Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың алғысөзімен бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне арналған «Сөзтүзер. Қате қолданыстар сөздігі» жинағы жарық көрді. Бүгінде баспасөз беттерінде сөздер мен тіркестерді орынсыз немесе қате қолданушылар жиі кездеседі. Бұл мәселенің шешімі ретінде сөздерді қате қолданудың 2 мыңнан астам нақты мысалы жинақталған сөздік дайындалды. Айта кетейік, мұндай сөздік елімізде тұңғыш рет құрастырылып отыр.
Кітаптың тұсаукесер рәсімінде Мемлекет басшысының алғысөзін Президент Әкімшілігі Басшысының бірінші орынбасары Дәурен Абаев оқып берді.
«Тіл – ұлттың өзегі. Онда халқымыздың бүкіл бітім-болмысы көрініс тапқан. Бай әрі шұрайлы тіліміз ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, елімізбен бірге жасап келеді. Шын мәнінде, тіл – жанды ағза іспетті, ұдайы жаңарып отырады. Заман талабына сай жаңа сөздер қосылады. Кейбірі көнеріп, сирек қолданыла бастайды. Бұл – заңды құбылыс. Біз үшін ең бастысы – қастерлі тіліміздің ғасырлар бойы қалыптасып, уақыт сынынан сүрінбей өткен табиғатын бұзбай одан әрі дамыта түсу. Сауатты жазып, дұрыс сөйлей білетін халықтың тілі ғұмырлы болады», дейді Мемлекет басшысы. Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев ақпараттық технологиялардың қоғамға тигізер зардабына да тоқталып, тіл тазалығы мәселесінде бұқаралық ақпарат құралдарының маңызын атап өтті. «Қазіргі жастар әдеби шығарма оқығаннан гөрі тіл мәдениетінің талаптары сақтала бермейтін әлеуметтік желіде отырғанды жөн көреді. Бұл өскелең ұрпақтың дұрыс жазып, сөйлей білу қабілетіне кері әсерін тигізуде. Тіл тазалығын сақтау ісінде бұқаралық ақпарат құралдары ерекше рөл атқарады. Жұрттың бәрі маман емес. Журналистер қай сөзді немесе терминді қалай қолданса, көпшіліктің солай қабылдайтындығы жасырын емес. Сондықтан медиа саласы қызметкерлерінің сөз өнерін жетік меңгеруі аса маңызды», дейді Президент.
Журналистерге арналған сөздікті жасау идеясының авторы – Президент Әкімшілігі Басшысының бірінші орынбасары Дәурен Абаев болса, жоба жетекшісі – ҰҒА академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор Шерубай Құрманбайұлы.
«Сөзтүзер» туған тілді тұғырына нық қондыруға арналған жоба екенін айтқан Дәурен Абаев сөздіктің кино, сериал және мультфильмдегі аудармаларға да септігі тиетінін атап өтті. «Сөздік жасау үшін арнаулы жұмыс тобы құрылды. Оған еліміздегі белгілі ғалымдар мен тіл мамандары, жас редакторлар мен аудармашылар кірді. Жыл басынан бері жоспарға сәйкес, өте ауқымды жұмыстар жүргізілді. Елімізге тарайтын елуден астам республикалық БАҚ-қа мониторинг жасалып, мыңдаған қате қолданыс анықталды. Олар жан-жақты талданып, жіктелді», деді Президент Әкімшілігі Басшысының бірінші орынбасары. Оның айтуынша, сөздік, ең алдымен бұқаралық ақпарат құралдарына, университеттерге, мемлекеттік органдарға таратылады.
«Жыл соңына дейін арнаулы сайтқа салуды көздеп отырмыз. Сондықтан бұл жұмыстың басы деп есептейміз. Мұнан бөлек, Білім және ғылым министрлігі сөздікті мемлекеттік тапсырыс аясында жеткілікті деңгейде шығаруды жоспарлап отыр. Жұмыс тобы мүшелерінің журналистерге, баспасөз хатшыларына, баяндама жазатын спичрайтер мамандарға арналған шеберлік сабақтарын ұйымдастыру қажет», деді Дәурен Абаев.
Отыз баспа табақтан тұратын сөздік төрт ай ішінде дайындалған. Жинақта барлығы 2182 сөздік мақала жазылып, әсіресе баспасөз беттерінде жиі кездесетін қателер іріктеліп алынды. Зерттеу барысында республикалық белді елу бес бұқаралық ақпарат құралы қамтылғанын айтқан Шерубай Құрманбайұлы кітап мазмұнына тоқталды.
«Біздің мақсатымыз БАҚ тілінің мәдениетін көтеру болғандықтан, сөздікте мысалға алынған қателердің дереккөзі көрсетілген жоқ. Тек соңында ақпарат құралдарының жалпы тізімі ғана ұсынылды. Мұндағы әр мақаланың соңында қатенің себебі мен дұрыс нұсқасы берілген. Мәселен, бір телеарнада «көшпелі бұлт жүреді» деген тіркес жиі айтылады. Ақиқатында, бұлт жүрмейді: бұлт көшеді, бұлт басады, бұлт үйіріледі. Осы сияқты қателерді типтерге бөлдік. Тіл заңдылығы бойынша орфографиялық, орфоэпиялық, лексикалық және семантикалық, грамматикалық, функциялық қателер деп жіктелген. Ғалымдардың жасаған бұл еңбегі қазақ тілі мәдениетінің, жазу тілінің, сөйлеу тілі, оның ішінде БАҚ тілінің мәдениетін көтеруге практикалық тұрғыдан септігін тигізеді», деді жоба жетекшісі.
Сөздіктің жауапты редакторы – Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Байынқол Қалиұлы. Ал пікір жазғандар – ҰҒА корреспондент-мүшесі, филология ғылымдарының докторы Амантай Шәріп пен Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің профессоры Қаламқас Қалыбаева. Сөздікті құрастыруға Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры Жантас Жақып, Қыздар ұлттық педагогикалық университетінің профессоры Тыныштық Ермекова, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің оқытушысы, филология ғылымдарының докторы Орынай Жұбаева, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің доценті Ботагөз Сүйерқұл, редактор, аудармашы Назгүл Қожабек, редактор, баспагер Арман Әлменбет қатысқан.
Мәжіліс депутаты Сауытбек Абдрахманов әлеуметтік желілер сананы билеген бүгінгі қоғамда сөздіктің пайдасы үлкен екенін атап өтті.
«Аз уақытта отыз баспа табақ жинақ дайындау – ауқымды жұмыс. Жиі кездесетін екі мыңнан аса қате-мысалдың жиынтығы қазірдің өзінде редакцияларға нақты үлгі бола алады. Яғни журналист кез келген сәтте сөз тіркестерінің айтылуына күмән туған жағдайда «Сөзтүзерді» басшылыққа алады. Осы орайда радио мен телеарналарға арналған орфоэпиялық сөздік міндетті түрде керек екенін айта кетейін. Өйткені қазір қоғам сингармонизм заңдылығынан ажырап барады», деді Мәжіліс депутаты.
Іс-шараға Парламент депутаттары, іскерлік, қоғамдық, ғылыми және мәдени саланың өкілдері, журналистер, сондай-ақ еліміздің мемлекеттік БАҚ басшылары қатысты.
Сөздік ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы шеңберінде ұсынылып отырғанын айта кетейік.