• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Экономика 02 Қыркүйек, 2021

Иілмейтін инфляция

431 рет
көрсетілді

Қалаған уақытта қалаған биігіне шығып алатын бағаға әлсін-әлсін құрық лақтырған боламыз, бірақ асау баға ырық берер емес. Арқаға аяздай батқан баға саясатына Мемлекет басшысы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында назар аударды. Қ.Тоқаев «Инфляцияның бақылаусыз өсу проблемасымен бетпе-бет келдік. Үкімет пен Ұлттық банк бәрін әлемдік үрдіске жауып, инфляцияның алдында қауқарсыздық танытып отыр» деген сөзі арқылы бүтін елдің экономикасын жусатып өргізуге тиіс қос құрылымды ашық айыптады.

Президент инфляцияны 4-6 пайыз деңгейіне қайтару керек деген тапсырма берді. Шығандап кеткен баға өсімінің беті қайта қоя ма? Тап қазір жылдық инфляция тамыздың қорытындысы бойынша 8,7 па­йыз болып тұр. Шілдемен салыстырғанда азық-түлік тауарының бағасы – 0,1, азық-түлік емес тауарлар – 0,6, ал ақылы қызметтер 0,8 пайызға қымбаттаған.

Қаржыгер Расул Рысмамбетовтің айтуынша, Ұлттық банкте инфляция­ны тежейтін құралдар жоқтың қасы. Сондықтан қайткен күнде де Үкіметпен тізе қосып қимылдауы керек.

– Үкіметте өндірісті дамыту, өңірлік кәсіпорындарды республикалық деңгейге дейін көтеру және өңірлер арасында логистиканы дамыту сияқты ұзақ мерзімді құралдар бар. Инфляция – аса күрделі, көп компонентті құбылыс және оны күштеп жеңу қиын. Бұл жаман әдеттен туындайтын жүйелік ауру. Сол себепті инфляцияға себеп болатын жағдайларды жою – ұзақ жылдан бері шешілмей келе жатқан түйін. Инфляция көптеген компоненттен тұрады, сондықтан мемлекет оның деңгейін төмендетуді азық-түлік инфляциясынан бастайтын шығар. Үкімет тым құрығанда азық-түлік бағасын бақылап отыру үшін астық өндірісін дамытуы тиіс, – дейді қаржыгер.

EXANTE халықаралық инвес­ти­циялық компаниясының сарапшысы Андрей Чеботарев Президент тапсырмасы егер әлемдік ахуал өз кіндігінен ауыт­қып кетпесе, бәлкім келер жыл­дың ортасында орындалады деген ой айтады.

– Инфляцияның қазіргі дең­гейі 8,7 пайыз болып отыр. Ал базалық ставка – 9,25 пайыз. Яғни айырмасы 1 пайыздан аз. Осыған байланысты Ұлттық банк алдағы уақытта базалық ставканы көтеруі мүмкін. Әрине, жыл соңына дейін инфляция дәлізін 4-6 пайыз дең­гейіне оралту қиын. Егер әлемде жаңа­дан ештеңе пайда болмаса, онда бұл межеге келер жылдың ортасында жетуіміз мүмкін, – деді А.Чеботарев. 

Әлемдік инфляцияның ерекше қар­қынмен өсіп жатқанын ескерер болсақ, тіпті біздің жағ­дайымызды тәуір деп бағалауға болады.

– Ресей дағдарысқа 2 па­йыздан сәл жоғары инфляция деңгейімен кірді, қазіргі деңгейі – 6,68, АҚШ 2 пайыздан төмен болып кірді, қазіргісі 6 пайыздан асады, біз инфляцияның шамамен 6 пайыз шекарасында кіріп, қазір 8 пайыздан асырып отыр­мыз. Иә, біз тырысамыз, күре­семіз, бірақ біз де әлем­дік эко­номиканың бір бөлігі еке­ні­мізді ұмытпауымыз керек, – деді ол.

Tengenomika каналының жазуынша, елдегі инфляцияның өсуіне карантин шектеулеріне байланысты халықаралық жеткізу қызметінің бұзылуы, әлемнің ірі экономикаларындағы үлкен сұранысқа байланысты шикізат пен азық-түліктің күрт қымбаттауы сияқты сырт­қы факторлар әсер етіп отыр. Тиісінше, әсер етуші ішкі фак­торлар да бар, бұл – бюджет шы­ғыстарының теңгерім­сіз өсуі, импорттың қымбат­тауы ке­сірінен өндіруші шығын­да­рын­ың көбеюі және халықтың ин­­фляциялық күтулерінің артуы.

Жолдауда Мемлекет басшысы елдегі минималды жа­лақы мөлшері 42 500-ден 60 мың теңгеге артатынын айтты. Бұл көпшілікке жағымды жаңа­лық болғанымен, баға өсімі тұр­ғысынан аса пайдалы бола қоймауы ықтимал.

– Кірістің тең жағдайда артуы инфляцияның өсуіне жол ашады. Сондықтан мұны инфляция деңгейін түсіруге кедергі болатын фактор десек те болады. Бағаны тежеуге келер болсақ, әлемде ешкім бағаның алдына кесе-көлденең тұра алмайды, біздің де тұра қоюымыз екіталай. Мамыр мен маусымда өсімді сәл де болса тоқтатқандай болдық. Бірақ кейін қайтадан ырықтан шығып кетті. Біздің экономика импортқа тәуелді. Азық-түліктің басым бөлігі шеттен әкелінеді, тиісінше баға да өндірушілер мен жеткізушілерге байланыс­ты қымбат бола түседі, – дейді А.Чеботарев.

Әрине, дәл осы жерде азық-түлікті сақтау мәселесі алға шығады. Бұл енді өте әлсіз тұсымыз. Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметі бойынша, ел аумағында көкөніс сақтау қоймаларының тапшылығы 70 пайыз шамасында, кей өңір­лерде бұл теріс көрсеткіш 90 па­йызға таяйды. Сақтайтын орын­ның жоқтығы өнім шығынына соқтырады. Содан нарықта қат­ты тапшылық орнап, баға аспандап шыға келеді. Осы күрмеулі мәселе де  Президент назарынан тыс қалған жоқ.

«Мен бұған дейін көтерме-тарату орталықтарының желісін құрудың маңыздылығы туралы айтқан болатынмын. Бұл міндет орындалып жатыр. Осы орталықтардың ша­ғын ауыл шаруашылығы тауа­рын өндірушілерге, соның ішінде, жеке қосалқы шаруа­шы­лықтарға да қолжетімді болуын қамтамасыз ету маңызды. Бұл нарықтың монополиялануына жол беруге болмайды», деді Президент.

Сауда министрі Бақыт Сұл­тановтың айтуынша, қазір 7 көтерме-тарату орталығы бо­йын­ша келісімшарт жасалып, жұ­­­мыс басталған. Ведомство ин­­вес­­­тор­лармен 2022 жылғы егін­ге үлгеруге тырысып бағад­ы.

– Біз барлық қажеттілікті жап­паймыз. 24 көтерме-тара­ту орталығының 15-і – ауыл ша­руа­шылығы өнімдерін өндіру орындарында ашылатын агро­логиялық орталықтар, олар да барлық қажеттілікті өтей алмайды. Біз зәкір жүйесін жасаймыз. Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген отырысында тапсырғанындай, бизнес осындай көкөніс қоймаларын құру бойынша белсенді жұмыс істеуі үшін жұмыс жүргізіледі. Олардың барлығы зәкірлі жоба айналасында бірыңғай жүйеге құрылады, – деді министр.

EXANTE сарапшысы да Үкімет дәл осылай әлеуметтік ма­ңызы бар азық-түліктерге кө­ңіл аударуы керек деп санайды.

«Әлемде кеңінен қалып­тасқан тәсіл бойынша мұндай тауар өндірушілерге субси­дия, арнайы несие беріп, тұрақ­тандыру қорларын дұрыс пай­далануы керек. Мұндай қор­дың жалпы моделі тиімді бол­ғанымен, қорды басқару меха­низмі тиімсіз болып отыр. Соған баса назар аударған жөн. Меніңше, импортқа тәуел­ді­ліктен арылып, азық-түлікті өзіміз өндіретін күнге жеткенше, жан-жақты дамыған логистикалық транспорттық жүйе құрып, азық-түлікті сақтай алатын қоймалар жұмысын толық жолға қойғанша осы іспетті шараларды жалғастыру керек», дейді сарапшы.

Қазір әлеуметтік маңызды азық-түлік тауарларының тізімі 19 өнімнен тұрады: ұн, нан, кеспе, жұмыртқа, қарақұмық, күріш, қант, күнбағыс және өсімдік майы, еттің кейбір түрі (сиыр, тауық еті), сүт өнімдері (сүт, айран, сүзбе), көкөніс (картоп, сәбіз, пияз, орамжапырақ) жә­не тұз. Басқасын былай қойып, тек осы тауарлар бойынша ба­ғаны түсірудің өзі үлкен жетіс­тік болмақ. Қаржыгер Жал­ғасбек Ақболат мемлекеттің бағаны бақылауын «нарыққа араласу» деп бағалауға болмайтынын жеткізді.

– Ұлттық банк 2025 жы­лы инфляцияны 4 пайыздан тө­мен­детеміз деген үлкен мақ­сат қойып отыр. Бірақ оған бір өзінің шамасы жетпейді, Үкі­мет қатысуы керек. Үкімет өнім өндіру, тауар айн­а­лымын реттеу бойынша жұ­мыс істейді. Бұл жерде мемле­кет экономикаға араласып отырған жоқ, тек өзінің бақы­лау­шылық функциясын орындайды. Нарықтағы сұраныс пен ұсыныс заңы жұмыс істейді. Бірақ Үкімет осы сұраныс пен ұсы­ныс арасында болып жататын әділетсіздікті әшкерелеуі тиіс. Мәселен, былтыр дәрі баға­сы қымбаттап кеткен кезде Үкімет араласты. Бізде әлеу­мет­тік маңызды тауар саны – 19. Себетке кіретін осыншама тауар бағасы ұшқан кезде Үкіметтің оған араласуы, бақылауға алуы маңызды және қажетті, – дейді Ж.Ақболат.

Ұлттық банк төрағасы Ер­бо­лат Досаев Президент айтқан 4-6 пайызға оралу үшін барын салатынын айт­қан екен. Ол биыл 8 айдың қоры­тын­дысы бойынша жекелеген на­рықтардағы тұрақты теңгерім­сіздік нәтижесінде азық-түлік инфляциясының өсуі 11,4 па­йызды құрағанын, бұған жаздағы картоп пен сәбіз бағасының айрықша өсімі негізгі үлес қосқанын айтуды да ұмытпады.

«Үкімет пен әкімдердің негізгі күш-жігерін тауар өндірісінің, экспорт пен импорт балансын ескере отырып, ішкі нарықты жан-жақты толықтыруға жұмсау керек», дейді.

Жаһандағы небір өнерта­быс­ты кедейшілік тудырған деген тәмсіл бар. Сол сияқты инфля­циядан аяусыз зардап шек­кен Қазақстан сонымен күре­семін деп жүріп мықты инфра­құ­рылым, мінсіз логистика құ­рып, импорт тәуелділігінен ары­ла алса игі еді. Әйтпесе, біз­дің шенділердің ондай «ұсақ-түйекке» мойын бұрар ниеті байқалмайды...