• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Президент 20 Қыркүйек, 2020

Біздің күшіміз – бірлігімізде

225 рет
көрсетілді

Биыл мемлекетіміздің Тәуел­сіздігіне 30 жыл толғалы отыр. Республика Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 1 қыр­күйек күні қазақстандықтарға жолдаған «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» Жолдауы да міне сол айтулы оқиғаның қадір-қасиетін дәріптеумен басталады. Тәуелсіздік – ұлы ұғым. Ол әрбір қазақстандықтың өмірі мен тыныс-тіршілігіне, келешегіне байланысты.

Жолдауда көтерілген мәсе­лелер туралы сөз қозғасақ, олар­дың әрбірінің мемлекет үшін де, халық үшін де орасан ма­ңызды екенін ерекше айтып өткен жөн. Жалпы, бұл жолғы Жолдау бүгінгі таңда өте зәру болған және реформалауды талап етіп тұрған барлық салаларды қамтығанымен ерекшелене­ді. Онда кең ауқымды әлеумет­тік, экономикалық, индустрия­лық жобалардан бастап, ауылда тұратын қарапайым диқандар мен малшыларға дейінгі проблемаларды дұрыс шешудің нақты жолдары айқындалған.

Жолдауда барлық сала­лар­ға орай дерлік мәселелер көтерілген болса да, мен солар­дың тек бірнешеуіне байланыс­ты ой-пікірлеріммен бөліскім келеді.

Мойындауымыз керек, өткен жылы әлем жұртшылығын бай­баламға салған коронавирус біздің елімізге де жетіп ке­ліп, жаппай «шабуыл жасаған» ал­ғашқы кезеңде отандастарымыз ауруханаларда орын мен кейбір медициналық құрал-жаб­дықтардың жетіспеушілігін, дәрі-дәрмек тапшылығын терең сезінді. Алайда сол кезде де Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсыруымен Үкімет тарапынан жүзеге асырылған нақты іс-шаралар мен қиын кезде «бір жағадан – бас, бір жеңнен қол шығаруға» дағдыланған хал­қы­мыздың бірлігінің нәти­жесінде кемшіліктер түзетіліп, жағдайды жақсарту мүмкін болды. Сондықтан бүгінгі таңда, вирус әлі толық жеңілмесе де, халық медициналық тұрғыдан көмексіз қалуда, дәрі-дәрмектермен қам­тамасыз етілмеуде деп айтуға ешқандай негіз жоқ. Дегенмен де, барға қанағаттанып, бейқам өмір сүруге мүлде болмайды. Өйткені біз алдымызда тағы қандай сын-қатерлер күтіп тұрғанын нақты білмейміз. Сондықтан қолда бар мүмкіндіктерді толық пайдалана отырып, еліміздің медицина саласын әрі қарай дамытуға көбірек көңіл аударуымыз қажет. Егер Қазақстанның дүниежүзі бойынша коронавирусқа қарсы вакцина ойлап тапқан санаулы мемлекеттердің қатарына енгенін қаперге алсақ, болашақта бұл тұрғыдан тағы көптеген жаңа­лықтарды ойлап табуға әлеуе­ті­міз­дің жеткілікті екенін айқын ес­кер­ген. Міне, осыларды есеп­ке ал­ған Мемлекет басшысы өз Жол­дауында медицина сала­сын да­мытуға орай пікір-ұсы­ныс­тарын ашық мәлімдеп, нақ­ты тап­сыр­маларды берді. Мы­с­а­лы, қа­зір мемлекетімізде қол­да­ны­лып жатқан дәрі-дәрмектер мен ме­ди­циналық құрал-жабдық­тар­дың бар-жоғы 17 пайызы ғана өзі­мізде өндіріледі екен. Прези­дент осы көрсеткішті 2025 жылға де­йін 50 пайызға жеткізуді тапсырды.

Әрине, мұндай көрсеткішке тек сапалы білім алып, ғылым­ды өркендету арқылы жетуі­міз мүмкін. Сондықтан Прези­денті­міз өз Жолдауында білім мен ғылымды дамыту мәселелеріне де айрықша көңіл аударды. Әсіресе, дарынды балалар мен олардың мұғалімдерін қолдау және ынталандыру, ірі жобалар бойын­ша жұмыс істеп жатқан ғылыми-зерттеу институттары үшін берілетін грант­тардың мерзімін үш жылдан бес жылға ұзар­ту, мектептердегі орын же­тіс­пеушілік мәселелеріне байла­нысты нақты міндеттерді жүк­теуі ерекше назар аударар­лық. Себе­бі жақында ғана, яғни жаңа оқу жылы басталғанда, бұқара­лық ақпарат құралдары мен әлеу­меттік желілерде бірінші «Ы», «Ю» сыныптарының ашыл­ғаны ту­ралы ақпарат болды. Мұның өте қиын жағдай екенін барша­мыз түсінеміз. Сондықтан Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жол­дауында: «Орта білім беру жү­йе­сіндегі өткір проблеманың бірі – мектептердегі орын тап­шы­лығы. 225 мың оқушыға орын жетіспейді. Шұғыл шара қабыл­дамасақ, 2025 жылға қарай орын тапшылығы 1 миллионға жетеді. Мен 2025 жылға дейін кемінде 800 мектеп салу туралы тапсырма берген болатынмын. Бүгін оның санын бір мыңға жеткізуді міндеттеймін», деп айтты.  

Жолдауда кез келген мем­лекеттің дамуында негізгі орынды алатын қаржы, экология, ауыл шаруашылығы, жергілікті өзін өзі басқару, жалақы, тұр­ғын үймен қамтамасыз ету және басқа да мәселелерге қатыс­ты орынды пікір-ұсыныс­тар ор­таға салынып, оларды рефор­малаудың нақты жол-жобалары көрсетілді.

Мысалы, соңғы он жылда жал­дамалы жұмысшыларға төле­нетін еңбекақы қорының өсімі өндіріс орындары иелері­нің та­бы­сының өсімімен салыстыр­ған­да 60 пайызға жуық артта қалға­ны жөнінде ашық айтылды. Президент осыны реттеп, ізге са­ла­­тын сәттің келгенін қадап айтып, Үкіметке оған қол жет­кізудің неғұрлым тиімді жолдарын қарастыруды міндеттеді.

Мемлекет басшысының Жол­дауында сөз болған кез келген мәселенің орынды екені және ма­ңыз­дылығы даусыз. Ен­дігі мәсе­ле – сол жүктелген мін­дет­тердің орындалуында. Бұл үшін қоғамда болып жат­қан өзгеріс-жаңалық­тар­ға, кем­ші­лік-нұқсандарға, қол­ға келті­рілген жетістіктерге сырттан «жау көзімен» қарап тұр­май, әрқай­сымыз өз міндеттеріміз­ді дұрыс түсініп, олардың орындалуына мүмкіндіктің барынша үлес қосуымыз қажет. Өйткені мұның барлығы – сіз бен біз тұрып жатқан мемлекетіміздің гүлденуі­не, тұрмысымыздың өр­кендеуіне бағытталған.

Жоғарыда айтылған мәселе­лердің бірде-бірін саяси тұрақ­тылық пен этносаралық келісім жоқ елде жүзеге асырудың мүм­кін емес екенін барлығымыз жақ­сы түсінеміз. Өмірде бұған мы­салдар көп. Құдайға шүкір, мем­лекетіміздің негізін қалаған Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев пен оның ісін жалғастырып жат­­­қан Қасым-Жомарт Тоқаев бұл мәселеге үнемі назар аударып отырғандықтан, Жолдауда ай­тылғандай, отыз жыл ішінде біз біртұтас халыққа айналдық. Демек бізде бұл тұрғыдан алаң­дау­шылыққа ешқандай негіз жоқ. Шынымен де, біздің күшіміз – бірлігімізде! Бұл жолы да сол бір­лі­гімізді көрсете отырып, жаңа дәуірге батыл қадам басаты­ны­мызға сенемін.

 

Владимир ТОХТАСУНОВ,

Қазақстан халқы Ассамблеясынан сайланған Парламент Мәжілісінің депутаты