Түркістан облысы Сайрам ауданы Қарабұлақ ауылында Абдазимовтар отбасы халық санағынан онлайн режімде өтті. Бұл отбасы 22 адамнан тұрады.
«Менің жеті балам бар – төрт ұл, үш қыз. Қазір үйде барлығы – 22 адам. Біз барлық 22 адамға санақтан онлайн өттік және барша отандастарымды санақтан онлайн өтуге шақырамыз», деді отағасы Абдулаким Абдазимов.
Ақсақалмен бір үйде оның ұлдары жұбайларымен бірге және 12 немересі тұрады. Қыздары тұрмысқа шығып, бөлек тұрады, олар да санақтан әкелері сияқты онлайн-форматта өткен.
Ұлттық статистика бюросы баспасөз қызметінің хабарлауынша, 14 қыркүйек сағат 9:00-дегі жағдай бойынша 2 465 217 респондент онлайн санақтан өтті. Олардың 2 123 896-сі sanaq.gov.kz сайтында, 244 097 адам Egov порталында тіркелу арқылы жауап берсе, 97 224 адам санаққа Аitu қосымшасы арқылы қатысты.
13 күннің қорытындысымен Алматы облысы алда. Мұнда 252 149 тұрғын санақтан өткені жайлы хабарлама алған. Онлайн санақтан өткен тағы 224 842 адам Алматы қаласында тіркелген. Үздік үштікті Қызылорда облысы түйіндеді. Мұнда 204 546 адам санақ сауалдарына жауап берді.
Бұл көрсеткіш бойынша әзірге соңғы екі орынды Маңғыстау және Атырау облыстары еншіледі. Бұл өңірлерде сәйкесінше 56 926 және 53 781 адам санақтан өтті.
Ал жергілікті халық санына шаққандағы санақтан өткендердің үлесі бойынша Қызылорда облысы алда тұр. Мұнда азаматтардың 24,9%-ы сауалдарға жауап берген (1 тамыздағы жағдай бойынша өңірде 823 052 адам тіркелген). Бұл көрсеткіш бойынша Батыс Қазақстан облысы екінші орында. Мұнда тұрғындардың 19,8%-ы бүгінге дейін санақтан онлайн режімде өткен (1 тамыздағы жағдай бойынша өңірде 749 754 адам тіркелген).
Ұлттық статистика бюросы азаматтардың белсенділігі үшін алғыс айта отырып, санақты онлайн өтуге шақырады. sanaq.gov.kz сайты 15 қазанға дейін тәулік бойы қолжетімді болмақ. Онлайн санақтан өтпегендер 1-30 қазан аралығында интервьюерлердің сауалдарына жауап бере алады. Барлық сауалдар бойынша 1446 байланыс орталығына хабарласуға болады. Қоңырау шалу тегін. Қазақстанда әркім маңызды!