«ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы мен «Теңізшевройл» серіктестігі Қарабатандағы полипропилен өндіретін зауытқа Теңіз кен орнынан пропан жеткізу туралы келісімшартқа отырды.
Полипропилен өндіретін зауыт – елімізде қолға алынған ірі жобалардың бірі. Кешен құрылысы Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен басталған болатын. Қазіргі уақытта зауыт 90 пайызға дайын. Осы жылдың соңына дейін құрылысы аяқталады деп күтілуде.
Қол қойылған құжатқа сәйкес «Теңізшевройл» ЖШС полипропилен өндіретін зауытқа шикізат жеткізіп тұрады. Оның көлемі жыл сайын 550 мың тонна пропан фракциясын құрайды. Ал газ жеткізу темір жол арқылы жүзеге асырылады. Зауытта шикізат пропанды сутексіздендіру қондырғысында, пропилен шығара отырып өңделеді. Одан кейін полимерлеу қондырғысында дайын өнім – түйіршіктелген полипропилен алынады.
– Теңіз кен орнынан пропан алу ірі жобаны іске асыруда үлкен маңызға ие. Биылдың өзінде салынып жатқан газ-химия кешені шикізаттың алғашқы партиясын қабылдап алады. Заманауи зауыттың құрылысы аяқталуға жақын қалды. 2022 жылдың бірінші тоқсанында біз іске қосу мен реттеу жұмыстарын бастауды жоспарлап отырмыз. «ҚазМұнайГаз» және «Теңізшевройл» компаниялары он жылдан бері тығыз жұмыс істеп келеді. Қол қойылған құжат –ұзақмерзімді әрі тұрақты серіктестігімізді одан әрі жалғастыратынымыздың айқын дәлелі, – дейді «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Алик Айдарбаев.
Келісімшартқа қол қою рәсіміне Chevron корпорациясы Еуразиялық бизнес бөлімшесінің басқарушы директоры Джон Балтц та қатысты.
– Бұл – Қазақстан мұнай-химия саласын қолдау жөніндегі біздің бірлескен күш-жігерімізді нығайтуға қызмет ететін «Теңізшевройл» мен «ҚазМұнайГаз» арасындағы серіктестіктің маңызды кезеңі. Біз Қазақстанның мұнай-химия саласының болашағына сеніммен қараймыз. Елдің өндірістік және экономикалық дамуына одан әрі ықпал ететін жобалар бойынша Энергетика министрлігімен және «ҚазМұнайГазбен» тығыз ынтымақтастыққа құрылған жұмысымызды жалғастыратын боламыз, – дейді «Теңізшевройлдың» бас директоры Кевин Лайон.
Еске сала кетейік, полипропилен өндіретін зауыт Қазақстандағы толықтай цифрланған алғашқы кәсіпорын болмақ. Бұл өз кезегінде зауыттағы барлық процесті Атырау қаласынан қашықтан басқаруға мүмкіндік береді. Барлық физикалық жұмысты роботтар атқарады. Ал процесті «ақылды» цифрлы бейнебақылау арқылы операторлар басқармақ.
Бұдан бөлек, кәсіпорында су үнемдеу технологияларының пайдаланылатынын атап өткен жөн. Зауытта суды салқындатудың тұйық циклы қолданылады. Яғни барлық ағын су тазартудан өтіп, зауытқа тұзсыздандырылған, минералсыздандырылған, өртке қарсы пайдаланылатын су түрінде қайтарылады. Бұл жалпы суды пайдалану көлемін едәуір азайтады.
Жобаны іске асыруға барлығы 3 500 адам және 100-ге жуық техника жұмылдырылған. Кәсіпорын пайдалануға берілгеннен кейін 600-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылады.
Зауыт полипропиленге деген ішкі сұранысты өтеп қана қоймай, өз өнімін экспортқа да шығармақ. Жалпы, зауыт өндіретін өнім келешекте құрылыс материалдары өндірісі, автомобиль өнеркәсібі сияқты аралас салалардың дамуына және жергілікті қамту үлесін ұлғайтуға септігін тигізбек.
Зауыт жылына 550 мың тоннаға дейін полипропилен өндіруге мүмкіндік беретінін атап өткен жөн. Бастапқы кезеңде полипропиленнің 11 түрі шығарылады деп жоспарланып отыр. Болашақта өнім түрі 65-ке дейін ұлғайтылады. Полипропилен машина жасау, медицина саласында, электр техникасы, құбыр мен тұрмыстық техника шығаруда кеңінен қолданылады. Мысалы, полипропиленнің 500 мың тоннасынан 254 млрд медициналық бетперде немесе 3 145 шақырым полипропилен құбырын шығаруға болады.