Бүгінде цифрландыру саласында бәсекелестік жоғары. Сондықтан Қазақстан үшін заманауи цифрлы технологияларды енгізу әрі қолдану өте маңызды. Бұл үшін отандық ІТ-секторды дамыту керек. Президенттің биылғы Жолдауда бұған ерекше мән беруі де тегін емес.
Дәлірек айтқанда, Мемлекет басшысы цифрландыру туралы ұлттық жоба аясында кем дегенде жоғары санатты 100 мың IT-маман әзірлеуді тапсырды. Бұл ретте экспорттық және цифрлы сала бойынша тауар қызметі 2025 жылға қарай кем дегенде 500 млн долларға жетуі тиіс. Президент мемлекеттік секторды цифрландыруда осы және өзге де міндеттерді қайта қарастыруы қажет екенін алға тартты.
100 мың ІТ-маманды әзірлеу қиындық тудырмайды. Әрине, кадрларды даярлау Білім және ғылым министрлігінің құзыретіне жатады. Дегенмен Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі де игі іске атсалысатыны анық. Astana Hub технопаркі де қалыс қалмақ емес.
Мәселен, Цифрлық даму министрі Бағдат Мусиннің тапсырмасына сәйкес біздің технопаркте Tech Orda жобасы жүзеге асырылуда. Бұл – ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласындағы адами капиталды дамытуға бағытталған бағдарлама. Бағдарлама студенттердің ІТ-салада білім алуына қаржы бөледі.
Айталық, Білім және ғылым министрлігі жоғары оқу орындарына грант бөлсе, біз қысқа мерзімді уақыт ішінде жекеменшік мектептерде ІТ-дағдылардың қалыптасуына күш саламыз. Оқу 6 айдан 2 жылға дейінгі мерзімді құрайды. Аталған бағдарлама бойынша бес жылдың ішінде 20 мың заманауи ІТ-маманды даярлау жоспарланып отыр.
Жалпы алғанда, Қазақстандағы ІТ-нарықтың экономикадағы үлесі аса жоғары емес. Дегенмен сала дұрыс бағытта әрі жедел түрде дамып келеді. 2018 жылы Astana Hub технопаркі құрылды. Технопарк ІТ-саладағы компанияларға толыққанды қолдау көрсетеді. Оның ішінде салықтық жеңілдіктер де бар. Бүгінде Astana Hub-қа 520 ІТ-компания тіркелген. Үш жылдың ішінде олардың таза табысы 150 млрд теңгені құрады. Ал 2020 жылғы экспорттық табысы 14 млрд теңгеге тең.
Бұл көрсеткіштердің әлі де өзгеретіні анық. Өйткені біздің тарапымыздан үлкен жұмыс жүргізіліп жатыр. Бағдарламалық оқу курстары, бизнес-инкубаторлар, стартаптарды акселерациялау өз жемісін береді деп сенемін. Сондай-ақ технопарктің базасында Alem бағдарламалаудың инновациялық мектебі жұмыс істейді. Ол әлемге әйгілі француз мектептерінің моделіне негізделген.
Біздің саладағы негізгі проблема – адами капиталдың аздығы. Президенттің бұған назар аударуы өте орынды. Қазақстан ІТ-салада ірі табыстарға қол жеткізуі үшін білікті кадрлардың санын көбейтуі керек. Сондықтан Президенттің бұл бастамасын толық қолдаймыз және оның жүзеге асырылуына барынша үлес қосамыз. Ол үшін отандық мамандарды даярлауға басымдық бермекпіз. Оның ішінде өңірлердегі жұмысты барынша жандандыруға тиіспіз. Бұл – бір. Екіншіден, шетелдік ІТ-мамандарды тартқан абзал. Олар үшін бізде жеңілдетілген визалық режім қарастырылған. Оның үстіне шетелдік стартаптар 20 млн теңге көлеміндегі қаржыны ала алады. Оларға бір ғана шарт қойылып отыр – Қазақстанға қоныс аударуы керек. Қазірдің өзінде Astana Hub-қа 50-ге жуық шетелдік компания тіркелді. Демек, біздің нарық шетелдіктер үшін тартымды.
Мағжан МӘДИЕВ,
Astana Hub технопаркінің бас директоры