• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Экология 06 Қыркүйек, 2021

Улы көлге бөлінген қаржы игерілмей ме?

799 рет
көрсетілді

Қашаннан Маңғыстау – донор облыс. «Өле жегенше, бөле же»дегендей, қой­науынан шыққан қара алтыннан түскен табысты күллі елмен бөлісіп, ортақ қазанға қомақты үлесін қосып келеді.

Маңғыстау облысы әкімдігі берген ақпаратқа сүйенсек, рес­публикалық бюджеттің доноры ретінде «Рес­пуб­ликалық және облыстық бюджеттер, ре­с­пуб­ликалық маңызы бар қала­лар, Астана бюджеттері арасын­дағы 2017-2019 жылдарға арнал­ған жалпы сипаттағы трансферт­тер­дің көлемі туралы» Қазақстан Рес­пуб­ликасының 2016 жылғы 29 қа­ра­шадағы №24-VІ Заңына сәй­кес Маңғыстау облысына 2017-2019 жылдарға келесідей көлем­де бюджеттік алып қоюлар белгі­лен­ген, мысалы 2017 жылға – 28 977 170 мың теңге; 2018 жылға – 31 316 423 мың теңге; 2019 жылға – 35 365 489 мың теңге.

Сонымен қатар 2020-2022 жыл­дарға Маңғыстау облысына рес­пуб­ликалық бюджетке «Республикалық және облыстық бюджеттер, респуб­ли­калық маңызы бар қалалар, астана бюджеттері арасындағы 2020-2022 жылдарға арналған жалпы сипат­тағы трансферттердің көлемі туралы» Қазақстан Респуб­ликасының 2019 жылғы 4 желтоқ­сандағы №275-VІ Заңына сәйкес төмендегідей көлем­дерде бюджеттік алып қоюлар белгі­лен­ген 2020 жылға – 8 213 586 мың тең­ге; 2021 жылға – 13 416 746 мың тең­ге; 2022 жылға – 19 493 443 мың теңге.

Көріп отырғанымыздай, «алып қоюлар» жағынан Маң­ғыс­тауды ұмыт қалдырмаған рес­публикалық бюджет Маң­ғыстаудың қажетіне келгенде неге шөміштен қағып келеді? «Алаған қолым – береген» деген бар, алайда Маңғыстау көп жағдайда «тоқалдан туғанның» кебін киіп жүр. Zertteu.kz сай­тының мәліметіне сүйенсек, республикалық бюджеттен ең көп қаржы алатын облыстар – Түркістан (838 млрд теңге), Ал­маты (623 млрд теңге), Қос­танай (314,7 млрд теңге), ал ең аз алатындар – Алматы қаласы (142,7 млрд теңге), Нұр-Сұлтан қаласы (130,8 млрд теңге) және Маңғыстау облысы (109 млрд тең­ге). Бергенінен алғаны көп бо­­лып көрінгенмен, жеме-жем­ге кел­генде жоғарыдан қаржылан­дырылатын жобалардан бас тарту, қаржы бөлінбей қалу, бөлінген қаржының кері қайтарылуы сынды әрекеттер жиі кездеседі.

Бір ғана мысал және маң­ғыс­тау­лықтар үшін ең ма­ңыз­­­ды, жанды және жылдар бойы жыр болған сүр тақы­рып – Қошқар ата улы көлі мә­­се­­лесі.

Радиациялық қаупі бар бол­­ғандықтан, оның адам ден­­­сау­лығына төндіретін қатері дә­лел­­ден­гендіктен маңызды бол­мағанда қайт­сін?! Қошқар ата көліне 2003-2007 жылдары «Қазақстан Республикасының Ұлт­тық ядролық орталығы», 2006 жылы «Эко­сервис» ЖШС ғы­лыми-зерттеу және мони­­­торинг жұмыстарын жүргізген. Осы зерт­­теулер нәтижесіне сай жылда жабы­лып, тұмшаланатын, залалсыздандыры­ла­тын болып жататын улы көлдің мәсе­лесі жыл сайын жартыкеш күйінде қа­лып келеді. Іске білек сыбанып келіп, құй­рығын бұлғаңдатып кететін Үкімет маңғыс­тау­лықтардың алдында әбден ұятқа қалып бітті. Ұят ұят-ау, сетіней тарқатылып, қақ­си сарқылып біткен елдің құзырлы орын­дарға деген сенімін айт­саңызшы...

Қошқар ата улы көлі тақы­рыбында «Egemen Qazaqstan» газеті бетінде бірнеше рет мәселе көтерген болатынбыз, «баяғы жартас – бір жартас». Бірақ біздікі айту, сондықтан тағы айтуға мәжбүрміз. Соңғы рет 2021 жылғы 18 наурызда «Улы көлдің «жыры» аяқтала ма?» деп Маңғыстау облысы әкімдігі баспасөз қызметінен Қош­қар ата қалдық қоймасын қалпына кел­тіру жұмыстарының бірінші кезеңі басталды деген жылымық хабарға аса қуана алмай, керісінше секемшіл дүдәмал оймен, әбден қалыптасып қалған сенімсіз­дік тұрғысында тіл қатқан едік. Биыл жыл басында Үкіметтен қолдау тауып, республикалық бюджеттен 3 жылға 15,5 млрд теңге қарастырылған жұмысқа сол кезде-ақ «қолға алынған биылғы «бірінші кезең» де да­бырамен басталғанымен соңы нәтижесіз бұрынғы баста­ма­лар­дың, «кезеңдердің» қатарын толықтырып тұрып алмаса деп тілейміз» деп аяқтаппыз мақа­ланы. Әулиелігіміз жоқ, әйтсе де кү­дік-күмәніміз дәл келді. Өткен жылы улы көлді залалсыздандыру жұмысы қайта қолға алынып, республикалық бюджеттен 100 млн теңге көлеміндегі қаражат бөлініп, мердігер ұйым­мен 15,5 млрд теңгеге келісім­шарт жа­салып, биыл наурыз айында өз қаражаты есебінен рекуль­тивациялау жұмыстарын бастаған мердігер бүгінге де­йін 100 га аумақты 300 000 текше метр то­пырақпен көмген екен. Алай­да, «жобаның мемлекеттік сараптама қорытындысы қайта қарауға ұсынылуына байланысты» бөлінген 100 млн теңге кері қайтарылып, басталған жұмыс тоқта­тылған. Қазір маң­ғыстаулықтар арасында қал­дық­тар қоймасына қатысты жұ­мыстардың тоқтағаны қы­зу талқыға түсіп, заңды алаң­дау­шылықты туындатып отыр. Заңды болатыны – жылдар бойы бастала бере тасталып, қосалқы қаржы көріне бере ғайып болып көзді алдаған улы көл жағдайы бұлай ойынға, ойыншыққа айналдыратын мәселе емес, мың­даған адамның тағдырына, тұтас ауылдардың тірлігіне әсері бар мәселе.

Маңғыстаулықтарға мұң бол­ған Қош­қар ата көлі өңірде уран өндірісінің ашы­луы­на байла­нысты Ақтаудағы кен байыту комби­натының ағынды радио­активті суларынан пайда болған. 200 мыңнан астам тұрғыны бар Ақтау қаласынан 3 шақырым, 70 мыңға жуық халқы бар Мұ­найлы ауданының Басқұдық ауылынан ­7 шақырым қашықтықтағы жал­­пы ауданы 66 шаршы шақырым­ды құрайтын радиоактивті қал­дық­тар қоймасына кезінде 105,1 млн тонна радиоактивті, соның ішінде белсенділігі 11,240 мың кюри болатын 51,8 млн тонна уран рудасының радиоактивтік қал­дықтары құйылған дейді де­ректер. Уран өндірісінің зардабы маңғыстаулықтар үшін күні бүгінге дейін аса маңызды, қор­қынышты тақырып болып ке­леді, бірақ оған Үкіметтің құ­­лақ түрмейтіні қы­зық... Мы­салы, тұрғындардың айтуынша, «Ұйқы­лы» кен орнындағы ашық әдіспен жүр­гізілген уран өндірісінің апандары әлі күн­ге дейін ашық күйінде жатса, осы уранды байытып-өңдеумен шұ­ғылданған тау-кен зауытының (ХГМЗ) қирандысы ауаға аса жоғары радиация таратуда.

– Кезінде радиация фоны өте жоғары локалды жерлер бетон­далған болатын, ал қалған жерлер фосфогипстің астында қалған (олардың радиациялық фоны нормадан 203 есе). Бірақ эрозия әсерінен қалдықтар қоймасының беткі қатты қабығы бұзылып, радиоактивті қалдықтардың желмен ұшып, ауаға таралу қаупі туды. Осыған орай ойпат­тағы ра­дио­активті қалдықтарды қандай технология пайдаланып залалсыздандырамыз деген сұрақ ту­ды. Радиоактивті қалдықтарды өңдеу, қорғасынмен жабу, баритпен жабу, теңіз суымен толтыру, топырақпен көму сынды бірнеше нұсқа қарастырылды. Қазақстан­да қолданып жүрген радиоактивті қалдықтар­ды өңдеу технологиясы жоқ екені белгілі. ­Жапо­нияға хабар салдық, әлі күнге шейін ха­бар жоқ. Себебін біле алмай отырмыз. Анық­тама үшін: жапондықтар инвестиция сала­­тын мемлекетті, жобаны өте мұқият зерт­тей­ді. Егер жемқорлық жайлаған ел бол­са сөй­лес­­пейді және бастарын сұқ­пайды. Екінші, үшінші, төр­тінші нұсқалар топырақпен кө­муге қарағанда өте қымбат. Ойпат­тың жалпы ауданы 77 шаршы шақырым, ал рекультивация жа­са­лынатын аудан жобамен 40-45 шаршы шақырым. Аумақ өте ауқымды, триллиондаған қар­жы керек. Топырақпен жабуға тоқ­тағаны сондықтан. Ол да арзанға түсіп отырған жоқ – 15,5 млрд теңге.

Біз қалдықтар қоймасын залалсыздандыру жұмыстарымен таныстық, жұмыс тоқтап қалған. Неге?

 Конкурс өтті, Мәжіліс депу­тат­тары болып көктем айын­да осы жылға 1 млрд теңге қар­жыны республикалық бюджеттен бөлдірттік. Жұмыс басталып, мердігер компания 500 млн теңгенің жұмысын жасаған, бірақ бөлінген қаржы Экология, геология және табиғи ресурс­тар министрлігінің есепшотын­да облысқа аударылмай әлі тұр. Министрлік «ЖСҚ қайта қара­уымыз керек, қазіргі технология қауіпсіздікті қамтамасыз ете ме?» деген мәселе көтеріп отыр. Олар ұйқыдан бүгін оян­ды ма? Кезінде бұл жоба бар­лық инстанциялардан, оның ішін­де экологиялық сараптамадан өткен жоқ па? Мемлекеттік са­рап­таманың қорытындысын ал­ған жоқ па? Енді басталып кеткен жұмысты қалай тоқ­татады? – деп жазды мәселеге орай же­лідегі жеке парақшасында Пар­ламент Мәжілісінің депутаты Е.Жаңбыршин.

Құзырлы орындардың істі тоқ­татудағы желеуі көптен бері «қа­зіргі технологияға» «кү­дік­тену» болып келеді. Топы­рақ­пен жабу күдік тудырса, бірден Е.Жаң­быршин жазбасында көр­се­тілген құны триллиондар­ды құрайтын радиоактивті қалдық­тар­ды өңдеу, қорғ­а­сын­мен немесе ба­рит­пен жабу сын­ды озық тәсіл­дерді неге қолдан­бай­ды? Орынсыз жерлерге жұм­са­лып жат­қан қаражаттың елде есе­бі жоқ, сол қаржыны қажетті орын­ға бұрған болса Қошқар ата қал­дық­тар қоймасы бұлай жыр болмас еді...

Депутат Е.Жаңбыршин жаз­ғандай, «бө­лінген қаржының Эко­логия, геология және таби­ғи ресурстар есепшотында облыс­қа ауда­рылмай әлі тұруын» ра­дио­активті қалдық­тармен дем­алып, тірлік кешіп, әр күнін үрей­мен өткізіп отырған маңғыс­тау­­лықтарды шөміштен қағу деп есепт­емеске амал жоқ, әлде «жаны ашымастың қасында ба­сың ауырмасын» деген осы ма?! Қош­қар ата улы көл қалдықтар қой­масын заманауи технология­лармен залалсыздандыратын уақыт жетті.

 

Маңғыстау облысы