Биыл мемлекетіміздің Тәуелсіздігіне 30 жыл толғалы отыр. Республика Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 1 қыркүйек күні қазақстандықтарға жолдаған «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» Жолдауы да міне сол айтулы оқиғаның қадір-қасиетін дәріптеумен басталады. Тәуелсіздік – ұлы ұғым. Ол әрбір қазақстандықтың өмірі мен тыныс-тіршілігіне, келешегіне байланысты.
Жолдауда көтерілген мәселелер туралы сөз қозғасақ, олардың әрбірінің мемлекет үшін де, халық үшін де орасан маңызды екенін ерекше айтып өткен жөн. Жалпы, бұл жолғы Жолдау бүгінгі таңда өте зәру болған және реформалауды талап етіп тұрған барлық салаларды қамтығанымен ерекшеленеді. Онда кең ауқымды әлеуметтік, экономикалық, индустриялық жобалардан бастап, ауылда тұратын қарапайым диқандар мен малшыларға дейінгі проблемаларды дұрыс шешудің нақты жолдары айқындалған.
Жолдауда барлық салаларға орай дерлік мәселелер көтерілген болса да, мен солардың тек бірнешеуіне байланысты ой-пікірлеріммен бөліскім келеді.
Мойындауымыз керек, өткен жылы әлем жұртшылығын байбаламға салған коронавирус біздің елімізге де жетіп келіп, жаппай «шабуыл жасаған» алғашқы кезеңде отандастарымыз ауруханаларда орын мен кейбір медициналық құрал-жабдықтардың жетіспеушілігін, дәрі-дәрмек тапшылығын терең сезінді. Алайда сол кезде де Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсыруымен Үкімет тарапынан жүзеге асырылған нақты іс-шаралар мен қиын кезде «бір жағадан – бас, бір жеңнен қол шығаруға» дағдыланған халқымыздың бірлігінің нәтижесінде кемшіліктер түзетіліп, жағдайды жақсарту мүмкін болды. Сондықтан бүгінгі таңда, вирус әлі толық жеңілмесе де, халық медициналық тұрғыдан көмексіз қалуда, дәрі-дәрмектермен қамтамасыз етілмеуде деп айтуға ешқандай негіз жоқ. Дегенмен де, барға қанағаттанып, бейқам өмір сүруге мүлде болмайды. Өйткені біз алдымызда тағы қандай сын-қатерлер күтіп тұрғанын нақты білмейміз. Сондықтан қолда бар мүмкіндіктерді толық пайдалана отырып, еліміздің медицина саласын әрі қарай дамытуға көбірек көңіл аударуымыз қажет. Егер Қазақстанның дүниежүзі бойынша коронавирусқа қарсы вакцина ойлап тапқан санаулы мемлекеттердің қатарына енгенін қаперге алсақ, болашақта бұл тұрғыдан тағы көптеген жаңалықтарды ойлап табуға әлеуетіміздің жеткілікті екенін айқын ескерген. Міне, осыларды есепке алған Мемлекет басшысы өз Жолдауында медицина саласын дамытуға орай пікір-ұсыныстарын ашық мәлімдеп, нақты тапсырмаларды берді. Мысалы, қазір мемлекетімізде қолданылып жатқан дәрі-дәрмектер мен медициналық құрал-жабдықтардың бар-жоғы 17 пайызы ғана өзімізде өндіріледі екен. Президент осы көрсеткішті 2025 жылға дейін 50 пайызға жеткізуді тапсырды.
Әрине, мұндай көрсеткішке тек сапалы білім алып, ғылымды өркендету арқылы жетуіміз мүмкін. Сондықтан Президентіміз өз Жолдауында білім мен ғылымды дамыту мәселелеріне де айрықша көңіл аударды. Әсіресе, дарынды балалар мен олардың мұғалімдерін қолдау және ынталандыру, ірі жобалар бойынша жұмыс істеп жатқан ғылыми-зерттеу институттары үшін берілетін гранттардың мерзімін үш жылдан бес жылға ұзарту, мектептердегі орын жетіспеушілік мәселелеріне байланысты нақты міндеттерді жүктеуі ерекше назар аударарлық. Себебі жақында ғана, яғни жаңа оқу жылы басталғанда, бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде бірінші «Ы», «Ю» сыныптарының ашылғаны туралы ақпарат болды. Мұның өте қиын жағдай екенін баршамыз түсінеміз. Сондықтан Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында: «Орта білім беру жүйесіндегі өткір проблеманың бірі – мектептердегі орын тапшылығы. 225 мың оқушыға орын жетіспейді. Шұғыл шара қабылдамасақ, 2025 жылға қарай орын тапшылығы 1 миллионға жетеді. Мен 2025 жылға дейін кемінде 800 мектеп салу туралы тапсырма берген болатынмын. Бүгін оның санын бір мыңға жеткізуді міндеттеймін», деп айтты.
Жолдауда кез келген мемлекеттің дамуында негізгі орынды алатын қаржы, экология, ауыл шаруашылығы, жергілікті өзін өзі басқару, жалақы, тұрғын үймен қамтамасыз ету және басқа да мәселелерге қатысты орынды пікір-ұсыныстар ортаға салынып, оларды реформалаудың нақты жол-жобалары көрсетілді.
Мысалы, соңғы он жылда жалдамалы жұмысшыларға төленетін еңбекақы қорының өсімі өндіріс орындары иелерінің табысының өсімімен салыстырғанда 60 пайызға жуық артта қалғаны жөнінде ашық айтылды. Президент осыны реттеп, ізге салатын сәттің келгенін қадап айтып, Үкіметке оған қол жеткізудің неғұрлым тиімді жолдарын қарастыруды міндеттеді.
Мемлекет басшысының Жолдауында сөз болған кез келген мәселенің орынды екені және маңыздылығы даусыз. Ендігі мәселе – сол жүктелген міндеттердің орындалуында. Бұл үшін қоғамда болып жатқан өзгеріс-жаңалықтарға, кемшілік-нұқсандарға, қолға келтірілген жетістіктерге сырттан «жау көзімен» қарап тұрмай, әрқайсымыз өз міндеттерімізді дұрыс түсініп, олардың орындалуына мүмкіндіктің барынша үлес қосуымыз қажет. Өйткені мұның барлығы – сіз бен біз тұрып жатқан мемлекетіміздің гүлденуіне, тұрмысымыздың өркендеуіне бағытталған.
Жоғарыда айтылған мәселелердің бірде-бірін саяси тұрақтылық пен этносаралық келісім жоқ елде жүзеге асырудың мүмкін емес екенін барлығымыз жақсы түсінеміз. Өмірде бұған мысалдар көп. Құдайға шүкір, мемлекетіміздің негізін қалаған Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев пен оның ісін жалғастырып жатқан Қасым-Жомарт Тоқаев бұл мәселеге үнемі назар аударып отырғандықтан, Жолдауда айтылғандай, отыз жыл ішінде біз біртұтас халыққа айналдық. Демек бізде бұл тұрғыдан алаңдаушылыққа ешқандай негіз жоқ. Шынымен де, біздің күшіміз – бірлігімізде! Бұл жолы да сол бірлігімізді көрсете отырып, жаңа дәуірге батыл қадам басатынымызға сенемін.
Владимир ТОХТАСУНОВ,
Қазақстан халқы Ассамблеясынан сайланған Парламент Мәжілісінің депутаты