Covid-19 Еуропа елдерінің арасында бірінші болып Италияда анықталғаны мәлім. Анықталып қана қоймай, осы ел Үкіметі алғашқылардың бірі болып төтенше жағдай жариялаған-ды. Азаматтардың өмірін сақтап қалу үшін Италия төлеген ақы да аз емес.
Жақында Италия үкіметі елдегі барлық қызметкер денсаулық паспортын көрсетуге міндетті екенін, ал ол болмаған жағдайда жұмыстан шеттетілетінін мәлімдеді. 23 миллионға жуық мемлекеттік қызметшілер мен жеке сектор қызметкерлері Green Pass деп аталатын «жасыл паспорт» көрсетуі керек. Бұл құжат азаматтың екпе алғаны, ПТР тестінің нәтижесі теріс екені не жақында ғана індеттен жазылып, ем алғаны туралы ақпарат береді. Бұл жұмыстан бөлек, мемлекет міндеттеген 1 500 еуро көлеміндегі айыппұлдан босатады.
Ел саясаткерлері оқу жылының басталғанын, оған қоса коронавирустың «Дельта» нұсқасының таралуын ескеріп, күзге дейін халықтың 80 пайызы вакцина алмаса, жаппай міндетті вакциналау саясатын енгізу туралы шешім қабылдап үлгерген-ді.
Бұл ұсынысты бұған дейін де үкімет басшысы Марио Драги мен денсаулық сақтау министрі Роберто Сперанза айтып жүрген еді.
«Елдің қауіпсіздігін ойлап, қатаң карантин мен ауруханалардағы мәселелерден құтылғымыз келсе, халықтың барлығын екпе алуға міндеттеуден қорықпауымыз керек», деген Роберто Сперанза.
Асылында, үкіметтің вакцинаға қарсыларды қатаң карантинмен, одан қалса, жаппай вакциналаумен қорқытып отырғаны анық. Олар бұл қысымды үдетіп те жатыр.
Италия еңбек министрі Андреа Орландо баспасөз мәслихатында міндетті вакциналауға тоқталған. Министрдің айтуынша, ПТР сынамасын тапсыру талабы әлі де күшін жоймайды.
Бұл шешім, әлбетте, Италияның демократиялық беделіне нұқсан келтірері сөзсіз. Оның үстіне қазан айына жергілікті сайлау жоспарланған. Соған қарамастан, Италия халық пікірімен санаспай, міндетті вакциналауды енгізген алғашқы еуропалық мемлекет болмақ.
Әрине, Италияның мұндай шешім қабылдауына себебі жоқ емес. Маусымда карантин талаптарын жеңілдеткені сол еді, вирус жұқтырғандар саны 5 500-ден 40 000-ға дейін ұлғайып шыға келді. Ал екпе салдырғандар саны, керісінше, азайып кетті. Сәуірде аптасына 4 миллион азамат вакцина ектіріп жүрсе, тамызда бұл көрсеткіш 2 миллионға дейін құлдырады.
Қазіргі статистикаға назар салсақ, елдегі 12-ге толған азаматтардың 74 пайызы толықтай екпе салдырған. Дегенмен, 50-ден асқан 3,5 млн азамат әлі де вакцинаға қарсы көрінеді. Олардың көбі – Сицилия тұрғындары. Ал ол аймақтағы жағдай мәз емес. Науқастар көп, ал жергілікті ауруханаларда орын жоқ.
Жоғарыда сөз болған шешім мектепте жұмыс істейтіндерден әлдеқашан талап етілгенін ескерсек, қазанның ортасына дейін халықтың 81-82 пайызы екпе алып үлгереді деп жоспарланып отыр. Алайда мемлекеттік басқару министрі Ренато Брунетта бұл көрсеткіш ұжымдық иммунитет үшін тым аз деген пікірде. Оның айтуынша, күзде күн салқындап, вирус циркуляциясы күшейеді. Сол кезде індеттің жедел таралуы әбден мүмкін. Сондықтан министр вакциналауды жеделдету керек деп ескертті.
Осы орайда бір айта кетерлігі, Еуропа одағының ҮЕҰ азаматтық бостандығы бойынша сарапшысы Орсоли Райх вакцина алуға міндеттеу адам құқығын шектеу ретінде қарастырылмайды деді.
«Мемлекеттер әр азаматын қорғауға міндетті. Дегенмен, бұл жан-жақты зерттелген қадам болуы керек. Вирусты жай ғана бетперде тағып жеңу мүмкін болса, онда вакцинаның қажеті жоқ дер едік. Түптеп келгенде, локдаундар да адам құқығын шектеудің бір түрі емес пе?», деді ол.
Десе де вакцина алуға мәжбүрлеуге қарсы азаматтар Адам құқығы мен өмірге қатынас құқығы бойынша Еуропа конвенциясына жүгіне алады. Бірақ сот міндетті вакциналауға қарсы емес. Мәселен, осы мәселе бойынша биылғы жыл басында Чехияға қарсы арыз беріліп, Адам құқығы бойынша Еуропа соты вакцина алуға мәжбүрлеу саясатына қолдау білдірген болатын.