• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Президент 21 Қыркүйек, 2021

Қымбатшылықтан құтылғымыз келсе...

253 рет
көрсетілді

Президентіміздің биылғы Жолдауы әлем­дік, аймақтық және экономикалық дағ­дарыстың ушыққан сәтімен тұспа-тұс келіп отыр. Былтырдан бері пандемияға ұласқан коронавирус індеті түрлі штамға мутацияланып, толқын-толқынымен өршіп, әлемдік экономикалық дағдарысты тереңдете түсуде. Жаһандық жылыну, климаттың өзгеруі, қуаңшылық пен орман өрті сияқты стихиялық табиғи апаттар да жығылғанға жұдырық болып отыр. «Жұт жеті ағайынды» деген осы шығар.

Оның үстіне Ауғанстаннан АҚШ әскері мен батыстық антитеррористік коалиция күштерінің шығарылуы, талибандардың (Қазақстанда тыйым салынған) ауған жері мен мемлекеттік билігін басып алуы салдарынан халықаралық деңгейдегі тағы бір дағдарыс ошағы пайда болды. Бұл өз ке­зегінде Орталық Азия аймағындағы тұ­рақтылықты бұзу ықтималдылығы бар экст­ремизм мен терроризмнің, есірткі мен қару-жарақтың таралуы, босқындардың көбеюі сияқты қауіп-қатерлерді туындатып отыр.

Президентіміз ел халқына арнаған жаңа Жолдауында коронавирус пандемиясымен күресу және оны еңсергеннен кейінгі кезеңдегі ұлттық экономиканы жандандыру мәселесіне ерекше тоқталды. Әсіресе соңғы кездері халықты әбден қажытқан қымбатшылықтың тыйылмауы мен оған әсер етіп отырған факторларды атап көрсетіп, Үкімет пен Ұлттық банкке инфляцияны қалыпты деңгейден асырмау туралы тапсырма берді.

Шынында, Мемлекет басшысы атап айтқандай, еліміздегі инфляцияға арқау болып отырған себептердің ішінде:

- ел экономикасының шикізаттық бағыттан арыла алмауы, экономиканы диверсификациялаудың әлсіз жүруі;

- еркін бәсекелестіктің болмауы, эконо­миканың маңызды салаларын монополиялардың жаулап алуы;

- тауар өндіруші мен тұтынушының ара­сында оңай пайда табуды көздейтін алып­са­тарлар мен делдалдардың көбейіп кетуі;

- ауылшаруашылық өнімдерін шығару мен тереңдетіп өндірудің тоқырауы;

- банктердің ауыл шаруашылығы мен тауар өндірісін несиелеуге құлықсыз болуы, кері­сінше, шетелден әкелінген им­порт­­тық та­уарларды сатып алуға арналған тұты­ну­шылық несие берудің қарыштап дамуы;

- халық тұтынатын тауарлардың жаппай шетелдерден импортталуы;

- жалпы агроөнеркәсіп кешені, жеңіл және азық-түлік өнеркәсібі салаларының құл­ды­рап, заман талабынан артта қалуы сияқ­ты шешімі табылмай келе жатқан проб­лемалар көп.

Бұл проблемалар коронадағдарыс жағ­да­йын­да одан сайын асқынып, халық­тың әл-ауқаты мен сатып алу қабілетін төмен­детіп,  мем­лекеттің жүзеге асырып жатқан әлеу­мет­тік саясатының тиімділігін кемітіп жатыр.

Инфляция – нарықтағы тауардан ай­налыстағы ақша көлемінің еселеп артық болуынан туындайтын құбылыс. Тауар жетіспей, дефицит туындап, сұраныс көлемі ұсыныстан артқан сайын қымбатшылық күшейе беретіні де нарықтың қатал заңы. Сондықтан «қарапайым заттар экономикасын» дамытпайынша, халық тұтынатын тауарлар мен азық-түліктің басым бөлігін өзіміз өндірмейінше қымбатшылықтан көз ашпайтынымыз анық болып тұр. Яғни инфляцияны ауыздықтау өте ауқымды, кешенді мәселе. Бұл кейбір әкім­дер сияқты базар аралап, сатушыларға баға­ны көтермеу туралы нұсқау берумен ше­шіл­мейді. Ондай көзбояушылық әре­кеттен өз-өзімізді алдағаннан басқа ешбір пайда жоқ. Мәселенің шешімі – экономиканы әртараптандыруда, оның шынайы салаларын дамытуда, отандық тауар өндірісін жолға қоюда, монополистер мен делдалдарды шектеп, еркін кәсіпкерлік пен бәсекелестікті жандандыруда.

Жер көлемі бойынша әлемдегі алғаш­қы ондыққа кіретін Қазақстан үшін ауыл шаруашылығын дұрыс жолға қою, агро­өнеркәсіп кешенін дамыту – өзекті мә­селе­лердің бірі. Бұл мәселеге Жолдау­да ерек­ше көңіл бөлінген. Ауыл шаруашы­лы­ғын заман талабына сай озық технология­лар­мен жабдықтау, жер ресурстарын ұтым­ды қолдану мен су ресурстарын үнем­деп пайдалану арқылы бітік өнім алу, эко­ло­гиялық таза азық-түлік өндіруші ел ретін­де танылу Қазақстанда қордаланған көп мәсе­лені шешуге арқау болары сөзсіз. Бұл азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, инф­ляцияны ауыздықтау, ауылдық жер­лер­ді жандандыру, жұмыссыздықпен күрес, ша­ғын кәсіпкерлікті дамыту, ауыл­дан қалаға қарай жөңкілген жосықсыз урбан­да­луды реттеу, ірі қалаларға түсетін әлеу­мет­тік-экономикалық кернеуді азайту сияқ­ты толып жатқан мәселелерді шешудің жолы.

Президент өз Жолдауында осындай көптеген өзекті мәселеге ерекше назар аударып, коронадағдарыстан қалжыраған ұлттық экономиканы қалпына келтірудің сара жолын ұсынып отыр. Ендігі мәселе – осы жауапты міндетті ел болып жұмыла жүзеге асыру.

 

Сейілбек МҰСАТАЕВ,

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Саясаттану және саяси технологиялар кафедрасының профессоры, саяси ғылымдар докторы