Президент Қ.Тоқаевтың биылғы Жолдауында әлеуметтік және экономикалық маңызы бар тақырыптар қозғалып, біраз мәселе көтерілді. Сонымен қатар бүкіл әлемді алаңдатып отырған пандемиямен күрес жолдарын, оның елімізге алып келген зардабы мен өзгерістерін айта келіп, елдің әлеуметтік дамуына, тұрғындардың табысы мен жұмыс орындарының сақталуы, халқымыздың денсаулығы мен өмірін қорғау жолындағы жұмыстарға баса назар аудару қажеттігін сөз етті.
Президент елімізде ақпараттық технологияларды мемлекеттік секторға енгізу жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатқанын атап өтті. Сонымен қатар цифрландыру дегеніміз бір ғана саланы дамыту емес екеніне тоқталып, оның ең алдымен, экономиканың, өнеркәсіптің және қоғамның дамуына әсер етуі тиіс екенін жеткізді. Сондықтан барлық мемлекеттік органдар мен ведомстволарға қарасты мекемелерге ортақ мониторинг жүйесін құрудың маңыздылығын ескертіп, цифрландыру мемлекеттік маңызды іс, ел экономикасының дамуы аталған салаға тікелей байланысты екенін атап өтті. Озық инновациялық технологияларды енгізуді жандандыру, стартап-жобаларды дамыту, әсіресе ауылдық жерлерде сапалы интернеттің болмауы мәселелері де назардан тыс қалмады.
Ақпараттық технологиялар көмегімен ішінара келісушілікті қамтамасыз ететін, мемлекет пен азаматтар арасындағы, сондай-ақ, мемлекет органдарының өзара әрекеттестігінің бірыңғай механизмін одан әрі жетілдіру үшін ІТ-мамандар даярлап шығу бүгінгі күннің басты талабы. Озық отыз мемлекеттің қатарына кіруді мұрат еткен еліміз үшін цифрлы дамуды қолға алу мәселесі бүгінде назардан тыс қалған емес. Жолдау болашағымыздың іргесін нықтауға міндеттейді. Ендеше қуатты Қазақстанды бірге құрып, елдің әл-ауқатын жақсарту жолында жемісті жұмыс істеп, ерінбей еңбектенейік.
Дина КАРИПОВА,
Ескелді аудандық Аналар кеңесінің төрайымы
Алматы облысы