Сонымен, Қызылорда облысында аталған кезеңде жымқыру фактісі бойынша 126 сыбайлас қылмыс, 111 – парақорлық, 19 – лауазымдық өкілеттігін асыра пайдалану тіркелген. 142 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылған, оның 13-і – облыстық деңгейдегі, 15-і – қалалық және аудандық деңгейдегі басшылар.
Мысалы, биыл Қазалы аудандық құрылыс бөлімінің басшысы «Қазалы ауданы әкімдігінің әкімшілік ғимараты» нысанының құрылысы кезінде жобалық-сметалық құжаттамаға және орындалған жұмыстар актісіне қуатты кабель желілерінің ұзындығы туралы сенімсіз мәлімет енгізу арқылы 125,6 млн теңге көлемінде бюджет қаражатын жымқырғаны үшін сотталған. Сондай-ақ Шиелі аудандық білім бөлімінің басшысы оқушыларды жазғы лагерлерге орналастыру және оларды ыстық тамақпен қамтамасыз ету бойынша жалған өзара есеп айырысуды ресімдеу арқылы 334,9 млн теңге көлемінде бюджет қаражатын жымқырғаны үшін сотқа тартылған.
Әкімдіктер жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі ведомоствоаралық комиссиялардың жұмысы да Nur Otan-ның Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңесі мүшелерінің жеке сұрағын туғызды.
«Облыстық әкімдіктің ведомоствоаралық комиссиясында (ВАК) отырыстың күн тәртібін жоспарлағанда сыбайлас жемқорлық ахуалына мониторинг жүргізілмегені анықталды. Комиссияда ішкі істер, ауыл шаруашылығы, жұмыспен қамту және әлеуметті бағдарламалар органдарында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша жұмыстардың жай-күйі туралы мәселемен айналыспаған. Ал Қызылорда қалалық әкімдігінде бұдан да сорақы, көптеген мәселелер бойынша анықтамалық, талдамалық деректер мүлдем жоқ, хаттамаларда ұсынымдарды орындаудың нақты мерзімдері жазылмаған, ал растаушы құжаттар атымен жоқ. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының анықтамасы атүсті жасалған – сыбайлас жемқорлық тәуекелдері анықталған анықталмағаны түсініксіз. Ол тіпті келісілмеген және бекітілмеген болса, не айтуға болады», деді кеңес мүшесі Абзал Құспан.
Өз кезегінде Қостанай облысында Nur Otan партиясы жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі республикалық қоғамдық кеңестің мүшелері мемлекеттік көрсетілетін қызметтің қолжетімділігіне назар аударды.
«Өңірде сауалнама алынған тұрғындардың 81,2%-інің мемлекеттік көрсетілетін қызметтің сапасына көңілдері толады, олардың басым бөлігі электорынды үкімет порталы арқылы көрсетіледі. Сонымен бірге «Қостанай – адалдық алаңы» жобалық кеңсесі жүргізген мониторингтің нәтижесі бойынша Қостанай ауданының сәулет және қала құрылысы, жер қатынастары бөлімдерінде халықтың мобильділігі төмен топтары үшін жағдай жасау бойынша заң бұзушылықтар анықталды. Ақпараттық жұмыс жеткілікті жүргізілмей отыр», деп атап өтті кеңес мүшесі Жанар Рысбекова.
Сондай-ақ кеңес мүшелері Қостанай облыстық білім басқармасы қызметінде анықталған жүейсіз жұмыстарды да талқылады, оның ішінде партияның 2015-2025 жылдарға арналған Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бағдарламасын іске асыру бойынша Жол картасы мен Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясының орындалуы туралы ақпараттың болмауы қаралды.
Отырыс қорытындысы бойынша Қызылорда облысында – Қазалы ауданының әкімі Мұхтар Оразбаевты, білім басқармасының басшысы Ақзира Қасымованы және денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәбит Пазыловты ескертпе түрінде партиялық жауапқа тарту жөнінде шешім қабылданды. Қостанай облысында Қостанай ауданының әкімі Жансұлтан Таукенов және облыстық білім басқармасының басшысы Зәуре Байменова ескерту алды.