Кеше Ұлттық кәсіпкерлер палатасы төралқасының төрағасы Тимур Құлыбаев және осы палатаның басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов БАҚ өкілдерімен баспасөз мәслихатын өткізіп, бұл жаңа құрылымның атқаратын жұмысы мен міндеттері туралы баяндады.
Кеше Ұлттық кәсіпкерлер палатасы төралқасының төрағасы Тимур Құлыбаев және осы палатаның басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов БАҚ өкілдерімен баспасөз мәслихатын өткізіп, бұл жаңа құрылымның атқаратын жұмысы мен міндеттері туралы баяндады.
Баспасөз мәслихатын Тимур Құлыбаев ашып, кіріспе сөз сөйледі. Өз сөзінде ол мемлекет пен бизнес арасында сенімді көпір болып табылатын жаңа құрылымның өмірге келгенін атап көрсетті. Бүгінгі таңда палатаны ұйымдастыру жұмыстары толық аяқталды. Еліміздің барлық өңірлерінде аудандық деңгейге дейінгі нақты сатылас Ұлттық кәсіпкерлер палатасының құрылымы қалыптасты. Алда тұрған ендігі басты міндет кәсіпкерлер палатасының мемлекеттік органдармен, жергілікті атқарушы билік органдарымен өзара әріптестік байланысын қалыптастыру болып табылады.
Бүгінде елімізде тіркелген 1,5 миллионнан астам кәсіпкерлік субъектілері бар. Оның 20 мыңы орта кәсіпкерлік буын болса, қалғаны шағын бизнесте жұмыс істейді. Тіпті, оны микробизнес деп те атауға болады. Нақ осы мәселе бүгін Үкіметте өткен мәжілісте атап көрсетілді. Үкімет алдағы уақытта 15 адамға дейінгі шағын кәсіпорындарды микробизнес деп тану жөнінде шешім қабылдамақ, деп атап көрсетті Тимур Құлыбаев. Болашақта орта және шағын бизнес субъектілеріне көмек көрсету мәселесінде Ұлттық кәсіпкерлер палатасы «Бір терезе» қағидатымен жұмыс істейтін болады. Қазір шағын және орта кәсіпкерлікке байланысты барлық тетіктер Үкіметтен Ұлттық кәсіпкерлер палатасына берілді. Бүгінде палатаның жер-жердегі құрылымдары кәсіпкерлікті дамытуға қандай мәселелердің кедергі болып отырғандығы, әсіресе, ауылдық жерлерде шағын кәсіпкерлікті дамыту үшін қандай мәселелерді жүзеге асыру керектігін зерттеуде. Болашақта олардың ұсыныс-пікірлері басшылыққа алынып, елімізде кәсіпкерлікті дамытудың нақты бағдарламалары жасалатын болады.
Абылай Мырзахметов қойылған сұраққа байланысты кәсіпкерлік субъектілерінің палатаға мүше болуы үшін төлейтін жарнасы туралы баяндады. Оның айтуынша, жарна төлейтін 22,5 мың субъекті 2 топқа бөлінеді. Оның ішінде 2300-інің жылдық қаржы айналымы 2,6 миллиард теңгені құрайтын ірі компаниялар мен қазба байлықтарын игерушілер болып табылады. Олар жылына 8 миллион 148 мың теңге жарна төлейді. Екінші топқа жылдық қаржы айналымы 107 миллион және одан жоғары болатын кәсіпорындар. Бұл топқа шамамен 20 мың кәсіпорын кіреді. Олар жылына 267 мың теңге жарна төлейді. Біздің ойымызша, бұл кәсіпорындарға үлкен салмақ салмайды. Ал шағын және орта кәсіпкерліктің басқа субъектілері жарна төлеуден мүлде босатылады, деді палатаның басқарма төрағасы.
Тимур Құлыбаев өзінің сөзінде Елбасының биылғы Жолдауында кәсіпкерлікті дамытуға байланысты қойылған міндеттерді айта келіп, шағын және орта бизнес елімізді дамытудың 2050 жылға дейінгі стратегиялық дамуының басты қозғаушы күші болатындығын атап көрсетті. Бұл ретте шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту мақсатында жаңа басымдықтарға жол берілмек. Ең бастысы, халықты шағын және орта кәсіпкерлікке тарту үшін ақпараттық насихатты арттыру қажет. Сонымен бірге, кәсіпкерлікпен шұғылданатындарды оқыту мәселесі де кеңінен жүргізілуі қажет. Ауылдық жерлерде тұрғындарды кәсіпкерлікке барынша тарту мақсатында аудандарда Кәсіпкерлер үйін ашып, өзінің жеке ісін бастауға ниет білдіргендерге жан-жақты көмек көрсету шаралары іс жүзіне асырылатын болады. Ұлттық кәсіпкерлер палатасы алдағы уақытта елімізде кәсіпкерлікті дамытуға игі ықпал ететін заңдарды қабылдау мақсатында Үкіметпен және Парламентпен тығыз байланыста жұмыс істейтін болады.
Баспасөз мәслихатында журналистер тарапынан қойылған көптеген сұрақтарға нақты жауап қайтарылды. Осы ретте, біздің тарапымыздан газетімізде жарияланған мақалаға орай, белгілі кәсіпкер Исламбек Салжанов өткен жылы өзінің туған өңірі Ақтөбе облысының Қобда ауданында жалпы құны 460 миллион теңге болатын заманауи балалар бақшасын салғандығы, осы игі бастаманың басқа да ірі кәсіпкерлер мен бизнесмендер арасында жан-жақты қолдау табуы үшін Ұлттық кәсіпкерлер палатасы қандай шараларды жүзеге асыра алады, деген сұрағымызға Абылай Мырзахметов жан-жақты жауап берді. Ол өз сөзінде Исламбек Салжановтың палатаның Ақтөбе өңірі бойынша өкілі болып табылатындығын айта келіп, оның бастамасын кәсіпкерлер арасында кеңінен қолдау мақсатында қозғалыс басталғандығын атап көрсетті.
Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан».