Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі бейнеконференция режімінде адамдарды заңсыз әкетуге, әкелуге және сатуға қарсы күрес мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның 41-отырысын өткізді.
Кеңеске Жоғарғы сот, Бас прокуратура, Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Қаржы мониторингі агенттігі, 8 министрлік, Президент жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссия, Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталық, жергілікті атқарушы органдар мен ҮЕҰ өкілдері қатысты.
Ел Үкіметінің Адам саудасына байланысты қылмыстардың алдын алу, болдырмау және оған қарсы күрес жөніндегі 2021-2023 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарының орындалу барысы туралы отырысқа қатысушыларды Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Әлеуметтік қызметтер саясатын дамыту департаментінің директоры Альбина Боранбайқызы хабардар етті.
«Биыл 26 мамырда өткен ВАК-тың 40-отырысының қорытындысы бойынша, адам саудасына қарсы іс-қимыл саласындағы нормативтік құқықтық актілерді жетілдіру шеңберінде Әлеуметтік кодекс тұжырымдамасына Қазақстан аумағында уақытша болатын шетелдік адам саудасының құрбандарына арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетуді қарастыратын норма енгізілді. Қазіргі уақытта бұл норма мемлекеттік органдармен келісуден өтуде», деді ол.
Сондай-ақ ВАК-тың 40-отырысында барлық өңірдің әкімдіктеріне биылғы 14 маусымға дейінгі мерзімде өңірлік комиссиялардың отырыстарын өткізу тапсырылғанын атап өтті. Алайда бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша өңірлік комиссиялар Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Маңғыстау және Павлодар облыстарында өткізілмеді.
«Кешенді, бірлескен немесе келісілген ведомствоаралық, профилактикалық және жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу шеңберінде наурыз және маусым айларында ішкі істер органдары республика аумағында «STOP трафик» жедел алдын алу іс-шараларын жүргізді. Оның қорытындысы бойынша ІІМ аумақтық бөлімшелері Қылмыстық кодекстің түрлі баптары бойынша 87 сотқа дейінгі тергеуді бастады (қанау мақсатында адам ұрлау, қанау мақсатында бас бостандығынан заңсыз айыру, кәмелетке толмағанды жезөкшелікпен айналысуға тарту, кәмелетке толмағандарды саудаға салу, жезөкшелікпен айналысуға тарту, жезөкшелікпен айналысуға арналған притондар ұйымдастыру немесе ұстау және жеңгетайлық)», деп толықтырды Әлеуметтік қызметтер саясатын дамыту департаментінің директоры.
Бұдан басқа, отырыста Қазақстан аумағында уақытша тұратын шетелдіктерге және адам саудасының құрбаны болған азаматтығы жоқ адамдарға арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету бөлігінде қолданыстағы заңнамаға өзгерістер мен толықтырулар енгізу мәселелері қаралды. Осыған байланысты Еңбекмині 9 заңнамалық актіге: Қазақстан азаматтарымен тең дәрежеде тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін, құқықтық консультация беру, сондай-ақ соттарда, қылмыстық қудалау органдарында, өзге де мемлекеттік органдар мен мемлекеттік емес ұйымдарда мүдделерді қорғау және білдіру түріндегі мемлекет кепілдік берген заң көмегін, бастауыш, негізгі орта және жалпы орта білім, арнаулы әлеуметтік қызметтердің кепілдік берілген көлемін, жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шаралары – жаңа кәсіби білім, жұмысқа орналасу шарасын және т.б. алуға құқық беру бөлігінде түзетулер енгізуді талап ететін ұсыныстар дайындады.
«Заңнамаға ұсынылған түзетулер барлық мүдделі мемлекеттік органмен бірге талқыланып, қолдау тапты. Бұл нормалар шетелдік адам саудасының құрбандарына көрсетілетін көмек көлеміне тең дәрежеде қол жеткізуге мүмкіндік береді. Олардың тергеу мен қылмыстық қудалауға тартылуына қарамастан, әлеуметтік көмек көрсетуді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», деді А.Боранбайқызы.
Отырыс қорытындысы бойынша ведомствоаралық комиссия: мемлекеттік органдар мен облыстардың, Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкент қалаларының әкімдіктеріне Қазақстан Республикасы Үкіметінің Адам саудасына байланысты қылмыстың алдын алу, жолын кесу және оған қарсы күрес жөніндегі 2021-2023 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарының уақтылы және сапалы орындалуын қамтамасыз етуді, мемлекеттік органдарға «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мүгедек адамдардың өмір сүру сапасын жақсарту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын Қазақстан аумағында уақытша тұратын шетелдіктерге және адам саудасының құрбандары болған азаматтығы жоқ адамдарға ССБ беру бөлігінде келісу процесін жеделдетуді; облыстардың, Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкент қалаларының әкімдіктеріне осы жылдың екінші жартыжылдығында адамдарды заңсыз әкетуге, әкелуге және сатуға қарсы күрес мәселелері бойынша өңірлік комиссия отырыстарын өткізуді ұсынды.
Еске сала кетейік, өзара іс-қимылды үйлестіру үшін ВАК-қа төрағалық ету ротациялық негізде жүзеге асырылады.