Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қазақстан халқына арнаған өзінің дәстүрлі жолдауларында денсаулық сақтау жүйесін назардан тыс қалдырған емес. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұл жолы да саланы серпілтуге бағытталған қадау-қадау міндеттерге тоқталды. Оған негіз де жоқ емес. Өйткені әлем елдерін әбігерге салған пандемия жаңа шешімдер қабылдауды талап етуде.
Бұл тұрғыда Мемлекет басшысы қазынадан қомақты қаржы қаралатынын атап көрсетті. «Медицина саласына қомақты қаржы құю керек. Бұл қаражат инфрақұрылымға, маман даярлауға және халықты дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге жұмсалуға тиіс. Фармацевтика өнеркәсібіне ерекше көңіл бөлу қажет. Вируспен күрес кезінде дәл осы сала еліміздің бәсекеге қабілеті мен қауіпсіздігі үшін маңызды екеніне көзіміз жетті. Сондықтан медицина өнімдерін Зертханалық және техникалық сынақтан өткізетін орталық құруымыз керек. Жаһандық фармацевтикалық корпорациялармен ынтымақтастықты жандандырған жөн. Инвесторларды тартып, озық технологияны және осы саладағы жаңа зерттеу жұмыстарын игеруді қолға алу керек. Отандық тауар өндірушілермен жасалатын оффтейк келісім шарттарының көлемін арттырып, өнім түрін көбейту қажет.
Біздегі дәрі-дәрмек пен медициналық құрал-жабдықтың 17 пайызы ғана – отандық өнім. 2025 жылы оны 50 пайызға жеткізу қажет.
Денсаулық кепілі – дене шынықтыру. Жұрттың және балалардың спортпен шұғылдануына жағдай жасалуы қажет екенін тағы да қайталап айтамын. Облыс әкімдері спорт инфрақұрылымын біртіндеп салуды қамтамасыз етуге тиіс», деді Президент.
Коронавирус инфекциясының алдын алудың басты жолы екпе салдыру екенін Мемлекет басшысы бұған дейін де айтқан болатын. Жылдың басты құжатында да осы мәселеге айрықша тоқталды. «Бізде вакцина қоры жеткілікті, азаматтардың таңдау құқығы бар. Елімізде жаппай екпе егу науқаны жүріп жатқанымен, қоғамда вакцинаға қарсы азаматтар әлі де көп. Олар өздері бас тартып қана қоймай, өзге азаматтарды адастырады. Жаппай вакциналау қарқынды жүргенде ғана, біз қауіпті індетке тосқауыл қоя аламыз», деді Президент.
Президент сөзінің жаны бар. Өйткені әлеуметтік желі арқылы жалған ақпарат тарататындар аз емес. Олар өзін ғана емес, өзгені де адастыратындығы сөзсіз. Сонымен қатар отандық QazVac вакцинасының қауіпсіз екендігіне күмән болмауы тиіс. Тіпті, өзге мемлекеттер тарапынан да сұраныс түсіп жатқанын қаперден шығармауымыз керек. Осы орайда Қасым-Жомарт Кемелұлы: «Коронавирус денсаулық сақтау саласы үшін үлкен сынақ болды. Әлемді жайлаған індеттің беті әлі қайтар емес. Күн сайын мыңдаған азаматымыз дертке шалдығып, талай адам өмірден өтуде. Біз уақытты ұттырмай індетпен күресу іс-шараларын дереу қолға алдық. Қазақстан – коронавирусқа қарсы вакцина жасап шығарған әлемдегі санаулы мемлекеттің бірі. Біздің вакцинамыздың тиімді әрі қауіпсіз екендігіне еш күмән жоқ. Қазір QazVac вакцинасына өзге мемлекеттер де сұраныс білдіруде», деп атап өтті.
Жолдау жүктеген міндеттер жүйелі жүзеге асуы тиіс. Бұл бағытта денсаулық сақтау саласының қызметкерлері де аянып қалмайды.
Гулам УМАРОВ,
Жамбыл облыстық Қан орталығының директоры, облыстық мәслихаттың депутаты, облыстық Өзбек этномәдени бірлестігінің өкілі