Жаңа оқу жылының оффлайн басталуы аймақ оқушыларын шаттыққа бөлесе, бірқатар ауылда жаңа мектептер ашылып, балалар мен ата-аналардың қуанышын еселей түсті. Жалпы, биыл Алматы облысында барлығы 33 мектептің құрылысы жүргізілуде. Оның ішінде 10 мектеп жыл соңына дейін пайдалануға беріледі деп жоспарлануда. Ал басталған жаңа оқу жылында 1-сыныпқа 47 мыңға жуық бала барды. Аймақтағы оқушылардың жалпы саны 438 мыңға жетті.
Алматы облысында білім күні мерекесінде 6 жаңа мектеп есігін айқара ашты. Оның төртеуі тұрғындары тығыз орналасқан Іле, Қарасай аудандарында қолдануға берілсе, екеуі Панфилов және Ескелді аудандарында пайдалануға берілді. Алматы сияқты алып мегаполиске іргелес жатқан Іле ауданындағы урбанизация үрдісінің тоқтаусыз жүруі адамдардың әлеуметтік қажеттілігін өтеуге деген сұранысты да арттырып отыр. Оның ішінде балаларды мектеппен қамту мәселесі өткір тұр. Аймақтағы үш ауысымды мектептердің дені осы ауданға тиесілі. Ал атқарушы билік аталған проблеманы шешуге жұмылып-ақ жатыр. Жақында Іле ауданында бірден 900, 600 және 300 орынды 3 мектептің ашылуы бұған дәлел болса керек. Жаңа мектептер ауданның Қараой, Қосөзен және Боралдай ауылдарында ашылды. Жаңадан қолданысқа берілген үш жаңа мектепте енді 1 600 бала білім алып, 147 педагог жұмыс істейді. Оқу үшін барлық жағдай жасалған. Мектептерде модификациялық кабинет, акт және спорт залдары, лингафон және әдістемелік кабинеттері, компьютерлік сынып, шеберхана мен асхана, оқу залы мен кітапхана бар.
Сондай-ақ білім күнінде 450 орынға арналған тағы бір мектеп Қарасай ауданына қарасты Батан ауылында пайдалануға берілді. Биыл бұл аудандағы оқушы саны 72 мың баладан асқан. Яғни былтырға қарағанда оқушы саны 6 мыңға көбейіп отыр екен.
– Аудан халқы тығыз орналасқандықтан, мектеп құрылысының үш ауысымды оқытуды жоюға бағытталған үлкен әлеуметтік маңызы бар. Қазір Қарасай ауданында 4 100 орынға арналған 3 мектеп, оның ішінде «Асыл арман» шағын ауданында да салынып жатыр. Сондай-ақ 1800 орындық мектептерге 3 қосымша құрылыс нысаны салынуда. Сонымен қатар тағы 3 жаңа мектептің құрылысы үшін жобалық-сметалық құжаттама дайындалуда, – дейді Қарасай ауданының әкімі Жандарбек Далабаев.
Сондай-ақ Ескелді ауданына қарасты Абай ауылында да 180 орынды және 25 балаға арналған шағын орталығы бар жаңа мектеп қолданысқа берілді. Оның құрылысына жергілікті бюджеттен 1 млрд теңгеден аса қаражат бөлінді. Құрылыс жұмыстарын «Талас-Құрылыс» ЖШС мердігер компаниясы жүргізді. Жалпы, Ескелді ауданы үшін өткен оқу жылы өте сәтті өтті. ҰБТ тапсырған 360 түлектің 190-ы отандық жетекші жоғары оқу орындарында грант иегері атанса, тағы сегізі облыс әкімінің грантына ие болды. Ал 35 студент шетелде тегін оқиды. Жалпы ауданда өткен жылдың қорытындысы бойынша үлгерім деңгейі 61 пайыздан асты.
Тағы бір заманауи білім ошағы Панфилов ауданына қарасты Аққұдық ауылында ашылған болатын. 120 орынға арналған жаңа ғимарат құрылысын «Нұр-Шапағат Құрылыс» ЖШС жүргізді. 2 жылға кепілдікпен салынған білім ошағы барлық материалдық-техникалық жабдықпен қамтылған. Жалпы ауданы 2 736,84 шаршы метрді құрайтын ғимаратта 126 оқушыға 28 мұғалім сабақ береді. Панфилов ауданында шалғай мекендердегі мектептер де жаңалануда. Қазіргі уақытта екі нысанда жөндеу жұмыстары басталып кетті. Яғни Басқұншы ауылындағы 300 орынды және Қорғас ауылындағы орта мектептерге күрделі жөндеу жұмыстары іске асуда. Сондай-ақ облыс бюджетінен Кіші шыған ауылындағы мектептің жөндеу жұмыстарының жобалық-сметалық құжаттамасына қаражат бөлініп, конкурс жарияланды. Келесі жылы екі мектеп күрделі жөндеуден өтеді деп жоспарланған. Аудан мектептерінде 27 100 оқушы білім алады.
Бүгінде Алматы облысының мектептеріндегі оқу үрдісі санитарлық шектеулерді толықтай сақтап, «1 сынып – 1 кабинет» жүйесі бойынша дәстүрлі форматта өтіп жатыр. Мұнан бөлек білім мекемелері 100 пайыз Ashyq жобасына тіркелген. Оқу жылы басталғанға дейін мұғалімдердің 96 пайызы жұқпалы індетке қарсы вакцина салдырды.
Жалпы, жаңа оқу жылында облыстың білім беру саласының материалдық-техникалық базасын нығайтуға 5,5 млрд теңге бөлінген екен. Оның ішінде оқулықтар сатып алуға және кітап қорын жаңартуға 3,8 млрд теңге қарастырылған. Яғни оқушылар оқулықтармен 100 пайыз қамтылды. Сондай-ақ жыл соңына дейін қосымша 109 жаңа модификация кабинеті мен 23 STEM кабинетін жабдықтау жоспарлануда. Стандартқа сәйкес өңір мектептерінде қауіпсіздік жүйелерін жаңғырту бойынша жұмыстар жүргізілуде. Барлық мектеп, балабақшалар мен колледждерде бейнебақылау камералары орнатылған. Облыс мектептерін «дабыл түймелерімен» 100 пайыз қамту мақсатында жұмыс жүргізілуде. Бүгінде облыстық маңызы бар Талдықорған, Текелі және Қапшағай қалаларының 47 мектебінде полиция департаментінің жедел басқару орталығына тікелей жалғау үшін бейнебақылау жүйелерін жаңартуға конкурс жарияланды. Бұл мектептерде кіруді бақылау жүйесі бар 47 турникет орнатылады. Мектептерді күзетуді мамандандырылған күзет компаниялары жүзеге асырады.
Облыстың орта білім беретін мектептерінде 8 280 спорт секциясы мен үйірмелері жұмыс істейді. Оған 295 мыңнан астам оқушы қатысады. Бұл аймақтағы оқушылардың 69 пайызын құрайды. Жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 73 пайызға дейін жеткізу жоспарланып отыр. Ал қазір балалардың аула клубтарында 8 600 шамасында жасөспірім жаттығады. Сондай-ақ облыстағы 44 балалар мен жасөспірімдердің спорт мектептерінде 38 828 бала білім алып, шынығуда.
– Жалпы, спортпен айналысудың қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін биылдан бастап спорттық секцияларды қаржыландыруды жан басымен есептеумен жүргізілетін болды. Оқушылардың сан қырлы қажеттілігін қамтамасыз ету, саламатты өмір салтын насихаттау және денешынықтыру пәні мұғалімінің уақытты тиімді пайдалануы үшін мектептер ақысыз спорттық секциялар ұйымдастыруға міндетті. Атап айтқанда, мектепке дейінгі мекемелерде аптасына 2 сағат, мектептерде аптасына 3 сағат, техникалық және кәсіби білім беру мекемелерінде аптасына 4 сағат спорттық секция тегін жұмыс істеуі керек, – дейді облыс әкімінің орынбасары Батыржан Байжұманов.
Сондай-ақ жаңа оқу жылында аймақтағы арнаулы білім беретін оқу орындары да білім бәсекесіне ден қойды. Бүгінде Жетісу жерінде 76 колледж жұмыс істейді. Онда білім алатын тәлімгерлер 75 мамандық және 133 біліктілік бойынша мамандық алып шықпақ. Биыл колледждердегі 19 мыңнан астам студент немесе білім алушылардың 58,4 пайызы мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша оқиды екен. Былтыр 5 колледждің материалды-техникалық базасын жаңарту үшін республикалық бюджеттен 1,6 млрд теңге бөлінсе, 2021 жылы 7 колледж үшін тағы 2,0 млрд теңге бөлініп отыр. Бұл техникалық және кәсіби білім беру жүйесінің дамуына серпін беріп, жоғары білікті жұмысшы мамандарын дайындау ісін ілгерілете түседі. Сонымен қатар облыста студенттер үшін 1 718 орындық 9 жатақхананың құрылысы жоспарлануда. Былтыр Алматы облысында 818 орындық 4 жатақхана пайдалануға берілді. Олардың құрылысына жергілікті бюджеттен 4,4 млрд теңге бөлінген болатын.
Айтпақшы, биылғы жаңа оқу жылында облыстағы 3-6 жас аралығындағы бүлдіршіндерді балабақшамен қамту үлесі 95,4 пайызды құрап отыр. Жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 99 пайызға дейін жеткізу жоспарланған. Бүгінде мектепке дейінгі мекемелер штаттық режімде әр топта 20-25 баламен жұмыс істеуде. Аймақта балабақша ғимараттарының құрылысы да тоқтаусыз жүріп жатыр. Мысалы, жақында Жамбыл ауданы Мыңбаев ауылында «Айжұлдыз» атты балабақша ашылды. Оның құрылысына жергілікті бюджеттен 262 млн теңге бөлінген. Екі қабаттан тұратын 100 орындық ғимаратта балалар үшін барлық жағдай жасалған.