• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Өнер 22 Қыркүйек, 2021

Қоңыр әуен

517 рет
көрсетілді

Кейінгі кездері ұлттық бейнелеу өнерімізді биікке көтерген талантты тұлғаларымыздың туындыларына зер сала жүріп, олардың шығармашылығы әлемдегі атақты қылқалам ше­берлерінен мысқалдай кем еместігіне көзіміз жеткендей болды. Сондай көрнекті суретшінің бірі, Ш.Уәлиханов атындағы Мемлекеттік сый­лық­тың лауреаты, Қазақ­стан­ның еңбек сіңірген қай­раткері − Үкі Әжиев.

Табиғаты көркем Алатаудың ете­гіндегі алақандай Қарабұлақ деген ауыл­да туған талапты жас бала күнінен Қазақстан Суретшілер одағының жанындағы суретшілер үйірмесіне қатысып, бейнелеу өнерінің қыр-сырын меңгереді. Әсіресе, қылқалам шеберінің шығармашылығында акварель жанры ерекше орын алады. Акварель дегеніміз де кескіндеменің көркем бір түрі, ондағы бояулардың ерекшелігі – бұлақ суындай мөлдір­лігі. Мұнда ақ бояу мүлде қолда­ныл­майды, оны ақ қағаздың өзі ауыс­тырады. Акварель бояулары қол­дануға қарапайым болғанымен, тех­ника­сы – мейлінше күрделі. Айта кетейік, акварель бояуын И.Репин, Т.Шев­ченко секілді саңлақтар өз жұмыс­тарында кеңірек пайдаланса, қазақ суретшілері арасында Ә.Қас­теев пен А.Ғалымбаева шебер қолданған. Ал біздің кейіпкеріміз осы жанрды биік­ке көтеріп, үлкен мектеп қалып­тастырды.

Мәселен, «Қаладағы қыс», «Жай­лаудағы таң», «Іле», «Жайлау» атты акварельмен салған картиналарында табиғаттың көркем келбетін ақ кенепке дәлме-дәл түсірген. Мұндағы табиғат пен адамның нәзік байланысын шынайы сабақтастыра білген автордың қиялы мен шебер­лігіне тәнті боласыз.

Осы орайда белгілі әдебиет сыншысы Сайлаубек Жұмабек ағамыз ертеректе талантты тұлға туралы жазған мақаласында: «Суретшінің күрмеуі қиын, көп өнерпазға оңай­лықпен құрық салдырмас, ал салдыра қалған күнде де бас біліп, тіз­гін ұстай қоюы әрі екіталай, әрі не­ғай­біл, таулы жердің құбылмалы ауа­сындай аумалы-төкпелі мінезді аква­рель саласында Үкі ағамыздың еліміздегі белгілі шеберлердің бі­рі­­­нен саналатындығы кім-кімді бол­­сын қызықтырмай, мақтаныш сезім тудырмай қоймайды...» деп тол­ғаныпты.

Үкі Әжиев шығармашылығы адамды шынайылығымен ғана емес, сан қырлылығымен де баурап әкетеді. Ол бейнелеу өнерінің әр жанрына еркін барып, тұғырлы туындылар қалдырды. Айталық, «М.Әуезов», «Ә.Қас­теев», «Студент қыз», «Авто­портрет» секілді жұмыстары портрет жанрының үздік үлгілеріне жатады. Мұнда автор кейіпкердің бейнесі арқылы ішкі жан әлемін айқара ашып көрсеткен. Сондай-ақ суретшінің «Ана ойлары», «Қазақ мадоннасы», «Әйелдің портреті» секілді картиналарындағы қазақ аналарының бойындағы ерік-жігерге толы рух пен әсемдікке сүйсініп қарайсыз.

Көрнекті қылқалам шебері пейзаж жанрына да қамшы салдырмайды. Мысалы, осы жанрдағы «Ассы жайлауы», «Хан-Тәңір бөктерінде», «Биік таулы жайлау», «Тау іші», «Тау­дағы ерте көктем», «Көлсай», «Ші­лік алқабы» атты туындыларында туған жердің ғажайып табиғаты сол мөлдіреген қалпында түсе қалған.

Үкі ағамыз көзі тірісінде біраз шет мемлекеттерге сапарлап, сонда тұратын халықтың болмысы, дүние­танымы, табиғаты жайында бірнеше топтаманы өмірге әкелді. Осы тарапта автордың Жапония, Моңғолия, Нигерия және Югославияға барған­дағы қылқаламынан туған картиналарынан сол елдің тұрмысы мен адамдарының болмысымен жақын таныс боласыз.

Сонымен қатар суретшінің «Бұ­хара», «Самарқан» серияларына енген «Шайханада», «Хиуа көшесі», «Хау 1968 жыл» деген жұмыстарында шығыс халықтары мен қалаларының тіршілігін бояу түсімен көркем жеткізеді.

Ұлттық бейнелеу өнеріміздің дамуына зор үлес қосқан талантты тұлғаның туындылары, бүгінде елі­мізде ғана емес, АҚШ, Франция, Ита­лия, Германия, АҚШ, Швейцария, Ре­сей, Оңтүстік Корея елдерінің әйгілі өнер мұражайларында сақталған.

Сыршыл сурет­шінің шығармашы­лығынан ұлттық бояудың иісі аңқып тұрады, содан болар оны басқа қыл­қалам шеберімен салыстыра алмай­сыз. Өйткені оның туындыларын көргенде қазақы қоңыр әуен естіл­гендей күй кешесіз.