Көктемгі егіс уақтылы аяқталған. Үміт мол еді. Диқан қауым 5 047 мың гектар жерге дән сіңірді. Бұрыннан тусырап жатқан бос жерлер игеріліп, алқап көлемі 178,7 мың гектарға кеңейді.
Әйтсе де, көктем мен жаздың алғашқы айларында көктен иімей, ылғал мүлде түскен жоқ. Алқапқа сіңірілген дән қылтиып шыққанымен, бойындағы қуаты таусылған соң одан әрі көктемей қалды. Жаз ортасы ауа егіннің сабағы қатайып, масағы да бүрісе бітіп, дән кішірейді. Соңғы жылдары дәл мұндай ауыл шаруашылығы үшін қолайсыз жыл болмаған шығар. Ел байлығы есебіндегі алқапқа көзі түскен сайын диқанның да, ырыстан дәмелі болып отырған өзге жұрттың да бойын биыл қалай болар екен деген күдік биледі. Кенезесі кепкен далаға қарап алаңкөңіл болған диқан қауым бүгінде егіннің жалғыз дәнін ысырап қылмай жинап алмақ болып жанталасып жатыр.
Дән қылтиып шығысымен дәрілеу жұмыстары жүргізілді. Алқаптарда арагідік кездесетін арамшөптер оталды. Көк егінге өш зиянкестермен күрес жүргізілді. Құрғашқылықтың салдарынан пайда болатын әрқилы аурудың алдын алуға тырысты.
Көңілді күдік билеген жазды өткеріп, алтын астық піскен күз де келіп жетті. Күзгі дала жұмыстарына 8,5 мың астық комбайны жұмылдырылды. Бір айта кетерлігі, облыс диқандары жыл сайын машина-трактор паркін жаңартып, өнімділігі жоғары техника сатып алуда. Бұл астықты өңір үшін өте маңызды жайт. Таяуда Солтүстік Қазақстан облысының егістік алқаптарын аралап көрген кезінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев агроөнеркəсіп кешенін озық техникамен қамтамасыз ету қажет екендігіне айрықша назар аударған болатын.
Осы орайда Мемлекет басшысы «Үкімет ауыл шаруашылығы еңбеккерлерін осындай техникалармен қамтамасыз етуге көмек беруі керек. Егер заманауи техника болмаса, біздің ауыл шаруашылығымыз дамымайды. Бұл – анық дүние. Сондықтан Үкімет менің тапсырмам бойынша тиісті жұмыстарды жалғастырады. Екіншіден, бұл техникалар ауыл шаруашылығы еңбеккерлеріне қолжетімді болуы керек. Несиеге қатысты саясат жалғаса береді. Несие мөлшері төмен болуы тиіс. Мен бұл мəселеге баса мəн беремін», деп атап өткен болатын.
Ақмолалық диқандардың қолда бар астық комбайндарының 3,5 мыңы жоғары өнімді техника. Сөз арасында биыл алғашқы жеті айда жалпы құны 43,7 млрд теңге болатын 208 астық комбайны, 349 трактор, 83 егіс кешені алынғанын айта кетелік. Қаражатын тірнектеп жинап, болашағын ойлаған ауыл шаруашылығы ұжымдары қажетті техниканың қымбаттығына қарамастан, қауқарын арттыра түсуде. Материалдық-техникалық базаның нығаюы ауыл шаруашылығы құрылымдарының алдынан кең жол ашпақ. Техниканың жыл сайын жаңарып отыруы диқандардың қолын ұзартады. Тәжірибелі диқандардың айтуына қарағанда, ең керектісі де осы. Олай болатындығы, солтүстік өңірдің күзі құбылмалы. Ырғалып-жырғалып жүріп алса, сүмбіле де басталып кетуі ғажап емес. Ондайда бар еңбек ысырап болмақ. Сондықтан бар дәнді уақтылы жинап алған жөн. Астық тасымалында қазір 14,5 мың трактор мен 5 мыңға таяу жүк көліктері жүр.
Ауыл шаруашылығы құрылымдарының алдында тұрған басты мәселе – механизаторлардың жетіспеушілігі. Бұрынғы техника құлағында ойнаған майталман механизаторлар легі әлдеқашан зейнет демалысына шығып кеткен. Кейінгі жас толқын көктемде бір, күзде бір сұраныс болатын мамандыққа онша құштар емес. Оның үстіне өтпелі кезеңнің өкпек желі де дала тарландарының қатарын селдіретіп жіберді. Еңбегі еш болып тұрған сол кезде механизаторлардың қолына нақты еңбекақы тимеді. Бір қолын екі ете алмай отырған серіктестіктер мен шаруа қожалықтарының басшылары механизаторлардың еңбекақысын астық қалдығымен, шөп, сабанмен төлеп құтылды. Осыдан кейін жастардың бейнеті көп мамандықты игеруге ынтасы кеміді. Екінші бір жайт – ауыл шаруашылығы колледждеріндегі механизатор мамандарын даярлау мәселесі. Қазір олардың басым көпшілігінде бағзы заманның астық комбайндары мен тракторлары оқытылуда. Жыл сайын техника жаңарып жатқан уақытта бұл өте жаңсақ үдеріс. Мұндай көнерген техника қазір алқаптарда жоқ. Қазіргі техниканы меңгеру үшін өзгені былай қойғанда, компьютерді меңгеру керек. Демек дәл осы салада соны серпіліс болмаса, ауыл шаруашылығының кадр мәселесі қожырай бермек.
Астық қабылдау кәсіпорындары күні бұрын әзір болған. Ара-жігін ажыратып айтқанда, бұл тарапта өткен жылдардағыдай қарбалас жоқ. Жаздың ыстық болуы себепті дәндегі ылғал көп емес. Сондықтан кептіру, құрғату жұмыстары қолбайлау болып тұрған жоқ. Есесіне бидайдың қамырлылығы өте жоғары. Демек бағасы да құнды болмақ. Ауыл шаруашылығының еңбеккерлері астық бағасы жоғары болса, еңбектерінің өтеуі болатындығынан дәмелі. Күзгі егін орағы кезінде алқаптан қырманға жеткізілген дәнді ысырап қылмай сақтау да аса маңызды мәселенің бірі. Ақмолалық диқандар бұл жайды ертерек ескеріп, 6,5 млн тонна астық сақтайтын қосымша мүмкіндік қарастырған. Оның 3,2 млн тоннасы элеваторларға тиесілі болса, 1,3 млн тоннасы қоймаларға құйылмақ. Ал ауыл шаруашылығы кәсіпорындарында 2 млн тонна астықты ысырапсыз сақтауға толық мүмкіндік бар.
Жыл сайын астықты өңірдегі қарбалас кезінде жанар-жағармайдың жетіспей, ілгері басқан қадамның кейін кетуі кездесіп тұратын. Уақытпен санаспай жұмыс істейтін диқандар үшін ашық күннің қас қағым сәті қымбат. Биыл орақ науқанына қапысыз қамданған ауыл шаруашылығы құрылымдарына әр литрі 184 теңгеден 77 мың тонна жанармай жеткізілді. Ораққа қажетті барлық техника тегіс жөнделіп, дала төсіндегі ұлы жорыққа дайын тұрды.
Егіннің ерте пісуіне байланысты астық үшін арпалыс жылдағы мерзімнен сәл ертерек басталды. Бүгінге дейін 2 982,5 мың гектар алқаптың астығы орылды.
– Гектар берекесі әзірге 8 центнерден айналуда, – дейді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Еркеш Әленов, – соңғы тәуліктерде жауын бүркіп, аздап қолбайлау болып тұр. Бірақ жұмыс барысында ешбір кедергі жоқ. Егін орағын күні бұрын жоспарланғандай, 26 тәуліктің ішінде толық аяқтау межеленіп отыр.
Жаңа астықтың 227,9 мың тоннасы элеваторларға жеткізілген. Құт қамбасына құйылған 207 мың тонна бидайдың 1,6 мың тоннасы немесе 0,8 пайызы екінші сыныпты. Диқандардың айтуына қарағанда, дән көлемі сәл аздау болғанымен, сапа жағынан ұтатын түрі бар. Жауын-шашын мол жылдары көптеген жерде егін уақтылы піспей, қамырлылығы аз болып, құны кетіп жататын. Биылғы жылдың ерекшелігі, көлем көп болмағанымен, сапа жоғары. Элеваторға жеткізілген жоғарыда көрсетілген көлемнің 196,9 мың тоннасы – үшінші сыныпты бидай. Бұл – 95,1 пайыз деген сөз.
Астық шығымы әрқилы. Далалы жерлерде күннің ыстығынан күйіп кетсе, орманды алқаптардағы шығым тәубе дерлік. Қазір Зеренді ауданындағы егістік алқаптарының гектар берекесі 10 центнерден айналса, Сандықтау 9,9 центнерден өнім жинауда.
– Аудан диқандары биыл 306 400 гектар жерге дәнді дақылдар сіңірген болатын, – дейді аудан әкімі Ербол Жүсіпбеков, – бүгінге дейін 208 588 гектар алқаптың астығы жиналып алынды. Ауа райының аса қолайсыздығына қарамастан агротехникалық шараларды уақтылы жүргізген «Белгородское», «US Agro» серіктестіктері мен «Любимовы» шаруа қожалығы тәрізді ұжымдар бітік егін өсіріп, егін орағын уақытында аяқтап шықты. Аудандағы мол өнім алған шаруашылықтар да осылар.
Айтса айтқандай, қуаңшылық жылдың өзінде «Белгородское» серіктестігі гектар берекесін 17,5 центнерге жеткізсе, «Свободное» серіктестігі 17,1 центнерден өнім жинаған. Берекенің бел буған еңбекке байланысты екенін танытқан тыңғылықты шаруашылықтар қатарында әр гектардан 16,3 центнерден дән жинаған «Максимовка», «Балкашинский» серіктестіктерін де атай кетуге болады.
Келер жылдың қамы да ойластырылуда. Диқан қауым сапалы астықтан тұқым қорын қалыптастыруда. Бұл орайда әзірге Атбасар, Егіндікөл, Астрахан аудандары алда келеді.
Ақмола облысы