Алматы қаласында Достық үйінде «Конституция – Қазақстан халқының бірлігі мен рухани келісімінің негізі» тақырыбында өткен республикалық дөңгелек үстелде егеменді еліміздің құқықтық және демократиялық мемлекет ретінде қалыптасуы, қоғамдық келісім мен бірліктің қазақстандық моделін дамытудағы Конституцияның тарихи рөлі талқыланды.
Іс-шараға Парламент Мәжілісінің депутаттары, мемлекеттік органдардың өкілдері, этномәдени бірлестіктердің жетекшілері мен мүшелері, ҚХА қоғамдық құрылымдарының, Қазақстан халқы Ассамблеясы кафедралары, ғылыми және шығармашылық интеллигенция, этномәдени бірлестіктер жастары, ҚХА «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысының мүшелері мен БАҚ өкілдері қатысты.
Дөңгелек үстел спикерлері – Парламент Мәжілісінің депутаттары Әбілфас Хамедов, Вакиль Набиев, Д.А.Қонаев атындағы Еуразиялық заң академиясының ректоры Өмірәлі Жалайри, сондай-ақ баяндамашылар демократиялық саяси жүйесі, ашық нарықтық экономикасы, бейбіт саясаты бар қазіргі Қазақстанның дамуына Ата Заңның негіз болғанын әрі еліміздің әлемдегі беделінің өсуіне ықпалын тигізгенін атап өтті.
Конституция қоғамдық келісім мен ұлттық бірлікті нығайтудың, азаматтарға этносына қарамастан, тең мүмкіндіктерді қамтамасыз етудің іргелі негіздерін бекітті. Негізгі Заңға сәйкес, Қазақстан Республикасының әрбір азаматы ана тілін қолдануға, қарым-қатынас, білім беру, оқу және шығармашылық тілін еркін таңдауға құқылы. Ата Заң барлық этностық топтардың қауіпсіздігін, салт-дәстүрлерін, тілі мен мәдениетін еркін дамытуға мүмкіндік береді. Ал этносаралық және конфессияаралық келісімді бұзатын кез келген әрекеттер конституциялық емес деп танылады.
Қазақстанда тұратын этнос өкілдері мемлекеттік тілді үйренудің маңыздылығын түсінуде, жылдан-жылға қазақ тілінде сөйлейтін жастардың қатары өсіп келеді. ҚХА да осы бағытта жұмыс істеп, мемлекеттік тілді үйренуге арналған түрлі жобаларды жүзеге асыруда. Мұның бәрі елдің дамуына, барлық қазақстандықтардың болашақ үшін бірлескен және жемісті жұмысына берік негіз құрайды.
Қатысушылар барлық этнос өкілдерін табысты дамудың, қазақстандық қоғамда бірлік пен келісімнің сақталуының негізі болып табылатын Ата Заңда жарияланған нормаларды бұлжытпай сақтауға шақырды.