Ұлттық бейнелеу өнері дегенде алдымен, осы өрелі өнердің кәсіби негізін қалап, шырқау биікке көтерген Әбілхан Қастеев, Орал Таңсықбаев, Молдахмет Кенбаев, Әубәкір Ысмайылов секілді талантты тұлғалар ойымызға келеді. Осы алыптардың ізін баса келген, көрнекті кескіндемеші, Қазақстанның халық суретшісі Жаңатай Шәрденов те бейнелеу өнерінде өз өрнегі мен қолтаңбасын қалыптастырды. Әсіресе көзіқарақты қауым суретшінің табиғаттың таңғажайып құбылыстарын көркем бедерлеген туындыларын ерекше бағалайды.
Мақаламызға шығармашылығы өзек болған суретшінің есімін мен алғаш рет белгілі қылқалам шебері Шыныбай Пірімбаевтің аузынан естідім. Ол кісі әңгіме арасында Шәрденовтің еңбектерін жоғары бағалайтындығын айтқан еді. Содан менің де осы суретшіге деген қызығушылығым оянып, шығармашылығына зер сала бастадым.
Бейнелеу де басқа өнер секілді түрлі жанрға бөлінеді. Соның ішінде пейзаж жанры ерекше орын алады. Жаңатай Шәрденов − осы жанрдың дамуына зор үлес қосқан тұлға. Үлес қосып қана қоймай, өзінше мектеп қалыптастырған деп айтуға болады. Оны өнертанушылар өз еңбектерінде жіліктеп жазған.
Мәселен, қылқалам шеберінің «Алатау бөктерінде» (1970), «Ағаш түбіндегі шағын үй» (1971), «Көктөбе» (1972), «Жас қайыңдар» (1975), «Алма-Арасан сайы», (1978) «Кешкі әуен» (1983) секілді картиналар осы сөзімізге толық дәлел болады. Автор мұнда адам мен табиғат арасындағы нәзік үндестікті бояу тілімен көркем жеткізе білген.
Сондай-ақ «Таулар», «Күн бату симфониясы», «Таудағы кеш», «Ымырт» атты еңбектеріндегі таулар бейнесі асқақтығымен ғана емес шынайылығымен де баурап алады. Жалпы суретшінің таулары – басқа шеберлер бейнелеген тауларға мүлде ұқсамайды. Көркемдігімен көз тартады.
Өнертанушы Ақбота Ілиясжанқызы Шәрденов туындыларындағы түстердің маңызына мән бере келіп: «Оның «Қысқы пейзаж» (1960), «Таудағы жылымық» (1973), «Биік тауда» (1972), «Алатау көрінісі» (1970) атты жұмыстарында керісінше, ашық, нәзік түстермен, яғни ақшыл - көк, күлгін, қызғылт, кейде қыстың ызғарын беретін суық түстер, енді бірде, көкшіл, ашық жасыл түстер басым болады. Бірақ суреткер қолданатын түстерді нақты айту қиын, өйткені, ол бір түсті шығару үшін бірнеше түсті келтіреді» деп жазады.
Сонымен қатар суретші шығармашылығында ағаштар мен гүлдердің де орны бөлек. Мысалы, «Күзгі емен», «Қара өрік гүлдеді», «Қызыл гүлдер», «Қыс. Ағаштар», «Қошқыл шыршалар» туындылары өзгеше формасымен ғана емес, түрлі-түсті бояуларымен де ерекшеленеді. Осыдан-ақ суретшінің сезімін, көңіл-күйін, табиғатқа деген көзқарасын айқын аңғарасыз. Ол кісі тек пейзаж ғана емес, натюрморт пен портрет жанрында да жемісті жұмыс істеп, айшықты туындылар қалдырды. Мысалы, жазушы Сапарғали Бегалин мен екі мәрте Кеңес Одағының Батыры, атақты ұшқыш Талғат Бигелдиновтің портреттері – осы жанрдың қазынасын байытқан үздік дүниелер саналды. Қылқалам шебері кейбір еңбектерінде бейнелеу мен ұлттық қол өнерді шебер үйлестіріп,текемет пен сырмақтардағы ою-өрнектерді туындыларына арқау еткен.
Жаңатай Шәрденовтің туындылары елімізде ғана емес, шет мемлекеттерде өткен көрмелерге қойылған. Оның ғажайып қолтаңбасы мен өнерін америкалық белгілі суретші Р.Кент жоғары бағалаған. Қабырғалы қылқалам шебері 1992 жылы дүниеден озды. Қазір бас шаһарда Жаңатай Шәрденов атындағы көше бар. Пейзаж жанрының жыршысы атанған талантты тұлғаның өнері ғана емес, есімі де ұмытылмайды деген осы...