Электронды еңбек биржасының деректеріне сәйкес биыл тамыз айында жұмыс іздеушілер мен жұмыс берушілер 57,5 мың түйіндеме мен 113,1 мың бос жұмыс орны жөнінде хабарлама орналастырды. Шілде айымен салыстырғанда түйіндемелер саны 20%-ға, ал бос орындар туралы хабарландыру саны 38%-ға артты. Жаңа оқу жылы қарсаңында Алматы (+130%), Жамбыл (+142%) және Маңғыстау (101%) облыстарында жоғары білікті мамандардың, әсіресе орта мектеп мұғалімдері бос орындарының айтарлықтай өсуі байқалды.
Тамыз айында кәсіби мамандар арасында белсенділіктің артуы байқалды. Мәселен, өткен аймен салыстырғанда бос орындар саны 135%-ға (+16,7 мың бірлік), ал түйіндеме 71%-ға (+21,2 мың) артты. Сонымен қатар бұл топ арасында ең көп сұранысқа ие мамандықтар шет тілдері (+1,8 мың), орыс тілі мен әдебиеті (+1,7 мың), сондай-ақ бастауыш сынып пен математика (+1,2 мың) пәндерінің мұғалімдері болды. Сонымен қатар ізденушілер арасында орта мектеп, оның ішінде шет тілі (+1,4 мың), бастауыш сынып (+844), дене шынықтыру (+810) және қазақ тілі (+725) мұғалімдерінің түйіндемелері санының өсуі байқалады.
«Өткен айда ұсыныс жоғары білікті кадрлардың белгілі бір мамандықтарына деген сұранысты ішінара қанағаттандырды және осы салада кейбір мамандардың тапшылығы және басқа мамандықтардың артық болуы қалыптасты. Мысалы, жұмыс іздеп жүрген дене шынықтыру және спорт мұғалімдері талап етілгеннен көп болды – 1 269 түйіндемеге 805 бос жұмыс орны, ал 1 180 түйіндемеге қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімдерінің 788 бос орны ғана келді», деді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ басқарушы директоры Александра Молчановская.
Электронды еңбек биржасындағы түйіндемелер мен бос жұмыс орындарының санын салыстыру нарықта кейбір пән мұғалімдерімен қатар қызмет көрсету және сату саласындағы қызметкерлердің тапшылығы бар екенін көрсетті. Мысалы, тамыз айында күзетшілер (399 түйіндемеге 2 189 бос орын), сатушы консультанттар (171 түйіндемеге 1 169 бос орын), кассирлер (139 түйіндемеге 910 бос орын), аспаздар (500 түйіндемеге 1 255 бос орын), сондай-ақ тәрбиешілердің көмекшілері (271 түйіндемеге 1 024 бос орын) көбірек сұранысқа ие болды.
«Ұлттық халық санағын өткізудің басталуы аясында тамыз айында сауалдама жүргізу бойынша сұхбат алушылар ең көп сұранысқа ие болды: 2 560 бос орынға тек 8 түйіндеме ұсынылды», деп атап өтті А.Молчановская.
Бұған қоса, белгілі бір пән мұғалімдерімен қатар, шілде айындағыдай, басқа білікті қызметкерлердің арасында заңгерлер, мал өсірушілер, фельдшерлер және қаржыгерлер болды. Біліктілігі жоқ жұмыскерлер ішінен елді мекендерді абаттандыру және көгалдандыру бойынша қызметкерлерге сұраныс аз болды, алайда мектептердегі тазалаушылар арасында (241 түйіндемеге 1 013 бос орын) және аула сыпырушылар арасында (523 түйіндемеге 1 159 бос орын) жоғары сұранысты атап өтуге болады.
Жалпы, біліктілік топтары тұрғысынан алғанда, алдағы егін жинауға байланысты ауыл шаруашылығы жұмыстарының қыза түсуіне қарамастан, фермерлер мен ауыл шаруашылығының өзге де жұмыскерлері арасында жалдау 17%-ға, сондай-ақ өндірістегі операторлар арасында (-1%) қысқарды. Бұл ретте біліктілігі жоқ жұмыс еңбегіне деген сұраныс алдыңғы айлардағыдай барлық жарияланған бос орынның төрттен бір бөлігін құрайды, олардың арасында бос жұмыс орындарының, атап айтқанда, қосалқы жұмысшылар үшін (+2,1 мың адам) айтарлықтай өсуі байқалады. Бұл ретте бос жұмыс орындарының саны ең көп Қызылорда (+142%), Батыс Қазақстан (+81%) және Алматы облыстарында (+76%) өсті.
Орналастырылған түйіндемелерге келетін болсақ, олардың барлық біліктілік топтарындағы, сондай-ақ бос жұмыс орындарындағы санының артуымен қатар, ауыл шаруашылығымен айналысатындардың (-24%), өнеркәсіп жұмысшыларының (-11%) және біліктілігі жоқ жұмысшылардың (-5%) арасында жұмыс іздеушілердің қысқаруы байқалады. Өңірлік бөліністе ізденушілер арасында белсенділік оңтүстік өңірлерде – Алматы қаласында (+48%), Алматы (+40%), Қызылорда (+46%), Жамбыл (+41%) облыстарында, сондай-ақ Маңғыстау облысында (+44%) өскені байқалады.