Қазақстандық зиялы қауым өкілдері мен кітапханашылардан құрылған делегация өкілдері «Соғыс және бейбітшілік» атты халықаралық экспедиция жобасы бойынша Ресей мемлекеттік кітапханасында Абай Құнанбайұлы, Жамбыл Жабаев пен Мұқағали Мақатаевтың шығармашылығына арналған халықаралық көрмеге қатысуда.
Көрмеде ресейлік және қазақстандық кітапханалардың сирек кездесетін басылымдары ұсынылды. Сондай-ақ хакім Абайдың жарық көрген алғашқы кітабы да қойылды.
Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында ұйымдастырылған халықаралық экспедицияға Ресей Мемлекеттік кітапханасының директоры Вадим Дуда, Қазақстан Ұлттық академиялық кітапханасының басшысы Үмітхан Мұңалбаева, Ресей Жазушылар одағының басқарма төрағасы Николай Иванов, ресейлік қаламгер Григорий Пряхин, Қазақстан Жазушылар одағының мүшелері Баянғали Әлімжанов, Мерей Қарт, Әлібек Байбол, ЕҰУ профессоры Сейдахмет Құттықадам және басқа да екі елдің ғылыми және шығармашылық қауымы қатысуда.
Бағдарламада Абай мен Пушкин ескерткіштеріне гүл шоқтарын қою жоспарланған. Қазақстан тарихын, мәдениеті мен әдебиетін насихаттау мақсатында өтіп жатқан іс-шарада Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 76 жылдығы, Мәскеу шайқасының 80 жылдығы және Ржев түбіндегі ұрыстардың басталуы аясында Мәскеу мен Мәскеу облысындағы жауынгерлердің жерленген жерлеріне бару да көзделіп отыр.
Жоба қатысушылары Ұлы Отан соғысы кезіндегі мемориалдық және мұражай кешендерін аралап, Ржев ауданы Трубино ауылының тұрғындарымен кездесулерге қатысады, сондай-ақ Мәскеу қаласы М.И.Рудомино атындағы шетел әдебиеті кітапханасында «Кітапханалар – Жеңістің куәгерлері» тақырыбы бойынша дөңгелек үстел өткізеді. Бұл жоба Ұлы Жеңістің 75 жылдығына арналған ТМД елдері мен Шанхай ынтымақтастық ұйымының ұлттық кітапханалары бірлесе жүзеге асырып, Жеңіске үлес қосқан адамдар туралы кітаптардың, баспа шығармаларының және жазбалардың бай материалдары жиналып, М.И.Рудомино атындағы кітапхананың сайтына орналастырылды.
«Балалар мен жасөспірімдер әдебиеті» жылының бағдарламасы аясында балалар авторларымен және иллюстраторлармен кездесулер мен Ресей мемлекеттік балалар кітапханасында дөңгелек үстел өткізу де ұйымдастырылмақ. Қазақстандық және ресейлік зиялы қауымның кездесулері мен бірлескен іс-шаралары мемлекетаралық байланыстарды нығайтып, Қазақстан мен Ресей арасындағы бірыңғай мәдени-патриоттық кеңістікті қалыптастырудың көпірі болмақ.
Жобаны ұйымдастырушылар мен қатысушылар Қазақстан мен Ресей кітапханаларының оқырмандарын таныстыру және балалар мен жастармен басқа да патриоттық іс-шаралар өткізу үшін Мәліметтер базасы мен материалдар жинағын қалыптастыруды мақсат етіп отыр.