• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қаржы 16 Қыркүйек, 2021

Қызметкерлердің 75 пайызы екпе алды

274 рет
көрсетілді

«Самұрық-Қазына» тобына қарасты компаниялар қыз­меткерлерінің 75 пайызы ко­ронавирусқа қарсы екпе алды. Осылайша, Қор індет­ке қарсы вакциналауда бел­сенділік танытып, қоғамдық иммунитеттің қалыптасуына барынша үлес қосуда.

Осы жылдың 11 қыркүйе­гіндегі жағдай бойынша вак­ци­наның бірінші компонентін Қор компанияларында еңбек ететін 203 853 қызметкер алған. Бұл – барлық жұмысшылардың 74,5 пайызы. 182 272 қызметкер толық егілді – 66,6 пайыз.

Қордың корпоративтік басқару және әлеуметтік-еңбек қатынастары жөніндегі басқарушы директоры Мұхтар Манкеевтің айтуынша, егі­лу тек ерікті түрде жүргізілуде. Заң шеңберінде жұмысшының толық келісімі алынған соң ғана екпе салынады.   

– «Самұрық-Қазынаға» қарасты компаниялар көптеген салада қызмет етеді. Олардың тұрақты әрі мүлтіксіз жұмыс істеуі ел экономикасы үшін өте маңызды. Сондықтан жұмыскерлердің коронавирус инфекциясына қарсы егілуі олардың ден­саулығын сақтауға және еліміз­дің экономикалық тұрақ­тылығы мен әл-ауқатын арттыруға ықпалын тигізеді, – деді М.Манкеев.  

Басқарушы директордың айтуын­ша, Қорға қарасты компания­ларда вакциналау дұрыс жол­ға қойылған. Өндірістік нысан­дарға арнайы жылжымалы топтар да барып, егу шараларын жүргізеді. Әрбір жұмыскерге еліміз­де мақұлданған вакцина түр­лері ұсынылады. Сонымен қатар Қорда COVID-19-ға қарсы іс-қи­мыл жөніндегі Жедел штаб құрыл­ғанын атап өткен жөн. Онда панде­мияға қарсы жаңа шаралар әзірленіп, вакцина салуды ынталандыру тетіктері ұсынылған.

– Ел билігінің вакцина егу қажет­тілігі туралы тапсырмасына сәйкес, 270 мыңнан астам қызметкері бар «Самұрық-Қазына» Қоры ұжымдық иммунитет қалыптастыруға бел­сенді атсалысты. Әлеуметтік желі­лер, салалық бұқаралық ақпарат құралдары мен бейнероликтер арқылы тұрақты түрде түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. #менекпеалдым #явакцинировался челленджі ұйымдастырылды. Қор­ға қарасты компаниялардың бас­шылығы алғашқылардың санатында екпе алып, өзгелерге үлгі көрсетті, – деді М.Манкеев.

Осы орайда, Мемлекет басшы­сының тапсырмаларын орындау мақсатында халыққа егу препа­раттарын қолжетімді ету үшін Қор Біріккен Араб Әмірлік­терінде өндірілген Hayat Vax вак­ци­насының 1 млн дозасын сатып алуға қаржы бөлді. Оны осы жылдың мамыр айында «СҚ-Фармация» компаниясы жеткізіп, Денсаулық сақтау министрлігінің желісі бойынша таратты. 

Қор компанияларында қыз­мет­керлерді коронавирусқа қарсы егілуге ынталандыру үшін жыл сайынғы ақылы еңбек демалысына қосымша демалыс күндерін қосу, кезектен тыс ақылы демалыс күндерін беру, вакцина салғызған қызметкерлер арасында ұтыс ойындарын ұйымдастыру сияқты шаралар қолға алынған. Вакцина салғызғандар санын ұлғайту мақса­тында қосымша шараларды жүзеге асыру көзделіп отыр. Соның ішінде психологтермен, қоғам белсенділерімен, медицина қызметкерлерімен кездесулер, ланч-бокстар ұйымдастыру жоспарланған. 

Айта кетейік, Қордың ресми сай­тында «Самұрық-Қазына» АҚ компа­ниялар тобында вакцина салғыз­ған қызметкерлер санын көрсе­тетін арнайы есеп кестесі жұмыс істейді

«Самұрық-Қазына» вакци­на­лауға қатысты жаңа құралдарды да ен­гізуде. Мәселен, ендігі жерде вок­залдар мен пойыздарда екпе алу пункттерінің жұмысын ұйым­дас­тыру қарастырылып отыр.