Жанға жайлы тұрмыс үшін ауылдан қалаға көшу қай заманда да қалыпты құбылыс саналған. Алайда соңғы жылдардағы еліміздің ішкі көші-қон саясаты ерекше назар аударуды қажет етеді. Бұл үрдістің стихиялы сипат алып кеткені соншалық, республикада былтыр тұрғындар санының азаюына байланысты оннан астам қала мәртебесіне сай болмай шықты.
Деректер бойынша, өткен жылы ішкі көші-қон деңгейі 59,1 пайызды құраған. Ал жылдан-жылға ірі қалалар халқының саны артып барады. Сарапшылар көшіп-қону үрдісін ғаламдық әрі қалыпты құбылыс дегенімен де, Қазақстан жағдайында ел Үкіметі үшін қала инфрақұрылымын миграция толқынына дайындау, ауыл-аймақтарға жағдай жасау мәселесі көкейкесті болып қала береді.
Ұлттық экономика министрлігінің деректеріне сүйенсек, урбандалудың әлемдік тренді республикада айқын көрініс беруде. Соңғы 10 жылда қала халқы ауылға қарағанда 8 есе қарқынмен өскен. Экономикалық есеп бойынша, қала халқының 1 пайызға өсуі ІЖӨ-нің 0,27 пайызға артуына ықпал етпек. Мамандар агломерациялар мен басқа да ірі қалалардың демографиялық өсуін серпінді экономикалық дамумен байланыстырады.
Бүгінде агломерациялардың төрт орталығының үлесіне ел халқының 22 пайызы және жалпы ІЖӨ-нің 33 пайызы тиесілі. Ал 14 ірі қалада (облыс орталықтары мен Семей қаласы) соңғы 10 жылда халық саны 13,1 пайызға өскен. Олардың үлесіне өңірлік сауданың 68 пайызы, елдің өнеркәсіптік өндірісінің 22,3 пайызы, негізгі капиталға инвестициялардың жалпы республикалық көлемінің 20,1 пайызы тиесілі. Тиісті министрлік деректеріне сүйенсек, өңірлік стандарттар жүйесін жалғастыру мақсатында «Ауылдық аумақтарды дамыту «Ауыл – ел бесігі» жобасында айқындалған басымдықтар жүзеге асып, жекелеген ірі ауылдарды қала санатына ауыстыруда олардың мәртебесін қайта қарау маңызды болмақ. Сонымен бірге экономикалық дәліздерді дамыту шарасы ел аумағының экономикалық байланысын нығайта түседі. Бұл жобаға даму келешегі байланысты 3,5 мың ауыл қатысуда. Жоба 2025 жылға дейін жалғасып, инфрақұрылымды жақсарту үшiн 5 жылдың iшiнде 800 млрд теңге қарастырылып отыр.
Осы орайда «Қаланы қазақтан қызғанбау керек» деген қағиданы қаперде ұстап жүретін тарих ғылымдарының докторы, саясаттанушы Әзімбай Ғали қазақ тәуелсіз елінің қай бұрышына барып тұрам десе де өз еркі екенін айтады. Осы тұста әңгімесін тарихи оқиғалармен байланыстыра жалғаған ол отаршылдық кезінде қазақты қалаға кіргізбеу үрдісінің салдарына тоқталып өтті. «Отаршылдық кезеңінде қала тек элитаның қаласы болды немесе оқып, білім алып қайту үшін ғана келуге болатын. Ал бүгінде жұмысы жоқ, табысы төмен болса, қазақ қалаға келмей қайда барады? Ауылдағы бақшасын қашанғы копсыта берсін?» дейді саясаттанушы. Осы күні қалада жанға жайлының бәрі бар әрі қазақтың 60 пайыздан астамы қалалық болып алды. Ә.Ғалидың айтуынша, ірі қалалар экзистенциалды мүмкіндік беруімен ерекшеленеді. Әркім не істеймін десе де ерікті, қадағалауға мұқтаж емес. Оқу оқи ма, жұмыс істей ме, кіммен араласамын десе де демократиялық, дербес еркіндік басым. Әрі қалада жұмыс табудың, оқу мен коммуникацияның мүмкіндігі зор. Кезінде қалаға тіркелу, баспана алу соншалықты қиын болса, қазіргі кезде бірте-бірте жеңілдеп келеді. Осылайша Қазақстан қазақтанып, орыстанған қазақ қазақтанып келеді. Қазақ мектебіне баратын балалар саны көбейді. Тілдік икемділік байқалады. Таяу жылдарда бізбен антропологиялық ұқсастығы бар этнос өкілдері де қазақша сөйлеуге икемделе бастайды. Бұрын этностар компактілі, қауымдастық пішінде тіршілік еткен болса, енді басқа стандарттар іздей бастайды» деген жағымды пікірімен бөліскен саясаттанушы ішкі және сыртқы миграция қалыпты әрі үздіксіз құбылыс екенін айтады. Алайда еліміз үшін оның жағымсыз жақтары да жоқ емес. Ә.Ғалидың айтуынша, алдағы уақытта сыртқа кететіндердің саны арта түспек. Енді шетелден отандастарымыз білім алу үшін ғана емес, жұмыс істеп, кәсіп іздеуін жалғастыра береді. Яғни Қазақстан алдағы уақытта еңбек қолын шығарушы елге айналмақ. Бүгінде Ресейдің, Кореяның еңбек нарығында жұмыс істеп жүрген қазақтар баршылық. Сондықтан саясаттанушы еліміздің көші-қон саясатында Еуропалық одақтың нарығына қарай бағыт бұруға көңіл аудару қажет екенін жеткізді. Оған қол жеткізу үшін әртүрлі экономикалық келісімдер, сауда-саттық сияқты жолдарды пайдалану қажет. Еуропа нарығына шығуға Грузия, Әзербайжан дәлізі ықпал ете алады. Ал сыртқы миграцияның жағымды жағы – агенттеріміз Еуропа нарығынан экономикалық жаңалықтарды елге әкелетін болады. Десек те, мұның әлеуметтік, экономикалық, демографиялық салдары да жоқ емес. Бірақ бұл жаңа нарыққа жол ашатын, алға жылжудың бір жолы. Өйткені Еуразиялық ынтымақтастықтың жағымды жағын күткеніміз көп болған. Өкінішке қарай, ойдағыдай болмады. Бүгінде Ресейдің өзі санкцияда отыр, Қытай да экономикалық керітартпа елге айналып барады. Сондықтан да Қазақстанның дамуына кедергі жасайтын тауқыметтерден құтыла алмасымыз анық. Ол үшін жаңа заманның қиындықтарын жаңа жолдармен шешу керек. Дегенмен де бүгінгі таңда елдің жағдайын экономикалық реформа жасаумен шеше алмайтынымызға көзіміз жетті. Бізге керегі – құқықтық-саяси реформа. Ал ендігі кезекте халық билікке емес, билік халыққа қызмет етуі қажет», дейді саясаттанушы.
Жұртшылықты толғандыратын әлеуметтік мәселелерді қоғам алдында үнемі көтеріп жүрген Қазақстан Кәсіпкер әйелдер одағының төрайымы, «Ақ жол» партиясы төрағасының орынбасары Меруерт Қазбекова әлемдік урбанизация үдерісінің Қазақстанға кері әсерін жоққа шығармайды. Меруерт Қазбекова оның жағымды тұсынан гөрі жағымсыз жағы көп деген пікірде. «Жастар жағының, ауыл тұрғындарының қалаға жиі қоныс аударуы ауылда жағдайдың төмендігін көрсетеді. Бұл жер көлемі жағынан әлемде тоғызыншы орында тұрған мемлекет үшін жақсы тенденция емес», деп атап өтті М.Қазбекова.
Еліміздегі урбанизация үдерісі республиканың 2025 жылға дейінгі Ұлттық даму жоспарына сай жүйеленуі тиіс. Бүгінде мемлекеттің тұрақты дамуы мен адам капиталының жарқын көрінісі – әлеуметтік инфрақұрылымдардың заман талаптарына сай болуы. Жайлы тұрмыс, жақсы табыс адам капиталының кепілі. Десек те қазір ішкі көші-қон үдерісінде белең алып отырған келеңсіз жағдайлар бұл мәселеге салғырт қарамауды қажет етеді. Оған мысал ретінде елорда маңындағы Қосшы ауылы мектебіндегі жағдайды атап өткен М.Қазбекова биылғы оқу жылында 1 400 орынға арналған мектептің бірінші сыныбына 700 баланың баруы, оқушы санының көптігінен «Ш» сыныбының ашылуы елді мекеннің мұндай жағдайға дайын еместігін көрсеткенін жеткізді. Яғни халықтың есебі дұрыс жүргізілмеген. Тұрғындардың бір бөлігі басқа аумақтарда есепте тұрған. М.Қазбекованың айтуынша, бұл бір ғана өңірдің мәселесі емес. Балабақшалардың, мектептердің артық бала қабылдауы, яғни елді мекендер инфрақұрылымының шамадан тыс салмаққа дайын болмауы, ал оның салдары алдағы уақытта әлеуметтік дағдарыс пен тұрғындардың кедейленуіне апарып соқтыруы ықтимал. Осы орайда М.Қазбекова оқу іздеп, жұмыс істеуге қалаларға келген ауыл балаларының аула сыртында, яғни жағдайы жоқ аумақтарда тұруына алаңдаушылық білдірді. Ал кез келген қоғамда жұмыссыздықтың, қалыпты жағдайдың болмауының салдары қылмысқа итермелейді. Мемлекетіміздің болашағы жастар дейміз, ал оларда тіптен жатақхана түріндегі баспанасы болмаса, жұмыс өнімділігі, сапалы білім туралы сөз қозғаудың өзі артық», деп қынжылады ол. Әрине, статистика тұрғысынан алсақ, көрсеткіштер көңілге қонымды, халықтың да жағдайы жаман емес. Алайда осы көрсеткіштер мен шынайы өмір арасында алшақтық көп. Оның айтуынша, бүгінде кез келген бағдарламаның артында адам емес, көрсеткіштер тұр. Ал құрғақ көрсеткіштердің өмір сапасына кепіл бола алмайтыны анық. Осы орайда әр бағдарламаға орай сараптама жасау қажеттігін ұсынған сарапшы қанша үй салынғаны емес, баспанаға нақты кімдердің қолы жеткені маңызды екенін атап өтті. Ал тұратын жері болмаса жас маман ауылға бара ма? Мұғалім, дәрігер, инженер жетіспейді дейміз. Ол үшін адам өміріне қолайлы инфрақұрылым жасалуы керек. Бизнес жүруі үшін өндіріс ошақтарын дамытып, оқудан кейін жастардың жұмыс орындарына бару мүмкіндігін жасау уақыт күттірмейді. Бір кездерде мемлекеттік грантта оқыған балаларды ауылға жіберу сияқты жақсы үрдісті жолға қойдық. Алайда бұл да науқаншылдық сипат алып барады. Сондықтан жергілікті билік соған сай жағдай жасау керек. Жағдайы болып жатса, жалақысы көңілге қонымды болса, жастардың ауылда тұрып, отбасын құрып кетуі де жарқын болашақтың еншісінде.
Мемлекеттік бағдарлама қабылданды, қаражат жеткілікті бөлінді, ал олай болса оның нәтижесіне неге көңіліміз көншімейді? Бағдарлама белгілі бір өңір тұрғындарына қандай жетістік алып келді? Сұрастыра берсек, сауал көп. Ендігі кезекте ауыл әкімдерін сайлаудың заманауи үрдісін демократияға бастаған қадам ретінде бағалай отырып, Меруерт Қазбекова таңдауға лайық болған әкімдер тұрғындармен бірлесе жұмыс істейтіндігіне назар аударды. Ауыл бюджеті, ауылды көркейтуге инвестиция тарту мәселелері ортақ талқыланатындығы ертеңге үмітпен қарауға ықпал етеді. Пандемия кезінде республика жұртшылығы ауылдың қадірін түсіне бастады. Таза ауа, табиғи өнім – дені сау елдің кепілі. Яғни еселі еңбек болса, ауылды өндірістік бағытта дамыта аламыз. Сондықтан мемлекет ауылдың дамуына, жастардың оралуына жағдай жасауы керек.
Алайда жергілікті жерлерде бағдарламаларды сапалы іске асыруға және бюджет қаражатын тиімді жұмсауға мүдделі адамдар болмаса, онда барлық ақша құмға сіңген сумен тең.