Қай кезеңді алсақ та, қоғамның дамуы оның экономикалық және саяси институттар жұмысының белсенділігімен байланысты емес екені белгілі. Бүгінде жаһанданумен бетпе-бет келген қоғамның руханияты, әлеуметтік-мәдени өміріндегі өзгерістер айрықша назар аударуды қажет етеді. Қазақстан қоғамын дамыту жағдайында рухани құндылықтар сабақтастығы, жаңа қоғам мүшелерінің, яғни жас ұрпақтың қарама-қайшылықтар кезеңінде өмір сүруінің әлеуметтік маңызын, сонымен бірге қоғамдағы діни көзқарастар қайшылығы, материалдық құндылықтардың алға шығуы, адамгершілік қағидаларының аяқ асты болуы сияқты көкейкесті мәселелердің алдын алу мен салдарын зерттеудің маңызы жоғары.
Философия, саясаттану және дінтану институтында Қазақстан қоғамының тұрақты даму стратегиясын іске асыру мен ел тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай «Қазақстанның тұрақты дамуы стратегиясы аясындағы қоғамның мәдениеті мен құндылықтарын зерттеу» ғылыми бағдарламасын іске асырумен байланысты өткен «Қазіргі әлемнің мәдениеті мен құндылықтары» тақырыбындағы республикалық дөңгелек үстелде қоғамдық сананың жаңғыруы, мәдени және рухани құндылықтарды сақтап қалу мәселесі талқыланды.
Институт директоры Серік Сейдуманов жиынды кіріспе сөзімен ашып, бүгінгі Қазақстан қоғамы үшін рухани, мәдени құндылықтардың өзектілігіне тоқталды. Осы орайда ұлттың жаңғыруына тірек бола алатын қазақстандық қоғамның мәдениеті мен құндылықтарының инновациялық әлеуетін айқындау қажеттігі көрініс береді. Сонымен бірге еліміздің қазіргі жағдайында тұрақты дамуын қамтамасыз ету, қоғам мәдениеті, тарихымыз бен саяси мәдениет құндылықтары және нормаларын институттандыру, діни құндылықтар тұжырымдары, ерекшелігі, ұлтаралық және дінаралық диалог мәселелеріне көңіл бөлу бүгінгі заман талабынан туындап отыр. «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Назарбаевтың көптеген еңбектерінде және Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаевтың жолдауларында Қазақстанды жүйелі жаңғыртуды реформалаудың тарихи маңыздылығы айтылуда. Бұл үдерісте Қазақстанның барлық этнос өкілдерінің мәдениеті, тарихы, ментальды әлемі мен рухани, діни әртүрлілігінің рөліне ерекше назар аударамыз. Осыған орай еліміз өзінің мәдени өркениетінің ерекшелігіне және заманауи әлемдегі озық елдердің мәдени дамуының үлгілеріне де арқа сүйеуі қажет. Қазіргі жағдайда Қазақстанда тұрып жатқан барлық этнос өкілдерінің ұлттық мәдениеті, тарихы, ментальды әлемі мен діни әртүрлілігінің маңызы зор. Сондықтан да басты құндылықтар мен стратегиялық идеялар ғылыми зерттеулердің нысаны болуымен қатар трансгуманизмнің қазіргі жағдайында және әртүрлі мәдениеттердің ықпалдастығында жалғасын табуы қажет», деді С.Сейдуманов. Ол сонымен бірге бүгінгі Қазақстанның құндылықтар әлеміне Батыстың ғана емес, Таяу және Орталық Шығыстың әсері бар екенін, сондай-ақ ислам фундаментализмі, Орталық Азия елдеріндегі этносаяси дамуына ықпалын жүргізгісі келіп отырған ауған мәселесіне де алаңдаушылығын білдіре келіп, «Мәдениет және заманауи қоғамның құндылықтары біздерде тарихи өткенімізге оралуға, бүгінгі күн мен келешек жайында ойлануға мәжбүрлейді. Тәуелсіз Қазақстанның ұлттық идеясы құндылықтарға қауіп төндіретін мәдениетаралық, этносаралық қатынастардың үйлесіміне, азаматтық қоғамның және саяси биліктің арасындағы қарама-қайшылықтарды реттеуге ықпал етуі тиіс. Ынтымақтастық пен мәдениеттер диалогы ғана адамдар арасында өркениетті, толерантты ұстанымның дамуына ықпал етеді. Тәуелсіздіктің 30 жылында еліміздің мемлекеттік басқару жүйесі негізінен әртүрлі мүдделердің үйлесіміне негізделіп келді», деді өз сөзінде.
Жиынды «Тіл мемлекеттің және мәдениеттің негізгі құндылығы» тақырыбында Философия, саясаттану және дінтану институтының бас ғылыми қызметкері, ҒА корреспондент-мүшесі Ақан Бижанов жалғастырды. «Мемлекеттің қазіргі даму жағдайында тілдің рөлі қоғам мәдениетінің негізгі құндылығы ретінде ұлттық дамудың барлық саласында артып келеді», деген А.Бижанов тіл тақырыбы қазақ қарпін латынға ауыстыру кезінде ерекше мәнге ие болғандығына тоқталды.
«Заманауи мәдени парадигмалардағы ислам құндылықтары» тақырыбын қозғаған институттың бас ғылыми қызметкері, ҒА корреспондент-мүшесі Наталья Сейтахметова бүгінгі әлемдік мәдени турбуленттілік жағдайында құндылықтарды қайта бағалау мәселесін қозғап, ХІХ ғасырдың әйгілі философы Фридрих Ницше айтып кеткендей, «барлық құндылық атаулыға қайта баға беру» қажеттігі туындап отырғанын жеткізді. ІІ Дүниежүзілік соғыстан кейінгі кезеңде де құндылықтарды бағалау мәселесінің орын алғандығына тоқталған профессор Н.Сейтахметова «Жалпы, аксиологиялық философия тұрғысынан алғанда ол үнемі өзгерістерді бастан кешіруде. Сол сияқты біздің бүгінгі жағдайымызда да алдымызда таңдау, өз көзқарасымызды дәлелдеу қажеттігі тұр», деді.
Қазақстан сияқты полиэтносты және поликонфессиялы қоғам жағдайында диалог пен өзара түсіністік туралы мәселенің өзекті әрі стратегиялық маңызы жоғары екендігін «Тұрақты даму жағдайында қазақстандық қоғамның базалық құндылықтары» еңбегіне арқау еткен осы институттың бас ғылыми қызметкері, академик Әбдімәлік Нысанбаев және «Философия, саясаттану және дінтану институты» ШЖҚ РМК Философия орталығының жетекшісі, профессор Серік Нұрмұратов халықтың рухани өмірін қалыптастару мен қазақ этносының рухани өмірін зерттеудің жекелеген жалпыәдістемелік мәлелелері, сондай-ақ қазақстандық қоғамның негізгі құндылықтарын философиялық тұрғыдан зерттеу мәселесімен бөлісті.
Сарапшылар мәдениетаралық диалог пен рухани құндылықтарды қалыптастыру мәселесіндегі ғылыми рефлексия өткеннің құндылық-семантикалық шығу тегіне бастап қана қоймай, сонымен бірге қазіргі және болашақ туралы ойлануға мәжбүрлейтінін алға тартады. Елдің рухани жаңғыруының жолдары мен тетіктерін іздестіру жағдайында, әсіресе, Қазақстан сияқты полиэтносты және поликонфессиялы қоғам жағдайында диалог пен өзара түсіністік туралы мәселе өзекті әрі стратегиялық маңызды. Халық рухани құндылықтарға және өткеннің рухани мұрасына, сондай-ақ әлем және адамзаттың қазіргі дүниетанымдық көзқарасына бойламай өзін өзі шынайы тани алмасы анық.
АЛМАТЫ