• RUB:
    5.17
  • USD:
    515.89
  • EUR:
    536.32
Басты сайтқа өту
Әдебиет 31 Тамыз, 2021

Борхестік ашу-ыза

644 рет
көрсетілді

Кез келген адамда көп жағ­дай­да, парасатты жандарда кей жағдайда ақылдың алдында жү­ре­тін ашу-ызаның адам өмі­рін­дегі мәні өте зор. Ашу-ызамен адам тау қопарып, тасты теседі деп әсірелемей-ақ қояйық, бірақ қоғамның атмосферасына елеулі түрде әсер етеді. Әсіресе, көптің ашуы, сұп-суық ызалы сөздердің нөсері бағытталған кісісін бір жақты етері анық.

Немістің Шо­пен­гауэр есімді атақты фило­со­фының айтуынша, адам іс-әрекеттерінің үш басты себебі болатынға ұқсайды. Соның ең басында ашу-ыза тұр. Екінші – эгоизм, үшінші – жанашырлық. Ашу-ызаның екпіні эгоизмнен де, жанашырлықтан да басым болатынын қоғамның денін көргені мен естігенін ғана қаперге ала­тын­дардың құрайтынымен түсін­ді­руге болады. Әйтсе де түбіне түсіп ойласаң, адам бойындағы аяушылық сезімін басып-жаныштап өлтіретін ашу-ызаның да өзіндік себептері көп. Оны екі үлкен категорияда қарастыруға болады. Алғашқысы – әлеуметтік себеп. Әлеуметтік теңсіздік адам­­­­дарды ашуға булықтырып, қо­­ғамды ашу-ыза буады. Әлеу­­мет­танушылар мен философтар бұл туралы көп еңбектер жазған. Екіншісі – психологиялық себеп. Бұл себептің астарын жазушылардан көп қаузаған халық жоқ. Сондай қаламгердің бірі – аргентиналық Хорхе Луис Борхес. Әр сөйлемінде құпия бір мәтіндер жасырынып жататын Борхестің шығармалары оқыр­манда ашу-ыза, кек, үрей, басқа да өзіңе беймәлім жұмбақ сезімдер туғызады.

Борхестің «Ерекше бәсеке», «Қаскүнем әйел», «Тірі өлік» шы­ғармаларындағы кейіп­кер­лер­дің ашу-ызасын қоз­дыр­ған нәрсе – бәсекелестік. Бәсе­келестіктің ашу-ызаны қоз­ды­ратынын, оның соңы кісі өлі­мімен аяқталатынын жазушы жақсы көрсете алған. Бұл шығ­армаларды оқыған кез кел­ген оқырман Аргентина қоға­мындағы сол кездегі ахуалды терең білмесе де, жазушы қол­таң­басы арқылы сол қоғамның дертін түсіне алады. Бәсе­ке­лес­тік­тің екі ағайындының, басшы мен қосшының, екі гаучоның (аралас некеден құралған әлеу­меттік-этностық топ) арасын­да туындағанына қарап бәсе­ке­лес­тіктің де табиғатын танисың.

Мысалы, «Ерекше бәсеке» шы­ғар­­масындағы гаучолар Мануэль Кардосо мен Кармен Силь­вей­раның арасындағы бәсе­ке­лестіктің ұшқыны өгізді мүйі­зінен бұрап жығып жүрген күн­дерінде тұтануы мүмкін. Бірақ олар сол бәсекелестіктерін шарап­х­аналарда ашық көрсетіп жүрді. Бір-бірімен айтысып, дау­ла­сып, төбелесіп жүріп олардың кеу­де­сінде ашу-ыза сезімдері бас кө­тер­ді. Дәл осы кейіпкерлердің бәсе­келестігі «оқиға соңында бірі өлуі мүмкін» деген ойға кел­тір­­се де, оқиға басқаша бағыт ала­ды да, аты айтып тұрғандай ерек­ше аяқталады. Жазушы 1870 жылы Апарасио бастаған кө­терілістің екеуінің тағдырына әсер еткенін былайша баяндайды: «...Бразилиялық мулат ақыры жұрт түсінбеген сөздерін аяқтап, елмен бірге біздің батырларды да бірге ала кетеді. Оларды отбасымен қоштасуға да босатпапты. Мануэль Кардосо да, Кармен Сильвейра да мұны қалыпты жағдай деп қабылдайды. Солдат өмірі мен гаучо тірлігінің ақиқа­тын­да түк айырмасы жоқ. Ер-тоқымдарын бастарына жас­­тай салып, айтақырға ұйықтауға олар әлдеқашан көндіккен болатын. Атан өгізді мүйізінен бұрап жы­ға­тын сарбаздарға адам өлті­ру деген не тәйірі». Соны­мен со­ғыста же­ңіліп қалған олар­дың отряды дұшпан қолына берілуге мәжбүр болады да, дұшпандары бұларды ерекше әдіспен өлтіреді. Екеуінің ежелден бәсекелес екенін естіген отряд командирі: «Екеуіңнің араз екеніңді, бір-біріңді құртуды аңсап жүргендеріңді мен естідім. Екеуіңнің де өңештеріңді қыр­қамыз, сосын жарыстырамыз. Қайсыңның жеңіп шығатының бір құдайдың қолында», дейді. Қысқасы, екеуінің өлімі де бәсе­кеге құрылып, сол бәсекеде Кардосо жеңіп шығады...

«Қаскүнем әйелдің» оқи­ғасы бұдан гөрі тереңірек. Екі аға­йын­ды жігіттің бір әйелді ұна­тып, ақыр соңында олардың әйелді өлтіруін неге жазушы ақтап алды? Әйел – ағайын­ды­лардың бәсе­ке­сіне, бір-біріне ашу-ызасына бірден-бір себепкер. Әйел – қаскүнем. Неге? Эстетикалық тұр­ғыдан қарастырсаң, жеке адамның өзінің құмарлығы үшін өмір сүруі, ештеңеге жауапты бол­мауы қалыпты нәрсе. Сол сияқ­ты жеке басында таң­дау құқы жоқ, қолдан қолға өтіп жүрген жезөкше әйелдің екі жігітті бірдей өзіне құмар етуі жазаға лайықты болса да, ме­ніңше «қаскүнем» деп айып­тауға болмайды. Бірақ жазушы мәселеге моральдық-этикалық тұр­ғыдан қарап отыр. Құмар­лық атаулы эгоизммен туыс болғандықтан, онда жана­шыр­лық­қа орын жоқ. Әйел жігіттерді аямады. Сол үшін жазушы бауыр­лық сезімдерді сақтап қалуға ұм­тыл­ған жігіттердің кісі өлтір­генін айыптамайды...

Қоры­тындылай келе айт­па­­ғымыз – Борхес осы шы­ғар­ма­ларында ашу-ызаның пси­хологиялық себептеріне үңі­леді, оның түп-төркінін нақты жеткізе алады.