• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Президент 17 Қыркүйек, 2021

Жаңғырудың өзегі – саяси реформалар

1220 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысы 2021 жылы 1 қыр­күйекте «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты жаңа Жолдауын жария етті. Онда қазақстандықтарды толған­дыратын өзекті мәселелердің нақты шешімдері ұсынылды. Мұны сарапшылар да растап отыр. Жолдауда саяси жаңғыруды одан әрі жалғастыру мәселесіне де баса назар аударылды. Президент саяси реформалардың кезекті, төртінші топтамасын жариялады. Сол арқылы ол саяси өзгерістерді біртіндеп жүзеге асыру туралы өзінің стартегиялық бағдарына берік екенін тағы да нақтылай түсті.

Ерлан ҚАРИН,

Қазақстан Республикасы Президентінің көмекшісі

 

Қасым-Жомарт Тоқаев соңғы екі жылда тұрақты түрде саяси үдерістің бәсекелігі мен ашықтығын арттыруға ба­ғытталған түрлі бастама ұсынып келеді. Оның көпшілігі қазірдің өзінде табысты іске асырылуда. Саяси реформалар аясында 10 заң қабылданды. Тағы бірнеше заң жобасы алдағы айларда Парламент қабырғасында қаралатын болды.

Президент бастамаларының бірқа­тары барынша қысқа мерзім ішінде жүзеге асты. Жұмыс қарқыны жоғары болға­нымен, оның бәрі біртіндеп, дәйек­ті түрде жасалуда. Осы орайда Пре­зи­денттің саяси реформаларының төрт топ­тамасына жеке-жеке тоқталып, әрқайсысының негізгі тұстарын атап өткім келеді.

 

Саяси реформалардың бірінші топтамасы

Мемлекет басшысы реформалардың бірінші топтамасын 2019 жылғы 20 желтоқсанда Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің екінші отырысында ұсынған болатын. Бұл бастама ҰҚСК мүшелерінің ұсыныстары ескеріле отырып әзірленді.

Онда бейбіт шерулерді ұйымдастыру тәртібін өзгертіп, ондағы рұқсат алу қағидатын хабардар ету қағидатына ауыстыру, саяси партияларды тіркеу үшін оның мүшелерінің саны жөніндегі талапты 40 мыңнан 20 мың адамға азай­ту, сайлау кезіндегі партиялық тізім­де әйелдер мен жастар үшін 30 па­йыздық квота қарастыру, парламенттік оппозиция институтын енгізу сияқты бастамалар болды.

Оның ішінде Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактінің Екінші Факультативтік Хаттамасына қосылу рәсімін бастау туралы ұсыныс зор мәнге ие.

Сонымен бірге, Қылмыстық кодекстің 130-бабын қылмысқа жатқызбау және 174-бабын ізгілендіру, Қылмыстық кодекстің 174-бабы бойынша қылмыстық жауап­кершілігін өтеген және құқық қорғау органдарынан оң қорытынды алған азаматтарға қойылған қаржылық шек­теулерді жұмсарту туралы шешімді де атап өткен жөн.

Жалпы алғанда, Қ.К.Тоқаевтың саяси реформалардың бірінші топтамасы аясындағы бастамаларына халықаралық серіктестеріміз жоғары баға берді. 

Мысалы, АҚШ-тың бұрынғы прези­денті Дональд Трамп Қасым-Жомарт Тоқаевтың Президент болғанына бір жыл толуына орай жолдаған құттық­тау хатын­да «Қазақстанның саяси жаң­ғыруы­на жол ашқан реформалар­дың ауқым­ды әрі өршіл бағдарлама­сын» жоға­ры бағалайтынын атап өтті. Ол «Америка Құрама Штаттары халықтың мемлекетке сенімін арттыруға және қай заманда да қоғамның прогрессивті әрі қарқынды дамуының тірегі саналатын жаһандық бостандықтарды қорғауға бағытталған шараларды толығымен қол­дайтынын» айтты. Ал Франция пре­зи­денті Эммануэль Макрон 2020 жылы желтоқсан айында еліміздің Тәуел­­сіздік күніне орай жолдаған  құттық­­тау хатында Қазақстанның Азамат­тық және саяси құқықтар туралы халық­ара­лық пактінің Екінші Факультативтік Хат­тамасына қол қоюын айрықша атап өтті.

Қазіргі таңда саяси реформалардың бірінші топтамасындағы барлық бастама толығымен орындалды.

 

Саяси реформалардың екінші топтамасы

Саяси бастамалардың бұл топтамасы 2020 жылғы 1 қыркүйекте Президент Жол­дауы аясында жарияланды. 2021 жыл­дан бастап ауылдық округ әкімдері­нің тікелей сайлауы өткізілетіні, жергі­лікті өзін өзі басқаруды дамытудың жаңа тұжырымдамасы мен «Қоғамдық ба­қылау туралы» заң  әзірленетіні, сон­дай-ақ, онлайн-петицияның бірыңғай инс­титуты құрылатыны жария етілді. Адам құқығын қорғау мәселесі жеке бағыт ретінде қолға алынды. Президент балаларды кибербуллингтен қорғау үшін шаралар қабылдау және Бала құқығы жөніндегі конвенцияның Факуль­татив­тік хаттамасына қосылу мәселесіне ай­рықша назар аударды.

Азаптауға қарсы күрес туралы ұлт­тық заңнаманы озық халықаралық нормаларға сәйкестендіру, сонымен қатар, адам саудасына қатысты қылмыс­тық құқық бұзушылықтарды сотқа де­йінгі тергеу тәжірибесін жетілдіру мін­деттері жүктелді.

 

Саяси реформалардың үшінші топтамасы

2021 жылғы 15 қаңтарда VII шақы­рылымдағы Парламенттің бірінші сессиясының ашылуында Президент реформалардың үшінші топтамасын жариялады. Онда саяси партиялардың Мәжіліске өтуіне қажетті шекті 7 па­йыздан 5 пайызға төмендету, барлық деңгейдегі сайлаулардың сайлау бюл­летеніне «бәріне қарсымын» деген баған енгізу, аудан әкімдерін сайлау туралы тың ұсыныстар айтылды. Оған қоса, «Жастардың даму индексін» енгізу, қоғамдық бақылау жүйесін жетілдіру, онлайн-петиция институтын заңды түрде рәсімдеу, қайырымдылық қызметті ын­таландыруға қажетті шаралар әзірлеу, «Адам құқықтары жөніндегі уәкіл туралы» жеке заң қабылдап, оның аппаратын нығайту сияқты мәселелер қамтылды.

Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Эльвира Әзімованың пікірінше, «Омбудсмен туралы» заң қабылдау уә­кіл­­дің мәртебесін көтеріп, құзіретін кеңей­ту тұрғысынан да, мүдделі азамат­тардың оған өтініш жолдауы бойынша да белгілі бір заңнамалық жағдай жасалуын қамтамасыз етеді.

Жергілікті жерлерде өңірлік омбу­дсмендердің құрылуы адам құқы­ғының бұзылуына байланысты нақты оқиғаларға жедел назар аударып, шешім қабылдауға мүмкіндік береді.

Заңнамаға саяси партиялардың Мәжі­ліске өтуіне қажетті шекті 7 пайыз­дан 5 пайызға төмендету, барлық деңгейдегі сай­лаулардың сайлау бюллетеніне «бәрі­не қарсымын» деген баған енгізу тура­лы өзгерістер мен толықтырулар Мемлекет басшысы 2021 жылы 24 мамырда қол қойған «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңда көрініс тапты.

Қазақстанда жүргізіліп жатқан саяси өзгерістердің қарқыны мен маз­мұны халықаралық қоғамдастық тарапы­нан кеңінен қолдау тапты. Атап айт­қан­да, 2021 жылғы сәуір айында АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысы Энтони Блин­кен өзінің қазақстандық әріптесі – ҚР Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеубер­дімен телефон арқылы сөйлескенде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың саяси реформаларының жоспарын толық қолдайтынын жеткізді.

 

Саяси реформалардың төртінші топтамасы

Президент ұсынған саяси рефор­малардың төртінші топтамасы – осыған дейін қолға алынып, жүзеге асырылған бастамалардың заңды жалғасы.

Атап айтқанда, әйелдер мен жастар үшін көзделген отыз пайыздық квотаны депутат мандатын бөлу кезінде міндетті түрде ескеру туралы норманы заң жүзін­де бекіту қажеттігі Жолдауда нақты көрсетілді.

Квота берілетін азаматтар санатының тізімін кеңейту және сайлау тізімінде ерекше қажеттілігі бар азаматтарға мін­детті квота белгілеу ұсынылды.

Ауылдық жерлердегі азаматтық бас­та­ма­ларды қолдаудың тиімді тетігін әзір­­леудің маңызды екеніне назар аударылды. 

Құқық қорғаушылардың құқықтарын сақтап, олардың қауіпсіздігін қамтама­сыз ету, сондай-ақ Қазақстанның Қыл­мыс­тық кодексінің нормаларын Аза­мат­тық және саяси құқықтар туралы Екінші Факультативтік Хаттаманың ережелерімен сәйкестендіру үшін нақты шаралар қабылдау тапсырылды.

Президент әйелдердің қоғамдағы экономикалық және саяси  ұстанымын барын­ша қолдау қажеттігін атап өтті. Осы­ған орай ол Отбасылық және ген­дерлік саясат жөніндегі тұжырымдамаға өзге­ріс­тер енгізуді ұсынды. Бұдан бөлек, бала­ларға, соның ішінде ата-ана қам­қор­лығынсыз қалған балаларға қарсы жыныстық қылмыстардың алдын-алуға және оның жолын кесуге бағытталған жұмыстарды күшейтуге баса мән берілді.

Төртінші топтамада көрініс тапқан барлық саяси бастамалар Мемлекет басшысының «Халық бірлігі және жүйелі реформалар –  ел өркендеуінің берік негізі» атты Қазақстан халқына Жол­дауын іске асыру жөніндегі жалпы­ұлттық іс-шаралар жоспары аясында жүзеге асырылады. 

 

Мемлекет басшысының саяси бастамалары

Түптеп келгенде, саяси реформа­лардың төрт топтамасы – Мемлекет бас­шы­сының осы бағыттағы дәйекті әрі ке­шенді саясатының көрінісі. (Топтамалар кестесі төменде бөлек беріліп отыр.) Мұның бәрі экономикадағы және жер­гі­лікті мемлекеттік басқару жүйесін­­дегі рефор­малармен, сондай-ақ мем­ле­кет­тік қыз­меттер көрсету саласын­дағы цифрлан­дыру үдерісімен тығыз байланысты.

Мысалы, жергілікті мемлекеттік басқару саласындағы реформаны алсақ, 2018 жылдан бастап 2 мыңнан астам тұр­ғыны бар 1 055 ауылдық округ­те дер­бес бюджет немесе төртінші дең­гей­лі бюджет енгізілді. 2020 жылы бұл тәжірибе барлық ауылдық округте қол­даныла бастады.  

Ауылдық жерде осы тәсіл қолданыл­ғанға дейін, салық салынбай келген жылжымайтын және жылжитын 82 мың нысан түгенделіп, әділет органдарында мемлекеттік тіркеуден өтті. Уәкілетті органдардың мәлімет қоры жаңартылып, 2,4 миллион қате мәлімет түзетілді. Сондай-ақ, Қаржы, Ішкі істер, Әділет, Ауыл шаруашылығы министрліктерінің және «Азаматтарға арналған Үкімет» мем­лекеттік корпорациясының ақпарат­тық жүйелері мен мәлімет базасы өзара кіріктірілді. 

Төртінші деңгейлі бюджетті енгізу нәтижесінде ауылдар салықтық және салықтық емес қосымша жаңа түсімдерге қол жеткізді. Ауыл тұрғындары бюджет қаржысының жұмсалу барысын қадаға­лаудың жаңа құралдарына ие болды.  

Бұдан бөлек, 2017-2019 жылдары еліміздің түрлі өңірінде бюджет үдерісіне қатысатын ауылдық округ әкімдері мен олардың аппараттарының қызметкерлері үшін 4 республикалық форум, 46 оқыту семинары ұйымдастырылды. Осылайша, 3,5 мыңнан астам адам дайындықтан өтті.

Жалпы, осындай шешімдердің арқа­сында ауылдық округтердің дербес­тігі артып, қаржылық мүмкіндігі кеңе­йе түсті. Жергілікті жерлерде ауылдар­дың экономикалық әлеуетін нығайту шаралары қолға алынған соң ғана ауыл әкімдерін тікелей сайлауға көштік. 2021 жылғы 25 шілдеде 700-ден астам ауылдық округте сайлау өтті. Жыл соңына дейін тағы 70-ке жуық ауылдық округте сайлау науқаны өтеді. Басқа әкімдер өкілеттік мерзімі аяқталған соң сайланады. Міне, осылайша, бір жылдың ішінде ауыл әкімдерін тікелей сайлау үдерісі енгізіліп, қоғамдық өмірдің ажырамас бөлігіне айналып келеді.    

Саяси реформалар дәйекті жүргізіліп жатқанының тағы бір мысалы – сайлау тізіміне әйелдер мен жастар үшін квота енгізу жөніндегі бастама.

2019 жылы желтоқсанда Президент партиялардың сайлау тізімінде әйелдер мен жастар үшін отыз пайыздық квота қарастыруды ұсынған болатын. Осыған орай заңнамаға тиісті түзетулер енгізіл­ді. 2020 жылы күзде саяси партиялар Парламенттің кезекті сайлауына қатысу үшін өздерінің тізімдерін әйелдер мен жастарға арналған квотаны ескере оты­рып жасады.

Мәжіліс пен барлық деңгейдегі мәс­ли­хаттардың биылғы қаңтар айында өткен сайлауында қолданыла бастаған бұл норма осы санаттағы азаматтардың сая­си белсенділігін арттыруға тың мүм­кіндік берді. Мысалы, сайлауға дейін мәсли­хаттардағы 3 335 орынның 740-ы ғана әйелдердің еншісінде болатын, ал 29 жас­қа дейінгі жастарға 53 мандат қана беріл­ген еді. Оның өзінде, сенатор Ләззат Сүлей­мен айтқандай, бұл мандаттардың 44-і аудан­дық мәслихаттарға тиесілі болды.  

Бұл норма әйелдер мен жастарды еліміздегі қоғамдық-саяси үдерістерге кеңірек жұмылдыруға жол ашқаны сөзсіз. Мұны сайлау комиссиялары өт­кен сайлау науқаны бойынша жасаған қорытынды хаттамалар да растайды.   

Дегенмен, кейбір партиялар осы квотаны ұстануға салғырт қарағанын атап өткен жөн. Бұған жаңа тұлғалар мен кадр тапшылығы себеп болған сияқты. Сондықтан Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында депутат мандатын бөлу кезінде әйелдер мен жастарға арналған отыз пайыздық квотаны міндетті түрде ескеру туралы норманы заңнамаға енгізу қажеттігіне баса назар аударды. Сонда саяси партиялар өзінің қатарына әйелдер мен жастарды тарту үшін ұзақмерзімді әрі жүйелі жұмыс атқарады. 

Жуырда Мемлекет басшысы биылғы Қазақстан халқына Жолдауын жүзеге асыру шаралары туралы Жарлыққа қол қойды. Бұл құжатта саяси жаңғыру және адам құқығын қорғау мәселесі кеңі­­нен көрініс тауып, 12 тармақты қам­ты­ды. Атап айтсақ, саяси жаңғыру бағ­дарын жалғастыру аясында екі заң қабыл­дау жоспарланған. Оның біріншісі аудан­дардың, облыстық маңызы бар қала­лар­дың әкімдерін тікелей сайлау үшін (оның ішінде қанатқақты режімде) тиісті заң­дарға түзетулер енгізуді көздейді. Екін­ші заң депутат мандатын бөлу барысында бұған дейін заңнамада белгіленген квотаны міндетті түрде ескеру туралы норманы бекітеді. Сонымен бірге онда квота берілетін азаматтардың санаты кеңейтіліп, әйелдер мен жастарға қоса ерекше қажеттілігі бар азаматтарға да квота бөлінеді.

Адам құқығын қорғау жүйесін жетілдіру аясында да екі заң қабылдау жоспарланып отыр. Бұл заңдар Қылмыс­тық кодекс нормаларын Азамат­тық және саяси құқықтар туралы халық­аралық пактінің Екінші Факультатив­тік Хаттамасының ережелерімен сәйкестен­ді­реді. Сондай-ақ, прокурорлар­дың жауапкершілігін арттыру және тер­геу нәтижесіне құқықтық баға беру құрал­дарын күшейту үшін олардың айыптау актілерін дайындауға қатысты құзіретін біртіндеп кеңейтуге бағытталады. Осы­ған орай Мемлекет басшысының екі Жарлығы да дайындалмақ.  

Мұның бәрі Президенттің саяси өз­геріс­­терді жалғастыруға, саяси жүйенің ашықтығын арттыруға және пікір алуан­­дығын дамытуға бағытталған страте­гия­лық бағдарына берік екенін көрсетеді.