• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Әдебиет 06 Қыркүйек, 2021

Фенимор Купердің «әдеби күнәлары»

325 рет
көрсетілді

Романтикалық фантастика жанрында жазылған романды жүйелеп отыратын 19 ереже бар, тіпті оның ұзын-ырғасы 22 деушілер де табылады. «Аңсақ» (әңгіме Фенимор Купердің «Зверобой» романы жайында – Марк Твен) романында соның 18-і бұзылады. 18 ереже нені талап етуші еді? 

 

Роман автордың көздеген ойын астарлап жеткізіп әрі қандай да бір көксеген мақсатын ашып көрсетуі керек. Алайда «Аңсақ» романында ешқандай ой да, мақсат та жоқ. Роман эпизодтары оның біте­қай­насқан бөлшегі болып, оқиғаны өр­бітуі қажет. «Аңсақ» роман да емес, сондықтан онда көркем ой да, меже де жоқ, шашыраңқы эпизодтар шала оқиғалар желісін тудырады. Шығарма қаһармандары тірі адамдар ма (әлде өлілер ме), оқырманға осының аражігін ажырататындай тым болмаса тұспал керек қой, әрі-беріден соң, «Аңсақта» бұл бұлыңғыр. Барлық кейіпкерді, тірісі мен өлісін, шығармаға қосу үшін нақты бір себеп пен негіз керек. «Аңсақ» мұны да айналып өткен тәрізді. Кейіпкерлер анық сөйлеуі керек, олардың өзара әңгімесі көшеде сөйлесіп тұрған тірі адамдардың сөзіне ұқсауы тиіс. Біз олардың нені және не үшін айтып тұрғанын қарапайым қисын бойынша ұғынуымыз керек қой, әңгіме соларға таныс әрі белгілі тақырып төңірегінде өрбуі керек, сонда оқырманға да қызықты болады, сюжеттің әрі қарай дамуына да сеп болып, кейіпкердің айтар сөзі таусылғанша тарқатыла беруі тиіс. Кейіпкердің сөзі мен ісі автордың олар жайлы айтқанына сәйкес келуі керек, «Аңсақта» бұл талап тысқары қалады, оған дәлел ретінде Натти Бампо образын алсақ та жеткілікті. Әрекет етуші кейіпкердің аса сәнді, күміспен түптеліп, алтынмен жиек­телген «Френд-гайп» томынан қалап алынғандай абзац басындағы сөзі, абзац соңында сауатсыз сайқымазақтың аузынан шыққандай сөзге айналмауы керек қой. Купер бұл талапты табалдырықта тастап кеткендей. Шығарма кейіпкерлері оқырманға өздерінің тұрпайы трюктерінің арғы жағында автордың орман жайын сұмдық білетіндігі жатыр деген ойды еркінен тыс таңбауы тиіс. Романда бұл талап та үнемі бұзылады. Кейіпкерлер қолдан келер мүм­кін­­дікті қанағат тұтуы керек және таң­ғажайып бірнәрсе жасап жіберуге ты­рыс­пағаны жөн. Бір таңғажайып нәрсе тудыруға батылы барды деген күннің өзінде ол шынайы әрі нанымды шығуы керек. Автор кейіпкерлердің тағдырына оқырмандарды қызықтыра әрі алаңдата білуі тиіс, жақсыларын жаратып, жа­ма­нынан жирентуі қажет. «Ал «Аң­сақтың» оқырмандары үшін жақсы кейіпкерді жақтыру былай тұрсын, іш тарту қиын, ал жаманының жайын да білгісі келмейді, тіпті оқырманда жақсы мен жаманы қосылып неге бір-ақ құрып кетпейді деген ой да қылаң беретіні жасырын емес. Автордың кейіпкерлерге берген мі­нездемесі барынша анық болғаны дұрыс, оқырман олардың қандай жағ­дай­да қалай әрекет етерін шамалап болса да болжай білмегі керек. Купер мұны да ұмытқан. Жалпы, осы жалпылама талаптардан бөлек нақты бірнеше міндет бар: Автор айтқысы келген ойды ашып айтуы керек, тұманды тұспалдармен шектеле беруге болмайды. Қажетті сөзді тауып қолдану керек, оның қырық ағайынын түгендеп шықпай. Керекті-керексіз деректерді қоп­сы­тып, қобыратып қоса беруге болмайды. Маңызды мәліметтерді мардымсыз дүниедей көрмеуі тиіс. Сөзді созбақтап, шұбыртудан аулақ болыңыз. Грамматикалық қате жібермеңіз! Түсінікті, қарапайым стильде жазыңыз.