Жалын жырдың жампозы Жамбыл Жабаев қазақ пен қырғызға ортақ тұлға. Алдаспан ақынның айшықты мұрасы қазаққа қалай қадірлі болса, қырғыз елі үшін де дәл солай асқақ. Бауырлас елдің бас қаласы Бішкек төрінде екі күн қатарынан салтанат құрған таным мен тағылым мерекесі осы ойымызды тағы да бір қуаттай түсті. «Сүйегім – қазақ, етім – қырғыз», деп жырлаған дәулетияр дарын иесінің дара тұрар датасына орай қазақ-қырғыз ақындарының аламан айтысы өтіп, таңдамалы туындылары қырғыз тілінде жарық көрді.
Қуатты жыр қырғызбен қауышты
Тарихы теңіз, тамыры егіз өрілген қазақ пен қырғыз руханиятында Сүйінбай мен Қатағанның, Тоқтағұл мен Жамбылдың есімі қатар аталуы тегін емес. Дәстүр сабақтастығын жалғаған алыптардың айнымас достығы татулықтың дәнекеріне, сырбаз сыйластықтың салтанатты үлгісіне айнала білді. Бүгінде сол туыстық туын тік ұстау екі мемлекеттің де ұстанып отырған басым бағыттарының бірі. Бішкектегі Манас және Ш.Айтматов ұлттық академиясының қабырғасында Халықаралық Түркі академиясының ұйытқы болуымен өткен ғылыми-танымдық конференция Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығына және Қырғыз Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналды. Қос елдің ғалымдары мен қабырғалы қаламгерлерін бір арнада тоғыстырған іс-шараға Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі, Қырғыз Республикасының Егемендік жөніндегі Декларацияға қол қойған ел Парламентінің тұңғыш төрағасы Медеткан Шеримкулов, Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Мәдениет комитетінің төрағасы Ақан Әбдуалиев, Манас және Ш.Айтматов ұлттық академиясының президенті Топчубек Тургуналиев, Қырғыз Республикасы Жазушылар одағының төрағасы Нұрланбек Қалыбеков, Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры Кенжехан Матыжанов, Жамбыл облыстық мәслихатының хатшысы Махметқали Сарыбеков, жазушы Жұмабай Шаштайұлы, Жамбыл ақынның немересі Салтанат Жамбылова қатарлы және тағы да басқа қазақ-қырғыз зиялылары қатысты.
Конференция барысында Жамбылдың қырғыз тіліне аударылған таңдамалы шығармалары (Жамбыл Жабаев. Тандалган чыгармалар) көпшілік назарына ұсынылды. Құнды еңбекті қырғыз тіліне белгілі әдебиеттанушылар – Керимбек Кадыракунов пен Түгөлбай Казаков тәржімалаған. Келелі кездесуді ашқан Дархан Қыдырәлі: «Алатаудың абызы Жамбыл ақынның қоңсы қонған қырғыз халқына деген көңілі ерек. Жамбыл тек қазақ-қырғыздың ғана емес, тұтас түркінің тұтастығына қызмет еткені баршаға аян» дей келе оқырманға жол тартқан жәдігердің мән-маңызына тоқталып өтті.
Сөз басында айтып өткеніміздей, Жамбыл шығармаларында бауырлас қырғыз елі айрықша ілтипатқа ие. Оған ақынның мына шумақтары дәлел.
Қырғыз ұлы, құлақ сал,
Ежелден қимас бауырым.
Жайлап жүрдік саялап,
Іле, Шу, Нарын бауырын,
Атамыз болған бал тату,
Анамыз болған жан тату,
Келін менен бозбала,
Ұлы менен қыз тату.
Басына басы қосылып,
Жанына жаны қосылып,
Араласқан ауылым.
Бірер ұрттам сүт тапса,
Бөліп ішкен қауымым,
Әлемге айғақ мен Жамбыл
Ашық айтар ұл-қызға,
Қазақ бауыры қырғызды
– Батырым! – деп мақтаған,
Бір қыңыр сөз айтпаған,
Ақ қалпақты ер қырғыз,
– Төрге шық! – деп сыйлаған.
Қазақ барса қырғызға:
– Кел, қазағым кел! – деген.
– Қимас бауырым сен, – деген.
Жамбыл мұрасын асқақтатуға арналған басқосуда сөз алған Қырғыз Республикасы Парламентінің тұңғыш төрағасы Медеткан Шеримкулов: «Жамбыл жыры кейінгілер үшін өлмес өнеге, тағылымды мұра. Игі дәстүрді жалғап, туысқан елдер арасындағы әдеби байланысты нығайту ата-баба алдындағы, ұрпақ алдындағы ұлы борыш. Халықаралық Түркі академиясы мұрындық болып отырған бүгінгі шара осының айғағы» десе, ақын Ұлықбек Есдәулет XX ғасыр Гомерінің ақындық қуатына тоқталып: «Ғаламшардың аспанын Алатау қалай биіктетсе, адамзаттың аспанын Жамбыл ақын солай биіктеткен. Біз – батыры да, ақыны да бар елміз. Қазақ-қырғыздың мықтылығы сонда. Егіз туған екі халықтың ұлы перзенттері Жамбыл мен Тоқтағұлдың достығы бүгінге де, ертеңге де үлгі», деген пікірін білдірді.
Тұғырлы тұлғаны қырғыз елімен байланыстыратын тарихи деректерді шолып өткен профессор Кенжехан Матыжанов Жамбыл айтыстары мен қолжазбаларының бірсыпыра түпнұсқасы дәл осы Қырғыз академиясының мұрағат қорынан табылғанын айтады.
– Ел мен елді туыстыратын өнер мен мәдениет. Қазақ пен қырғыздың ынтымағы ірі тұлғалардың тілектестігімен берік. Жамбыл жылының жарқын жүздесуін жоғары деңгейде өткізіп отырған Халықаралық Түркі академиясы мен қырғыз елінің зиялы қауымына алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Институтымызда Жамбыл Жабаевтың академиялық толық жинағын әзірлеу барысында ғалымдарымыз қырғыз мұрағаттарынан Жамбылға қатысты көптеген материал тапты, – дейді ғалым.
Сонымен қатар іс-шара барысында көрнекті мемлекет қайраткері, белгілі қырғыз жазушысы Каныбек Иманалиевтің «Тагай бий (Мухаммед Кыргыз)» атты тарихи повесінің тұсауы кесілді. Аталған еңбек ХVI ғасырда өмір сүріп, қырғыз елінің басын біріктіріп, ел болуға негіз қалаған Тағай бидің өмірінен сыр шертеді.
Сөз орайы келгенде, қырғыз еліне Жамбыл туған топырақтың ыстық сәлемін жолдай келген Алматы және Жамбыл облыстық Мәдениет басқармаларының өкілдері мен өрелі өнерпаздар рухани шараның жоғары деңгейде өтуіне атсалысып, бауырлас елде баба рухын аспандатқанын екшеп айтқан ләзім. Тағылымды шара қазақ және қырғыз ақындарының қатысуымен өткен ХІV халықаралық аламан айтысқа ұласты.
Айтыс ақындары ел бірлігін асқақтатты
Бішкектегі Қырғыз ұлттық филармониясында қанат қаққан қазақ-қырғыз ақындарының айтысы Қырғыз Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына, «Айтыс» қоғамдық қорының 20 жылдығына, Жеңіжоқ ақынның 160, Жамбыл Жабаевтың 175 жылдық мерейтойына арналды. Сұлу сөзге сусап келген көптің көңілін, шөптің шөлін қандырған ақ жаңбырша жадыратқан сүйір тілді 16 ақын екі күн бойы Бішкек аспанын әуезді жырмен әлдиледі. Атап айтқанда, қазақтың 8 ақыны мен қырғыздың 8 ақыны семсер тілін сермесіп, аламанда атой салды. «Алуан-алуан жүйрік бар, әліне қарай шабады» дегендей тартысқа толы тамаша айтыс көрсете білген ақындар да, шабытын шаң басқандай бәсекеде бәсеңдік танытқан шайырлар да болғанын жасыра алмаймыз. Ең бастысы, Жамбыл тілімен айтқанда: «өркешіндей түйенің, емшегіндей биенің» қойы қоралас, ойы орайлас өрілген егіз елге қатар енші болған сөз сайысы жоғары деңгейде өтті.
Тапқырлық, ұтқырлық, көркемдік, суырып салу – айтысты бағалаудағы басты талап ретінде қойылды. Қырғыз Республикасының халық әртісі, сазгер Түгөлбай Казаков төрағалық еткен додаға Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі, қырғыздың халық ақыны Анатай Өмүрканов, Қырғыз ұлттық ғылым академиясының Ш.Айтматов атындағы Тіл және әдебиет институтының директоры, академик Абдылдажан Акматалиев, филология ғылымдарының докторы, профессор Умут Култаева, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, театр және кино әртісі Әділ Ахметов, қырғыздың халық ақыны, драматург Бактыгүл Чотурова, қырғыз еліндегі Мәдениет және тіл арнасының директоры, журналист Назира Аалықызы төрелік жасады.
Айтыс сахнасында айтылған орамды ой, айшықты тіркес, мың құбылған мақам көрермен көңілін серпілтті. «Жеті күн жауған жаңбырдай, Жеңіжоқпенен Жамбылдай. Бірлігіміз бек болсын, Солар салған даңғылдай» деп толғаған ақындар азаматтықтың арнасы сыйластықта екенін жырына арқау етіп, қырғыз-қазақ ынтымағының мәңгі жалғасуын тіледі. Халық достығы, махаббат пен мейірім, қырғыз бен қазақтың тарихы мен тағдыры, тұлғаларының тұтастығы көркем ой, кестелі теңеумен көмкеріліп, ал бірде әсерлі әзілмен құрдас қалжыңы, аға мен інінің қағытпасы арқылы қарқын алып отырды. Қырғыз ақындары Жамбыл облысында орын алған қайғылы жағдайға байланысты қазақ еліне көңіл айтса, қазақ айтыскерлері де айтыс сахнасында жасындай жарқыраған Элмирбек Иманалиевтің өмірден өткеніне өкініш білдірді. Қазақ ақындары тарапынан айтылған «Өріктердің гүлдегенін көрдің де, Гүлдерінің төгілгенін көрмедің» немесе «Қабірің де қазылыпты інім-ау, Қадіріңді біздер білмей жүргенде» деген жолдар ақынын жоқтаған жұрттың жүрегін тербеп өтті. Қырғыз елінің егемендік тойы, Ата Заңымыздың айтулы мерекесі, екі ел көшбасшыларының тығыз қарым-қатынасы ақындар өлеңіне өзек болды. Әсіресе көпшіліктің көкейіндегі көп ойдың тамырын тап басқан керекулік Аспанбек Шұғатаев ақ қалпақты ағайынның алғысын арқалады. Сондай-ақ «Алтын домбыра» иегері Мұхтар Ниязов, талай додада топ жарған Нұрлан Есенқұлов, қырғыз ақыны Мундузбек Боранчиев дүйім елдің ықыласына бөленді. Сахна төріне қырғыз шайыры Ашыраалы Айталиев бір кездері ұстазы Серік Қалиевке сыйға тартқан қомызды ала шығып айтысқан Алтынбек Ибрагимов жас болса да әлеуетті ақын екенін байқатты. Бұдан бөлек бір-біріне домбыра сыйлау, ағалық бағдар, інілік ілтипат таныту секілді игі дәстүрлер айтыстың деңгейін арттыра түсті.
«Айтыс – салт-санамыз, айтыс – болмысымыз, тарихымыз, тағдырымыз. Баба да ортақ, сана да ортақ екі мемлекеттің өткені өзара сабақтасып жатыр. Сол сабақтастықты жалғайтын, достықты дәнекерлейтін ұлы мұраттар ақындарымыздың аузымен айтылды. Қырғыз ұлтының Жамбыл Жабаевқа деген құрметі шексіз. Жамбыл мен Жеңіжоқтың жолын жалғайтын ақындар көбейе бергей», деген тілегін жеткізді Қырғыз Республикасы Президенті әкімшілігінің басшысы Сүйүнбек Касмамбетов.
Ақындарды құттықтаған Қырғыз Республикасы Жоғарғы кеңесінің төрағасы Талант Мамытов, Қырғыз Мәдениет және туризм министрі Қайрат Иманалиев, Қырғыз Республикасы Жоғарғы кеңесінің депутаты Қаныбек Иманалиев, Франциядан бейнеқұттықтау жолдаған қазақ-қырғыз айтысының жанашыры, «Айтыс» қоғамдық қорының президенті Садық Шерниязов жыр мерекесі биік межеде өткенін айтып, көрерменге алғысын жаудырды.
Қазылар алқасының шешімімен Мұхтар Ниязов, Нұрлан Есенқұлов, Ержеңіс Әбдиев, Алтынбек Ибрагимов, Амантай Кутманалиев, Баян Ахмадов, Жұлдызбек Төреканов, Мундузбек Боранчиев қатарлы сегіз ақынға ынталандыру сыйлығы (50 мың сом) табысталды. Жүлделі үшінші орын (150 мың сом) жерлесіміз Бөрібай Оразымбетов пен қырғыз ақыны Кубат Тукешовке бұйырды. Жүлде қоры 250 мың сомды құрайтын екінші орын қызылордалық Нұрмат Мансұров пен қырғыз елінің жүйрігі Турат Жумаевтың еншісіне тиген болса, аламанда шашасына шаң жұқпаған қос жүйрік Акматбек Сұлтанұлы (Қырғыз) мен Аспанбек Шұғатаев (Қазақстан)I орынға (350 мың сом) ие болды. Ал бас бәйгені олжалаған (450 мың сом) жерлесіміз Айбек Қалиев пен қырғыз ақыны Асылбек Маратов айтыстың жеңімпазы атанды.
Қырғыз елі тағайындаған негізгі жүлдеден бөлек ақындарға қомақты қаржылай сыйақы табысталды. Айталық, Жамбыл облысының әкімдігі тағайындаған 1 миллион теңге қазақ-қырғыз достығын асқақтата жырлаған Мұхтар Ниязов пен қырғыз Амантай Кутманалиевке тең бөлінді. Одан бөлек Қырғыз «Айтыс» қоғамдық қорының президенті Садык Шерниязов тағайындаған Тууганбай Абдиев атындағы сыйлық Мундузбек Боранчиевке, Ашыраалы Айталиев атындағы сыйлық Алтынбек Ибрагимовке, Эстебес Турсуналиев атындағы сыйлық Нұрлан Есенқұловқа, Бексултан Жакиев атындағы сыйлық Баян Акмадовқа, Элмирбек Иманалиев атындағы сыйлық Айбек Қалиевке берілді.
Елдік пен еркіндікті жырлаған қазақ-қырғыз ақындары сөз жарыстырмағанын, сөз жарастырғанын, ой таластырмағанын, керісінше табыстырғанын тілге тиек еткен зиялы қауым жыр бәйгесінен жақсы көңіл күймен тарасты.
БІШКЕК