Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осыдан екі жыл бұрын министрлер мен әкімдерге, басқа да лауазым иелеріне әлеуметтік желі арқылы халықпен бірге болып, жұрттың ұсыныс-пікірлеріне құлақ түріңдер деген еді.
Алғашқыда өңір әкімдері жаппай әлеуметтік желілер арқылы көрініп, елдің ұсыныстарына назар аударып, көп алдына шығып, жұртшылықтың үніне құлақ аса бастағандай болды. Сонда бір байқағанымыз, кей басшылар тіпті компьютерді қалай пайдалануды да білмейтін, онымен жұмыс істеп көрмеген болып шықты. Көпшілігі жалма-жан жанталасып, компьютерде жазуды білетін көмекшілер тарта бастады. Соларға айтып бірдеңе жаздырып, әйтеуір әлеуметтік желіден көрінуге тырысты.
Мемлекет басшысы өз Жолдауында: «Халық үніне құлақ асатын мемлекеттің» басты қағидаты – мемлекеттік аппарат азаматтар мүддесі үшін жұмыс істеуге тиіс. Бұл бірінші кезекте жергілікті билікке қарата айтылып отыр.
Тұрғындармен тікелей қарым-қатынас жасап, олардың проблемаларын шұғыл шешумен дәл осы әкімдіктер айналысады. Бірақ әрдайым осылай болып жатқан жоқ. Жоғары басшылықтың өңірлерде қабылданған шешімдерді түзетуіне, тіпті кейде солардың орнына шешім қабылдауына тура келеді.
Түрлі деңгейдегі әкімдердің батыл әрі дербес қадам жасауға қабілеті жетпей жатады. Олар орталыққа жалтақтап жұмыс істейді. Бұл, негізінен, әкімдердің халық алдындағы қазіргі жауаптылық деңгейі жеткіліксіздігіне байланысты екенін мойындаған жөн. Олардың қызметіне баға бергенде өңір тұрғындарының пікірі ескеріле бермейді. Сондықтан барлық деңгейдегі әкімдердің жұмысын бағалау тәсілін оңтайландыру керек», деп қадап айтты.
Ал қазіргі жағдай қалай? Көп әкім басқа әлемде жүргендей. Кейбірі тіпті ауыл-аймақпен, халықпен мүлде араласпайды. Әр тұста ашуланған, ашынған жұртшылық көшеге шығып, «белшеден батпаққа батып отырмыз, оқушыларымыз мектепке бара алмайды, сабақ басталып кеткенде ғана мектепте жөндеу жұмыстары жаңа басталады, жолдың сиқы болса мынау, апталап, айлап, жарықсыз күнелтудеміз, құбыр тартылғанымен, су жоқ, балаларымыз мына індет өршіген заманда компьютерсіз, интернетсіз қалай оқиды?» деп наразылықтарын білдіріп жатады. Міне, күз келді. Бірқатар өңірде егістік алқаптарына су жетпей, бәрі құрғап, қурап кетті. Батыс өңірлерде құрғақшылықтан жемшөп болмай, мал өлімі көбейгені мәлім. Ағын суды саудаға салғандар білгендерін істеуде. Мысалы, Сарыағаш ауданында жүздеген шаруа қожалығының көкөністері, бау-бақша өнімдері су болмай күйіп кеткен. Қолдағы мал жайылым жоқтықтан ыңыршағы шығып, қорада қамаулы тұр. Жамбыл облысында бір пысықай 80 гектар жерді айналдыра қоршап, терең арық қаздырып тастаған. Оған елдің малы құлап өліп жатыр. Ал кәсіпкерсымақтар суды, жерді әлдеқашан жекешелендіріп алған. Ешкімді жолатпайды. Ауыл жұрты жер үшін жаға жыртысуда. Енді бір жерде – Алматының іргесінде тағы бір пысықай ауыл халқына тиесілі электр трансформаторын заңсыз иеленіп, жекешелендіріп алған. Тұрғындар жиі жарықсыз қалады. Маңайдағы су мұнарасы да соның иелігінде. Соның кесірінен жұрт суға жарымай, қымбат бағаға сатып алуға мәжбүр. Сол маңайда алдымен көзге түсетіндер – бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері. Ал ауылдың, ауданның басшылары, тиісті саланың мамандары мүлдем көрінбейді. Жергілікті билік өкілдері болса, шарасыз. Нарық заңы бойынша, жекешенің мүлкіне құзыреті жүрмейді. Осылайша, билік пен халық арасы алшақтай түскен. Осының бәрі түптеп келгенде, «жабайы жекешелендірудің» теріс салдары. Әйтеуір, соңы жақсы болсын. Жолдауда берілген Президент тапсырмасынан соң осындай өзекті мәселелер түйіні оң шешілер деп үміттенеміз.
Жалпы, кез келген билік өкіліне халықпен кері байланыс жасау өте қажет. Әрбір мемлекеттік қызметші әлеуметтік желі арқылы жағдайды біліп, жұртпен тығыз қарым-қатынас орнатуға тиіс. Түйткілді мәселені күнбе-күн анықтап, дер кезінде шара қолданып, жағдайды асқындырмай шешіп отырса, қанеки. Жұртшылық арасында биліктен түңілген, сеніміне селкеу түскен адамдар баршылық. Қоғам пікіріне әкімдер құлақ аспайды деген сөз желдей еседі. Міне, осыған орай Мемлекет басшысы: «Үкімет пен әкімдер Өңірлерді дамыту жоспарларын бекітілген жалпыұлттық міндеттерге сәйкес жаңартуы қажет», деп қадай айтты өз Жолдауында.
Қазір – интернет заманы, демек жұртшылықпен онлайн арқылы да байланысып, «Әкім сағатын» өткізуге мүмкіндік бар. Бұл ретте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының өзі үлгі бола білді. Әлеуметтік желіде белсенділік танытып, тіпті қат-қабат шаруадан босай қалған түннің бір уағында кейбір мәселеге өз пікірін білдіріп, ойын жазып, тапсырма беріп жатады.
Өңірлердегі жолдар сапасыз, өндіріс тұралап қалған, ауыл шаруашылығында мәселе көп. Тоқыма өндірісі отыз жылға артта қалды, соның салдарынан киім қымбаттады. Өнімнің көбі – шетелдің бұйымдары. Озық, жаңа технологиялар қайда? Соған лайық жаңа өндіріс салалары неге енгізілмейді? Неге осыған талап пен бақылау жоқ? Жолдаудан кейін серпілетін, тапсырманы орындайтын кез туды.
Мемлекеттік тапсырыспен әр жерде салынып жатқан көпқабатты үйлердің сапасы сын көтермейді. Тендерді «жеңіп алғандар» сапасыз, тым арзан құрылыс материалдарынан үй тұрғызып, ол көп кешікпей қақырап, шатыры ұшып, қабырғасы сөгіліп жатқаны. Жылдар бойы тұрғын үй зардабын шеккендердің өзі қазір ондай үйлерді алуға аса құштар емес.
Өндіріс дамымаған соң өнім шығаратын, халықты азық-түлікпен қамтамасыз ететін кәсіпорындар жоқтың қасы. Соның салдарынан балалар жаппай шетелден жеткізілген, неден жасалғаны белгісіз, күмәнді ас-су ішіп, кейбірінің шаштары ағарып, сәби күнінен бастап шаштары түсіп жатқан жағдайларды телеарналардан көріп жүрміз.
Ендігі жерде ірі қалаларға халықты тоғыта бермей, ауылды дамыту, өркендету – аса өзекті мәселе. Өйткені ірі қалаларда кептеліс жиілеп, тұрғындарға пәтер, балабақша, мектеп, су, газ, қоғамдық көлік жетіспейді.
Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекет басшылығына келгелі ел басынан ауыр сынақтар өтті: Арыс оқиғасы, Қордайдағы қақтығыс, көрші елдің Сардоба су қоймасындағы апат, пандемия. Күні кеше ғана болған Жамбылдағы жарылыс қаншама адамның өмірін қиып, елді дүрліктірді. Бір көңіл жұбатарлығы – Президентіміз батыл бастамаларды қолға алғандығы. Халықаралық аренада беделді, білімді де білікті басшының соны шешімдері көпшіліктің қолдауына ие болып отыр. Мықты билік, беделді Парламент қалыптастыру, халықпен санасып, тығыз байланыс орната отырып, елді дамыту – Мемлекет басшысының алға қойған басты мақсаты.
Біз Президентіміздің Жолдауына үңіліп, алдағы уақытта елдегі барлық өзгерістің басында саясат тұрғанын түсіндік. Саяси өзгерістердің негізінде экономикалық реформалар жасалатынын ұғындық. Тек саяси белсенділігі жоғары қоғам, көзі ашық, өз құқығын ешкімге таптатпайтын азаматтар еліміздің экономикалық, әлеуметтік тұрақты дамуына кепілдік береді.
Өкінішке қарай, халықтың ішінде де бәріне мемлекет кінәлі деп, қол қусырып отыра беретіндер көп. Жұрттың өз тарапынан белсенділік төмен.
Экономикалық өзгерістер саяси жаңарумен қатар жүруге тиіс. Мемлекет басшысының саяси бастамаларына қолдау көрсетіп, елімізде саяси жаңару үрдістеріне күмәнданбауымыз керек. Жолдауда Президент осыған баса назар аударды.
Елдің әлеуметтік жағдайын жақсарту, ауылды дамыту, жұмыспен қамту, тұралап қалған өндіріске жан бітіру, жалақыны өсіру – міне, осылар халықтың көкейінен шығуға тиіс. Мемлекет басшысы білім, ғылым саласы қызметкерлерінің еңбекақысын өсіруді қадап айтты. Алдағы уақытта ғылымға бюджеттің 1 пайызын бөлуді тапсырды. Бұл осы сала қызметкерлерінің көңілінен шықты, әрине.
Елімізде енді халық пен билік арасы алшақтамай, керісінше, барынша жақындай түсуі керек. Биліктің негізгі міндеті халыққа қызмет ету екені белгілі. Жұртшылықтың ұсыныс-тілегіне жоғары жақ құлақ түріп, көңіл бөлуге тиіс. Қарапайым адамдардың проблемасына баса назар аударылғанда ғана жұрт тарапынан наразылық болмайды. Соңғы кезде кейбіреулер адамдарды жаппай шеруге шығуға шақырып, әртүрлі ұран айтып, жұртшылықты адастырып, арандатуға тырысып жүр. Алайда мұндай қадамдардан пайда көрген ешбір ел жоқ. Соның кесірінен жүздеген мың адам қырылып, алапат қантөгіс болғанын тарихтан да білеміз.
Қазір қоғам өте тез даму үстінде. Мәселе көтерген әрбір ақпаратқа жедел де нақты, сауатты, ұғынықты дәлелмен жұртшылықты сендіре отырып, жауап қайтару қажет. Ел ішінде түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, кез келген түйінді мәселені оң шешу жолдарын қарастыру керек. Сонда ғана халық пен биліктің арасында алшақтық болмайды. Президент Жолдауында алға қойылған нақты міндеттер бұлжытпай орындалып, егемендігінің отыз жылдығына қадам басқан тәуелсіз Қазақстанымыз өркендей берсін!
Саясат БЕЙІСБАЙ,
Философия, саясаттану және дінтану институтының бөлім жетекшісі