• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Коронавирус 16 Қыркүйек, 2021

Індеттің беті қайта бастады

128 рет
көрсетілді

Қарағанды облысында «жаман тұмаудың» беті қайтқан сияқты. Бұлай деуімізге өңірдегі бес бірдей провизорлық госпитальдің жабылуы берік негіз береді. Қазір бұл медициналық мекемелер тұрғындарға көпбейінді медициналық көмек көрсету үшін штаттық жұмыс режіміне оралған.

Облыстық денсаулық сақтау басқарма­сының басшысы Гамаль Тоқсамбаев сыр­қаттанушылық көрсеткішінің екі есеге жуық төмендегенін айтады.

– Орташа алғанда, біз күніне 350-ге дейін індет жұқтыру оқиғасын анық­таймыз. Осыған байланысты бізде төсек қорының жүктемесі азайды. Барлы­ғы 4 264 төсек орналастырылған еді, қазір біз оның 1 433-ін жинап тастадық. Со­ның нәтижесінде бес ковидтік госпиталь жабылды. Олар Қарағанды облысының тұрғындарына көпбейінді көмек көрсету үшін қайтарылды. КВИ төсектерінің жүктемесі 29 пайызды құрайды, – деп мәлімдеді ол.

Қазіргі уақытта облыстағы госпиталь­дардың жан сақтау бөлімшелерінде 80 науқас ем алып жатыр. Олардың басым бөлігі ұзақ уақыт өзін-өзі емдеймін деп ауруын асқындырып, өкпенің зақым­дануының жоғары пайызымен инфек­циялық ауруханаларға түскендер. Ал өкпені жасанды желдету аппараттарына 9 адам қосылған.

Дегенмен, індеттің төмендегеніне қарамастан, Қарағанды облысы әлі де «қызыл аймақта». Мамандар босаңсуға ерте екенін айтады.

Облыстың бас дәрігері тұрғындарды өзін өзі емдеймін деп ауруды асқынды­рып алмауға шақырды. Сонымен қатар ол барлық шектеу шараларын сақтауға және өздері мен жақындарына жанашыр болудың қазіргі кезде маңызды екенін еске салды.

Соңғы тәуліктегі түскен мәліметке сай, облыста коронавирус инфекциясын 340 тұрғынның жұқтырғаны анықталды. Ал сауығып шыққандардың саны 354 адамды құрады.

 

Қарағанды облысы