• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 06 Қыркүйек, 2021

Көркем кешендегі келеңсіздік

177 рет
көрсетілді

2000 жылдан астам тарихы бар көне Тараз шаһарының соңғы жылдары сәулеттік келбеті артып, көркемдік кеңістігі кеңейіп келеді. Тараз дегенде, көпшіліктің көз алдына шығыстық үлгіде салынған ғимараттар, ықылым замандардан келе жатқан киелі орындар елестейтіні шын.

Мәселен, тарихи қаланың өзінде орналасқан әйгілі Қарахан кесенесі, ерте ислам дәуіріндегі жерасты мешіті сияқты қасиетті орындар да – тарихтың тылсым тереңіне алып баратын ғажайып дүниелер. Ал осы уақытқа дейін Тараз шаһарының негізгі келбетін сақтай отырып, көне дәуірлер мен бүгінгі замандағы сәу­леттік өнерді шендестіретін бір туын­ды керек-ақ еді. Оның да орайы келіп, облыс орталығынан «Көне Тараз» кешені бой көтерген болатын. Сол кездегі облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің бастамасымен са­лынған бұл кешен жергілікті жұрт­шылық үшін де жақсы жаңалық болды. Көпшіліктің көзайымына айналған сәні мен салтанаты келіскен ғимараттар шаһардың да шырайын ашып, сәулетін арттырды. Бұдан бөлек, кешен ішіндегі арбат, амфитеатр, алып «Сағат» стелласы сияқты нысандар да Әулиеата өңіріндегі игі бастамалардың бірі еді.

Тараз қаласының орталығындағы «Көне Тараз» этномәдени кешені 2019 жылы облыстың 80 жылдығына орай ашылды. Кешеннің жалпы жер көлемі 2,4 гектарды құрайды. Бас жоспар бойын­ша аталған орталықта 9 нысанның құрылысы жүргізілген. Құрылыс жұмыстарына 3 мил­лиард 629 миллион 574 мың теңге бөлініп, бөлінген қаражат толықтай игерілген. Бұл күнде аталған кешендегі ғимараттар облыстық тарихи-өлкетану музейі, облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасына қарасты «Тарихи ескерткіштерді қорғау және қалпына келтіру» дирекциясы, Шерхан Мұртаза атындағы «Руханият және тарихтану» орталығы, облыстық туризм басқармасы сияқты мекемелерге пайдалануға берілген.

Алайда Тараз шаһарының төлқұжатына айналған кешен аума­ғындағы бірқатар ны­сан­­да биыл үшінші жыл қата­ры­нан жылу болмай отыр. Ке­зін­де аталған нысандарға күн кө­зі­нен қуат алып, сол арқылы ішке жылу тарататын құрылғы ор­на­тыл­ған екен. Бірақ ол жүйе әлі күнге дейін іске қосылмаған. Күн суытса болды, мұндағы қыз­­­меткерлер дірдек қағып, ка­­би­­не­тінде де қалың киінуге мәж­­бүр. Сәні келіскен еңселі ғи­­мараттардағы жылу мәселесі осылайша, әлі күнге дейін реттелмей отыр. Алда қылышын сүй­ретіп қыстың келе жат­қа­нын ескерсек, бұл мәсе­ле­нің ма­ңыздылығы одан сайын арта тү­се­тінін көреміз. «Тараз қала­сының орталығынан «Көне Тараз» кешенінің бой көтер­гені бәрі­міз үшін де рухани олжа болды. Бірақ ғима­рат­тар­­дың қысқа дайын еместігі, орта­лық­тан­дырылған жылу жүйесіне қосылмауы келеңсіз жағдай болып тұр. Негізінде аталған нысандар 2019 жылы облыстың 80 жылдығына орай 25 желтоқсан күні ел игі­лігіне берілген болатын. Қа­рап тұрсақ, уақыт зымырап өтіп барады. Осы жерде екі қыс қыс­тап, биыл үшінші мез­гі­л­ге аяқ басқалы отырмыз. Дейтұрғанмен, ғимаратымыз алдағы қыс мезгіліне де еш дайын емес. Ғимараттарды салған мер­ді­гер­лердің есептеуі бойынша қо­йыл­ған 12 майлы радиатордың 6 радиаторы істен шығып, жарамсыз болып қалған. Осы мәселені әу бас­тан көтеріп келе жатырмын. Әлі де аталған ғимараттарды қа­ланың орталықтандырылған жылу жүйесіне қосса, оң шешім бо­латын еді», дейді Шерхан Мұртаза атындағы «Руханият және тарихтану» орталығының директоры Сауран Қалиев.

Шын мәнінде, аталған орта­лық ұлы жазушының атына берілген өңірдегі жалғыз рухани орын. Бұл жерге елімізге танымал атақты қаламгерлер де, лауазымды тұлғалар да, жастар да жиі келеді. Енді осындай орталықтың әлі күнге дейін жылусыз отырғаны жергілікті басшыларға да сын. Қыстың көзі қырауда осы жерде бір жиын өтетіндей жағдай болса, аталған мекеме қызметкерлері электр пешін қосып, оны түні бойы күзетіп отырады екен. Басқа амал жоқ. Басқа-басқа, атақты қаламгердің атына берілген орта­лықтың жылусыз күйі тиісті бас­шыларды алаңдатпайтын сияқты. Сондай-ақ аталған кешен аумағында облыстық туризм басқармасы мен аталған басқармаға қарасты облыстық «Туристік ақпараттық орталығы» да орналасқан. Бұл жерде де жиырмаға тарта қызметкер жұ­мыс істейді. Аталған мекемелер Әулиеата өңіріне келген турис­­­­терге бағыт-бағдар беретін, жол көрсететін орталық. Келген турис­тер Жамбыл өңірі туралы кез келген ақпаратты осы жерден алады. «Біз келген туристерге өңір туралы кез келген ақпаратты тегін береміз. Қай жерде тарихи орындар мен демалыс орталықтары бар, қай жерде жайлы қонақүй, дәмхана бар, ол туралы барлық мәліметті бізден ала алады. Ғимарат жұмыс істеуге қолайлы. Бірақ бізде де жылу жүйесі жоқ. Қыстың күні де бөлме ішінде қалың киініп отырамыз. Жаураған соң, элек­тр пешін қосып қоямыз. Күн суық­та қолөнершілердің де жұ­мыс істеуіне ыңғайсыз. Олар да күн суықта бұл жерде отыра алмайды», дейді облыстық туризм басқармасы «Туристік ақ­па­раттық орталығының» қыз­мет­­кері Айдана Бақбер­ген­қызы. Шынында да, мұн­дағы қыз­мет­кер­лер қақаған қыста өңір­ге сая­­хаттап келушілерге қыз­мет көр­сет­пек түгіл, өз басымен әуре болады. Себебі сол, тағы да жылу­дың жоқ­тығында. Ал бұл ғи­ма­рат­тар­дың не себепті жылу жүйе­сіне әлі күнге дейін қосылмай отырғаны бел­гісіз.

Бүгінде «Көне Тараз» кешені Тараз қаласы әкімдігінің тең­ге­ріміне берілген. Бірақ бұл мәселеге бас қатырып жүрген басшылар тағы жоқ. Жылу мәселесіне байланысты қалалық құрылыс бөлімінің басшысы Төлеген Бибосыновтың берген мәліметінде, нысандарды жылумен қамту бойынша 2019 жылғы 22 қазан күні қала әкімінің сол кездегі орынбасары Бейсенбек Жанбосыновтың төрағалығымен өткен жиын тех­ни­калық хаттамамен бекітіл­ге­ні жазылған. Сонымен қатар «Орталықтандырылған түрде қарастырылған нысандарды жылумен қамтамасыз ету жылу жү­йесінде бу тамшыларын қол­дану мәселесімен шешілді. Күн ба­тареяларын сатып алу, ор­на­ту, монтаждау сметалық құн ше­гінде алып тасталатын және қосылатын жұмыс түрлері есебінен орындалады» деген түсініксіз ақпарат бар. Ал «Көне Тараз» кешенінің қашан, қай кезде орталық жылу жүйесіне қосылатыны туралы ақпарат атымен жоқ. Бірақ өздері айтып, мәселе шешілді деп отырған 2019 жылдан бері екі жылдан асты ғой. Әуел бас­та аталған ғимараттарға жылу шағын күн электр стансасы жүйесі арқылы беріледі де­лін­ген. Бірақ арада жылдар өтсе де мұның еш нәтижесі болмай отыр. Осы­лайша, өңірдегі руханияттың, туризмнің дамуына үлес қосады деген мекемелердің мәселесі әлі күрделі күйінде қалып келеді...

 

Жамбыл облысы