Биыл «Семей ядролық сынақ полигонын жабу туралы» Жарлыққа қол қойылғанына 30 жыл толды. Осыған орай Алматыда Мәдениет және спорт министрлігінің Орталық мемлекеттік ғылыми-техникалық құжаттама архиві бастамашы болып, «Қазақстан – Халықаралық антиядролық қозғалыстың көшбасшысы» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» мақаласында: «1991 жылы Семей полигоны жабылды. Оның еліміз ғана емес, барша адамзаттың болашағы үшін айрықша маңызды шешім екенін ескеріп, арнайы іс-шара өткізу қажет деп санаймын. Елбасы қол қойған Жарлықтың арқасында Қазақстан бүкіл дүние жүзіне ядролық қару-жараққа қарсы әлемдік қозғалыстың көшбасшысы болып танылды, алып мемлекеттердің сеніміне ие болды, халықаралық қоғамдастықта жауапкершілігі жоғары ел ретінде мойындалды», деген болатын.
Бүгінде Қазақстан ядролық қарудан батыл түрде бас тартқан ел ретінде, өзінің дәйекті антиядролық бастамаларымен бүкіл әлемге танымал. Осы бастамалар негізінде 2015 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясы ядролық қарудан азат әлем құрудың Жалпыға ортақ декларациясын қабылдады. Қазақстанның ұсынысы бойынша БҰҰ 29 тамызды Ядролық сынақтарға қарсы іс-қимылдың халықаралық күні деп жариялады.
Дөңгелек үстел аясында архив құжаттарында Қазақстандағы антиядролық қозғалыстың құрылуы мен жеткен жетістіктерінің тарихы, қазіргі уақытта антиядролық қозғалыстың өзектілігі, антиядролық қозғалыстың дамуына елеулі үлес қосқан тұлғалар туралы баяндамалар жасалды.
– Бұл күн тек қазақстандықтар үшін ғана емес, сонымен қатар біздің планетамыздың барлық тұрғындары үшін де маңызды және айтулы күнге айналды. Қазақстандағы Семей полигоны жабылғаннан кейін әлемдегі төрт ірі: Новая Земля (Ресей), Невада (АҚШ), Мораруа (Франция), Лобнор (Қытай) полигондарында ядролық қаруды сынауға мораторий жарияланған болатын. Бұл мәселеде көрнекті ақын, белгілі қоғам қайраткері Қазақстанның ЮНЕСКО жанындағы тұрақты өкілі Олжас Сүлейменов жетекшілік ететін «Невада-Семей» халықаралық антиядролық қозғалысы ерекше рөл атқарғанын айта кетуіміз керек. Сол кісінің беделінің арқасында қозғалыс Қазақстанда ғана емес, елімізден тысқары жерлерде де қолдау тапты. ЮНЕСКО шешімі бойынша қозғалыс «Әлем туралы естелік» дүниежүзілік тізіліміне енгізілді, – дейді архив директоры Баян Жұматаева.
АЛМАТЫ