Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин Білім жән ғылым министрлігін бала құқығын қорғау туралы заң жобасын қабылдауды кешіктіріп жатқаны үшін сынға алды, деп жазады Egemen.kz.
Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, сәбилер үйіндегі бала 3 жасқа толған соң балалар үйіне ауыстырылады. Заң жобасында осы мерзімді 3 жастан 6 жасқа дейін ұлғайту қарастырылған. Депутаттар бұған дейін түзетулерді мақұлдаған болатын, бірақ Үкімет бұл бастаманы қолдамады.
БҒМ вице-министрі Бибігүл Асылова жасты ұлғайту мәселесі бойынша ҮЕҰ мен қоғамдық ұйымдардың түрлі пікірі болғанын түсіндірді. Толығырақ зерттеу үшін Нұр-Сұлтан қаласы, Шығыс Қазақстан, Қызылорда және Ақтөбе облыстарында пилоттық жобаны жүріп жатқанын, оны 2026 жылдың тамызында аяқтау жоспарланғанын атап өтті. Пилоттық жобаның нәтижесін Алтынсарин атындағы білім академиясының мамандары зерттейтін болады.
Мәжіліс спикері Нұрлан Нығматулин 2019 жылдың көктемінде Нұрсұлтан Назарбаевтың Үкіметке осы мәселені зерттеуді тапсырғанын еске салды. Бұл бастаманы Премьер-Министр Асқар Мамин, VI және VII шақырылым депутаттары қолдаған.
«Үкіметтің қорытындысына сәйкес, 7-ші шақырылым депутаттарының сәбилер үйінде болу мерзімін ұзарту мәселесін қарау туралы ұсынысын Премьер-Министр мақұлдады. Дәлел келтірілді: бұл олардың эмоционалды және психологиялық күйі үшін қажет. Бұл ең бастысы, құрметті вице-министр. Сіз қандай үкіметпен жұмыс істейсіз, түсінбедім?», деді Нығматулин.
Мәжіліс спикері БҒМ вице-министрінен бес жылға созылатын пилоттық жобаның не үшін қажет екенін түсіндіруді сұрады.
«Бұл өте қатыгез тәжірибе, ең бюрократиялық әдіс, 2026 жылға дейін созып жүре бермексіздер. Бала үш жасқа толғанда басқа үйге ауыстырады. Тіпті ересек адамның басқа ортаға ауысуы стресс болады. Неге ойламайсыз? Пилоттық жоба не үшін қажет?», деді ол.
Бибігүл Асылова пилоттық жоба зерттеу үшін қажет екенін түсіндірді.
Нұрлан Нығматулин екінші оқуға дейін мемлекеттік органдардың пікірі мен ұстанымын ескере отырып, норманы аяқтауды тапсырды.