Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған кезекті «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» Жолдауын тікелей эфирден мұқият тыңдадым.
Президент Жолдауы жастардың бойындағы азаматтық белсенділікті арттырып, олардың бойындағы патриоттық сезімді оятты. Жастарды дәл бүгінгі өмірге бейімдеп, келешекте өз Отанының шынайы патриоты болуға және Тәуелсіз Қазақстанның дамуына өзіндік үлесін қосуға шақырды.
Биылғы Жолдау: «Биыл егемен ел болғанымызға 30 жыл толып отыр. Тәуелсіздік – біздің ең қастерлі құндылығымыз», деген сөздермен басталды. Президент Жолдауының ең басты мақсаты – кең байтақ Тәуелсіз Қазақстан еліндегі бейбіт өмірді, қоғамдағы тұрақтылық пен тыныштықты қамтамасыз ету.
Ел Президенті Жолдауда Ауғанстандағы орын алған жағдайға асқан алаңдаушылық білдіретіндігін жеткізді. Осы ретте, Қазақстан Республикасының Президенті – Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев: «Келесі мәселе Ауғанстандағы ахуал және жаһандық шиеленістің күшеюі бізге қорғаныс өнеркәсібі кешенін және Әскери доктринамызды толығымен қайта қарауға міндеттейді.
Қорғаныс қабілетімізді нығайтып, қауіп-қатерлерге жедел үн қату мемлекеттік маңызы бар басымдыққа айналуға тиіс. Біз сыртқы қатерге және оқиғаның қалай өрбуіне де дайын болуымыз керек», деп қадап айтты. Сонымен қатар Жолдауда ел Президенті сапалы білім беру саласында Отан алдындағы азаматтық борыштарын өтеп жүрген мерзімдік қызметтегі әскери қызметшілердің білім алып, қандай да бір мамандық иесі атанып қайтуын да қамтыды. Осы орайда, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы: «Мамандық алудың тағы бір мүмкіндігі армияда берілуге тиіс. Мерзімді әскери қызметтегі сарбаздардың экономикадағы нақты сектор үшін қажетті жұмысшы мамандығын игеру мәселесін пысықтаған жөн», деді.
Жолдауда ел Президенті халқымыздың әл-ауқатын арттыруға арналған бастамаларды алға тартты. Онда еліміздегі ең төменгі жалақы мөлшерін көтеру, қызметкерлерінің еңбекақысын көбейткен жұмыс берушілерге реттелмелі сатып алу жүйесі аясында жеңілдіктер жасалатыны және тұрғын үй мәселелері қамтылған.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арналған Жолдауын толық қолдай отырып, аталған құжаттың Тәуелсіз Қазақстан халқы үшін алға қойған міндеттерді жүзеге асыруға жұмылдырушы бастама болатынына сенеміз.
Думан ҚҰРМАНҒАЛИЕВ,
Приозерск гарнизонының баспасөз хатшысы