Жаман індетке қарсы күресте вакцинаны жаппай алуды насихаттайтын «Елім үшін егілемін» атты тәуелсіз бірлестіктің мүшелері өткен аптада Петропавл қаласында болып, бірнеше кездесу және журналистерге арналған баспасөз мәслихатын өткізді.
Топ мүшелерінің айтуларына қарағанда, қазір насихат тобының азаматтық штабына 200-ге жуық жоғары білікті маман еніп отыр. Олардың қатарында медицина, кәсіпкерлік және қоғамдық салаларда ел назарына ілініп жүрген белсенділер, атап айтқанда, Вячеслав Локшин, Жібек Жолдасова, Рафаил Розенсон, Динара Сәтжан, Рахым Ошақбаев және т.б. бар.
Р.Ошақбаев жаман індетті құрықтау жолында вакцинаның рөлі зор екеніне түрлі дәлел келтірді. Коронавируспен сырқаттану әлі де азаймай тұр. Солтүстік Қазақстан облысында 26 тамызда антирекордтық көрсеткіш тіркеліп, бір тәулікте 171 адамның бойынан ковид індеті табылған. Қазіргі жағдай одан екі есе төмен болғанына қарамастан, сырқаттану серпінінің төмендемеуі алаңдатады. Вирусты жұқтыру қарқыны бойынша Қазақстан қазіргі уақытта 100 мың адамға шаққанда әлемде 30-орынды иеленеді. Ең көп жұқтыру 2021 жылғы 7 тамызда тіркелді, ол кезде жұқтыру көрсеткіші 8 325 адам болған. Ал бір ғана 19 тамызда елде 163 адам індеттен қайтыс болған. Қазіргі уақытта аурудың шарықтау шыңы өтті, бірақ өлім саны әлі де жоғары деңгейде. Осы секілді деректерді алға тарта келіп, азаматтық штабтың белсенділері вакцина алу пандемияны тоқтатудың жалғыз жолы екенін жеткізді.
Штаб белсенділері қазір елімізде вакцина алу қарқынының төмендегенін атап өтті. Мәселен, шілде айының ортасында тәулігіне 130 мың адамға дейін вакцина алса, қазір небәрі 30 мың қазақстандық иммундалуда. Солтүстік Қазақстан облысында вакциналау қарқыны жалпы республикалық деңгейден біршама артта қалып отыр. Бүгінгі таңда вакцинаның толық курсын 209 мың адам алған. Бұл вакцина алуға ниет білдіргендердің 67%-ы.
«Елдегі жағдай өткен жылмен салыстырғанда ауыр. Биылғы көрсеткіш тәулігіне 8,3 мың болып, алты есеге дейін өсті. Былтыр 15 тамызда амбулаториялық және стационарлық емделуде жүрген 20 мың адам ресми түрде тіркелсе, биыл осы көрсеткіш 117,8 мыңға дейін ұлғайып отыр. Өткен жылы стационарда 3,4 мың адам емделсе, биыл бұл көрсеткіш 31,5 мың адамға дейін жетті. Біз Қазақстанда вакциналау қарқынының өте төмен екенін көріп отырмыз. Бұл пандемияның жоғары көрсеткіштеріне және өлім-жітімнің көбеюіне әсер етеді. Қазіргі уақытта елімізде вакциналауға жататын 10 млн адамның 7 млн-ы ғана вакциналанды», деді Р.Ошақбаев.
Азаматтық қоғам өкілдері ет жақындарының денсаулығы үшін отандастарымызды саналы таңдау жасап, екпе алуға байланысты бірігуге шақырды. Кездесуге қатысушылар бұл үшін белсенді ақпараттық жұмыс қажет деген ортақ пікірге келді, өйткені объективті ақпараттың жеткіліксіздігі халықтың иммундауға сенімсіздігіне әкеп соқтырады.
Солтүстік Қазақстан облысы