыз КВИ түрлері тамыздың 13-17 күндері 5,5%-дан 18 тамызда 6%-ға және 19 тамызда 7,5%-ға дейін өскен. Сонымен қатар R саны (инфекциялардың берілу индексі) айдың басындағы 1,2-ден 25 тамызда 1,03-ке дейін төмендеді, бұл эпидемиялық толқынның рецессиясының басталуын білдіреді.

«Осы көрсеткіштерді ескере отырып, эпидемияның өршуі тамыз айының соңына дейін тіркелген 11 мың жағдайға сәйкес, яғни пессимистік болжам бойынша жүріп жатыр. Індеттің бәсеңсуі қыркүйек айының екінші жартысына, бір ай ішінде 10 мың жағдайға дейін ауысады» деген болжамын алға тартып отыр бас санитар.

Жыл басынан бері қалада 118 082 адам індетке шалдығып үлгерді. Сондықтан қала­лық денсаулық сақтау жүйесі күшей­тіл­ген режімде жұмыс істеуде. Коро­нави­рус жұқ­тыру бұрынғыдай, 20-39 жас ара­лығын­дағы азаматтарда жоғары – 33,5%, 40-59 жас­тағылар арасында – 25,2% және 60 жас­тан асқандар арасында – 23,1%, қалған 18%-ы – балалар және жасөспірімдердің үлесінде.

Сондай-ақ Ж.Бекшин бұқаралық іс-шараларды өткізуге тыйым салынғанына қарамастан, карантин тәртібін белден басу азаймағанын айтады. Алматының кейбір тұрғындары бас мемлекеттік санитарлық дәрігердің қаулысы талаптарын елемей, той, құдалық, мерейтойлық мерекелер ұйымдастыруды тоқтатар емес.

Бүгінде жұқтырудың негізгі бес орны бар, олар: сауда орындары – 32%, отбасылық байланыс – 16%, қоғамдық көліктер – 17,1%, базарлар – 13%. Жұртшылық азық-түлік базарларында жиі жұқтырады – 9%. Сонымен қатар қазіргі шектеулі шаралар мен ұжымдық иммунитетінің артуына орай дерттің 2-3%-ға төмендегені байқалады.

СЭБД басшысы қала тұрғындары вирус­тың таралу тізбегін құруды жалғастыра отырып, қала маңындағы аудандарда және жалға алынған коттедждерде отбасылық мерекелер өткізетінін нақты мысалдармен мәлімдеді. Соңғы деректерге сәйкес індет жұқтыру 20-39 жасқа дейінгілер ара­сында 34% пайызға дейін жетті. Қысқасы, эпидемиялық жағдайды тұрақтандырып, білім беру ұйымдарында жаңа оқу жылын қалыпты режімде ұйымдастыру үшін қолданыстағы шектеу шаралары 31 тамызға дейін ұзартылды.

 «Дельта» штамы салған ауыртпалықтар

Бұл күндері қала ауруханаларында ­6 мыңнан астам науқас жатса, оның ішінде 169 бала бар. Тек 25 тамызда Алматыда 1 590 жағдай тіркелсе, оның 1 515-і симп­томды тасымалдаушылар. 6 021 адам ауруханада, 476 адам жансақтау бөлімінде емделіп жатыр. Дәл осындай жағдайда Алматының дәрігерлерінің иығына түскен ауыртпалық екі есеге артқанын қаперден шығармау керек.

«Жедел жәрдем көлігінің жүктемесі шарықтап тұр, тәулігіне 1600-ге жуық жағдай тіркеліп, ауруханаға күн сайын 700-750 науқас қабылданады. Тәулігіне 3000-3500 дейін қоңырау шалынады», дейді Қоғамдық денсаулық басқармасы бас­шысының орынбасары Светлана Сұлтанғазиева.

Ол 12 868 науқастың МАСК пен Теле­­медицина орталығының мобильді топ­тарының бақылауында екенін айтты.

Бүгінде мегаполисте жүздеген дәрігер коронавируспен күресіп жатса, олардың бірқатары вакциналау орталықтарында жұмыс істейді. Мыңнан астам дәрігер екпе салу ісімен айналысып жатыр.

 

АЛМАТЫ