Қазақстан аграрлық салаға негізделген мемлекет болғандықтан, ауыл шаруашылығын дамытпай, ел экономикасын өркендету мүмкін еместігін Президент бұған дейінгі Жолдауларында да үнемі айтып келеді.
Бұл жолы да аграрлық сала бойынша жөнге салуға тиіс түйткілді мәселелерді көрсетіп берді. Атап айтқанда: ауыл шаруашылығындағы жемшөп дайындайтын жерлерді кеңейту, ауыл маңында мал жаятын жайылым жерлердің жоқтығы, латифундистердің иелігіндегі игерусіз жатқан жерлерді шағын фермерлік қожалық иелеріне қайтадан әділ жолмен бөліп беру, субсидия мәселесін жетілдіру, т.б. маңызды мәселелер бойынша Үкіметке нақты тапсырмалар берді.
Ауылдарда қазіргі кезеңде ең тапшы мамандардың бірі – мал дәрігерлері. Бұл тұрғыда да Жолдауда ветеринария қызметін қазіргі заман талабына сай жетілдіру керектігіне, ветеринар мамандардың жалақысын көбейтетіндігіне тоқталып, осы саланы реформалау бойынша нақты шаралар қабылдауды тапсырды. Ауылды өркендету – ұлттың мерейін көтеру. Отандық сапалы азық-түлік өнімдерімен қамтамасыз ету – аса маңызды стратегиялық мәселе. Сондықтан да Президенттің ауыл шаруашылығының дамуына баса назар аударғаны орынды деп есептеймін.
Өзім өнер адамы болғандықтан да мәдениет қызметкерлерінің, атап айтқанда, кітапханашы, музей қызметкері секілді мамандардың жалақысы 2025 жылға дейін жыл сайын 20 пайызға көтерілетіндігі көңілге қуаныш ұялатты.
Ғылымды дамыту – елдің аса маңызды басымдығы екендігін қадап айтты. Ғалым ретінде ғылым саласын гранттық қаржыландыру мерзімін бес жылға ұзарту мәселесін де қуана құптаймын.
Ұлт болашағы – тәрбиелі, білімді ұрпақ. Сондықтан да Президенттің 2022-2025 жылдар аралығында жаңадан мың мектеп салуды тапсыруын – ұрпақ болашағына жасалған қамқорлық деп түсінемін. Халықаралық олимпиада жүлдегерлері болған оқушыларды материалдық, рухани ынталандыру, сыйақы тағайындау еліміздің мерейін асқақтатар дарынды балалардың қатарын көбейте түсетіні ақиқат. Ол үшін де Президентке рахмет айтамыз.
Мемлекетіміз қуатты, халқымыз ынтымақты, ұрпақтарымыз білімді, болашағымыз жарқын болсын!
Аманжол ӘЛТАЙ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері